16 Желтоқсан, 2016

Азаттықтың алтын арқауы

306 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
arkan-7Шамасынан тыс күш түсе қалса, қыл бұрау арқаныңның өзі біртіндеп бырт-бырт үзіле бастайды емес пе?! Қазақтың тәуелсіздік туралы үкілі үміті де үзі-ле-й-ін-де-еп ба-рып, құдай қолдап, жалғасын тапты. Құдайға қараған жұрт еді, тілегін берді. Әйтпесе, өз жерінде азшылыққа айналып, іргелі елдің арасына сіңісіп кете­тіндей-ақ халге жеткен еді. Төл республикасында ұзын-саны қырық пайызға жетер-жетпес жағдайдағы халықтың азаттық ту­ралы арманы көмескіленіп, ана тілінің тағдыры да апатты ахуалға, тығырыққа барып тірелген-ді. Қара­шаңырақтағы халықтың жайы осындай болғанда, төрткүл дүниеге тарыдай шашылған алаш баласының болашағы бұлыңғыр-тұғын... «Мың өліп, мың тірілген ха­лық». Жұбан ақынның осы сөзі алаш жұртының дәл сипат­тама­сы тәрізді. Шынында да, бүгінде әлемнің тоғызыншы терри­тория­сы саналатын аумақта, қазақ атау­лының қарашаңырағында қандай зобалаң болмады десеңші?! Әрі­сіне бар­май-ақ, берідегі төрт ға­сыр­­дың бедеріндегіні, «Ақтабан шұ­бырынды, Алқа көл сұламадан» бас­тап осыдан отыз жыл бұрынғы Желтоқсан көтерілісіне дейінгі аралықтағы оқиғаларды саралайтын болсаң, тұла бойыңды түршіктіреді. Азат­тық жолының осыншама азапты болғанын мойындайсың... Мойындайсың да, шүкіршілік етесің. Тәубеңе келесің. Өйткені, төрткүл дүниеде саны 11 миллион­ды дөңгелектейтін халық аз ба тәйірі. Солардың барлығы қара­шаңырағына қожайын болып, мұржасынан түтіні түзу шығып жатыр ма? Саны жағынан бізді әл­денеше орап алатын ұлттар ғасыр­лар бойы азаттықты аңсап келе жатқан жоқ па? Кез келген саны аз деген ұлттың көкейінде тәуелсіздік туралы арман-аңсардың бүлкілдеп жатқаны тағы бар... Кейбір деректерге сәйкес Жер шарында 252 ел бо­латын болса, соның 195-і ғана тәуелсіз мемлекеттің санатында көрінеді. Қалған 60-қа жуығы бодандықта немесе алып мемлекеттің ішіндегі республика саналады. Соңғы­ларының мың жерден республика аталғанымен, тәуелсіздіктің сын сағатын сарыла күтумен ғұмыр кешіп келе жатқаны тағы мәлім. Ендеше, шүкіршілігіміз бекер емес. Қазақтың атам заманынан атом заманына дейінгі аралықты жалғап тұрған алтын арқау – азаттық үшін арпалысы-тұғын, тәуелсіздік үшін толассыз күресі еді. «Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылған» бабалардың рухы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге дейін жетті. Алаштың азаттық туралы ақтық арманы – алтын арқау үзіле-ей-йін деп барып қайта жалғанды-ау дейтініміз де сол. Тәңір жарылқаған жұрт едік, араға үш ғасырға жуық уақыт салып қайта тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қаншама қиындықты, тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізгенімізге қарамастан, тәуелсіздікке деген сенім шоғы әсте сөнген емес, үміт үзілген жоқ. Өткен ғасырдың басында Алаш көсемі Әлихан Бөкей­ханның «Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!» дегені де осының айғағы. Бүгінде бабалар арманын ақи­қатқа айналдырған Қазақ елі тоғызыншы территорияның бас қаласын жаһандық деңгейдегі басқосулар өтетін, бір елдің ғана емес, тұтас әлемді толғандыратын мәселелерді талқылап, шешетін іргелі ордаға айналдырды. Қазақтың байырғы шаһарларының рухани үзігін қайта жалғаған Астана қазіргі кезде қай жағынан да әлем назарын салған қала ретінде абыройы асқақтап тұр. Ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Бұрышқа тұр» деген әдемі бір өлеңіндегі сәл тентектік жасаса, әкесі бұрышқа тұрғызып қоятын бала-кейіпкердің өз тұжырымы бар: «Мен өскенде, Бұрышсыз үй тұрғызам деп келеді». Ал Ұлықбек ақын жырды төмендегіше түйіндейді: «Шіркін-ай, ата-бабамыз бақытты ғой, Бұрышы жоқ үйлерде өсіп-өнген». Әрине, бүгінде бұрышсыз үй тұрғызу мүмкін де емес. Алайда, ата-баба рухы менмұндалап тұратын үй тұрғызу дегеніңіз бөлек әңгіме. Тәуелсіз қазақ жұртының да бабалар армандаған үйді – Қазақтың қарашаңырағын биікке көтеріп, бекемдеп, керегесін керіп, бауын – алтын арқауды алдағы ұрпаққа мықты қалпында аманаттау басты парызы. Бөкейханның көсем немересі айтқандай, «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады». Азат елдің әрбір азаматының міндеті бұл. ЖУРНАЛИСТ пен СУРЕТШІ