16 Желтоқсан, 2016

Қазтест жүйесіндегі тест тапсырмаларын жетілдіру жолдары

1523 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
kaztestҚазтест Қазақстан Республикасындағы азаматтарға мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау жүйесі болып табылады. Халықаралық тәжірибелерге негізделген тілдік білімді бағалаудың отандық жүйесі Қазтест тіл үйренушінің коммуникативтік құзыреттілігін бағалауға бағытталған. Қазтест жүйесі тапсырмалары қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауда Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарына сәйкес қалыптастырылады [1-6]. Осы жүйеге негізделген тілдік білімді бағалау қазақ тілін меңгеруді 5 деңгей бойынша анықтайды: А1 – қарапайым деңгей, А2 – базалық деңгей, В1 – орта деңгей, В2 – ортадан жоғары деңгей, С1 – жоғары деңгей. Бүгінгі таңда Қазтест жүйесі бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау Тыңдалым, Оқылым, Лексика-грамматика, Жазылым бөліктері бойынша жүзеге асырылуда. Лексика-грамматикалық бөлік бойынша тест тапсырмалары «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Жалпы меңгеру» мемлекеттік стандартының талаптарына және педагогикалық өлшеу теориясына сәйкес жоғарыда аталған бес деңгей бойынша және тест ерекшелігін басшылыққа ала отырып әзірленеді. Мемлекеттік стандартта [1-6] көрсетілгендей тестіленушінің ком­муникативтік құзыреттілігі әр деңгейге сәйкес бағаланады, тест тапсырмалары да осы бағытта құрастырылады. Лексика-грам­матикалық бөлік бойынша қазақ тілінің грамматикасын тестілеу жоғарыда аталған мемлекеттік стандартқа сәйкес қарапайым деңгейде қа­зақ тілінің фонетикалық заңдылықтарын меңгеру, қарапайым лексикалық бірліктердің қолданысын игеру, олардың мағынасын түсіну, жалғаулардың және етістік шақтарының қара­пайым құрылымдар арқылы қолданысы қамтылады. Базалық деңгейде белгілі бір комму­ника­тивтік қарым-қатынасқа түсу үшін қол­данылатын құрылымдарды меңгеру, фонетикалық заңдылықтардың қолданысы, сөздердің жазылуы мен айтылуындағы айыр­машылықтар, жалғаулардың қызметі, сын-сапаны білдіретін сөздердің қызметі, сан есімдердің қолданысы, болжам мәнді құры­лымдар, шақ категориясы беріледі. Орта деңгейде тұрмыстық-әлеуметтік, қоғамдық-әлеуметтік салаларға қатысты және ресми-іскер лексика, синоним сөздер, тұрақты сөз тіркестері, сөздердің жасалу ерекшеліктері, жалғаулар қызметінің кеңеюі қамтылады. Ортадан жоғары деңгейде қоғамдық-әлеу­меттік, кәсіби салаларға қатысты лексика, тұрақты сөз тіркестерінің қолданысы, синоним, омоним сөздердің қолданысы, сын есім, сан есімдердің синтаксистік қызметі, құрмалас сөйлемдер ұсынылады. Жоғары деңгей мазмұны ұлттық мәдениет пен ұлттық танымға қатысты ұғымдарды берумен, жай сөйлем түрлерінің қолданысын білумен, сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрастырылуы, мағыналық жағынан ажыратылуымен толықтырылады. Қазақ тілінде деңгейге сәйкес лексикалық бірліктерді меңгеру, грамматикалық, синтак­систік құрылымдардың қолданысын ажырату, тестіленушінің коммуникативтік бағыттағы дағдыларын қалыптастыру –лексика-грам­матикалық бөліктің басты мақсаты болып табылады. Лексика-грамматикалық бөлік бойынша тестіленушінің тілдік білімі функционалды тұрғыдан бағаланады. Тест тапсырмалары тес­тіленушінің тілдік бірліктердің функционалды (қолданымдық) ерекшеліктерін ажырата алу дағдысын қалыптастыруға бағытталады. Тест тапсырмаларын құрастыруда тілдік бірліктердің қызметін анықтау, әр деңгейде тілдік бірліктердің жұмсалуы, олардан туындайтын мағынаны ажырату мақсат етіледі. Лексика-грамматикалық бөлік бойынша тест тапсырмаларын құрастыруда тілдік терминдер қолданылмай, тест тапсырмасын кез келген мамандық иесі түсіне алатындай, мәнмәтінге қарай, лексикалық-грамматикалық құрылымдардың тіркесуіне қарай, дұрыс жауап­ты таңдай алатындай етіп беріледі. Мәселен, шақ категориясын тестілеуде Орындалған әрекетті табыңыз; Бұрын орындалған әрекетті білдіретін сөйлемді табыңыз; Сөйлемдегі әрекеттің өту уақытын көрсетіңіз деген тапсырмалар беріледі. Рай категориясын тестілеуде қазақ ті­ліндегі адамның қалауын, тілегін білдіру үшін қолданылатын грамматикалық фор­ма­­лардың қолданысын меңгеру, олар­дың грамматикалық мағынасын түсіну да­ғ­ды­­ларын қалыптастырып, бағалау үшін Қалау мәнді білдіретін сөйлемді көрсетіңіз сияқ­ты тапсырмалар беріледі. Заттың реті көрсетілген сөйлемді табыңыз тапсырмасы тестіленушінің реттік сан есімді білуін, оның тілдегі қолданысын ажырата алу дағдысын қалыптастырады және оның білімін бағалауға мүмкіндік береді. Бағытты білдіретін сөзбен келген сөйлемді табыңыз тапсырмасы барыс септігін, қазақ тіліндегі бағытты білдіру құрылымдарының қолданылу ерекшеліктерін түсіну дағдысын қалыптастырады және оны түсініп, қолданылуын қаншалықты дәрежеде білетіндігін бағалайды. Мұндай тапсырмалар тілдік бірліктерді, грам­матикалық тұл­ғаларды мағынасына қарай ажырата алу, олардың қолданылу ерек­шеліктерін түсі­ніп, тапсырмадан анықтай алу, сөздердің се­мантикалық қолданысын түсіну дағдыларын қалыптастырады. Тест тапсырмалары мағы­налық жағынан анық болып, онда жартылай түсініксіз, сирек қолданылатын, диалект сөздердің болмағаны абзал, әрине бұл талап­тардың орындалуы Қазтест тарапынан қатаң түрде бақыланып отырады. Лексика-грамматикалық бөлік тапсырмалары тіл үйренушінің тілдік білімін функционалды және коммуникативтік тұрғыда бағалауға арналған. Мысалы, тестіленушінің лексикалық қорын анықтау, синоним сөздерді ажырата алу дағдысын қалыптастыру мақсатында Мағынасы жақын сөздерді табыңыз.
  1. A) демалыс – үзіліс
  2. B) мереке – мейрам
С) туған күн – қонақ
  1. D) бос уақыт – жұмыс (Қарапайым деңгей) тапсырмасы беріледі. Мұнда дистракторларға мағыналық жағынан бір ұғымға жақындау, яғни демалыс, мейрамға қатысты болып келетін сөздер алынады. Тестіленуші соның ішінен синоним сөздерді табу керек. Тапсырма құрамында ешқандай лингвистикалық термин сөздер қолданылмаған.
«Тест тапсырмаларын құру – шығар­машылық композицияның нәтижесі, форма мен мазмұнның шебер бірігуі» [7, 143] болғандықтан, тапсырма сапасын жетілдіру мақсатында белгілі талаптардың қойылуы заңды. «Тест үлгісіндегі тапсырмалар педа­гогикалық құрал ретінде анықталып, тө­мендегі талаптар бойынша: мақсаттылығы, ықшамдылығы, технологиялық бейімділігі, берілген тапсырма элементтерінің дұрыс орналасуы, барлық тіл үйренушілерге бір үлгідегі тапсырмалардың берілуі, тапсырма мазмұны мен қалыбына пара-пар болуы тиіс» [8, 102] деген зерттеушілердің осындай пікірлерін тест тапсырмаларын құру барысында басшылыққа алған жөн. Тапсырманы түрлендіре отырып беру аса маңызды шарттардың бірі. Жалпы тілдік білімді бағалау үшін құрастырылатын тест тапсырмаларында, қандай тіл болсын, Көп нүктенің орнына қойылатын сөзді табыңыз, сөйлемді толықтырыңыз тапсырмалары жиі қолданылады. Бұл тест тапсырмасын құрастырушыға жеңіл жұмыс болуы ықтимал, ал тест тапсырушы үшін кейде өте қиын, кейде өте жеңіл, оңай орындалатын тапсырма болуы мүмкін, кейде тіпті қандай да бір дағды қалыптастыруға дәрменсіз болып жатады. Лексика-грамматикалық бөлік бойынша тест тапсырмаларын жетілдіру мақсатында осындай тапсырмалар мүмкіндігінше қалыптастырмай, олардан арылуды мақсат еттік. Мәселен, етістіктің жедел өткен шақ формасын қолдана білу дағдысын бағалау үшін Сөйлемді толықтырыңыз. Мен оның досымен ...
  1. A) танысы
  2. B) танысқа
С) танысып
  1. D) таныстым деген тапсырманың орнына (Қарапайым деңгей)
  Орындалған іс-әрекетті белгілеңіз.
  1. A) Нұрлан шаңғы спортын ұнатады.
  2. B) Шаңғы жарысын көріп отырмыз.
С) Біз шаңғы тарихы туралы тыңдадық.
  1. D) Елімізде шаңғымен сырғанаудан жарыс өтеді (Қарапайым деңгей) тапсырмасын берген жөн. Бірінші тапсырмада дистракторлар бір түбірден жасалып, қайталанып отырады, дистракторлардың қайталана беруі оларды әлсіретеді, яғни, тест тапсырушы бірден грамматикалық формаға ғана назар аударуы мүмкін. Екіншіден, дистракторлардың әр сөз табынан болуы тестіленушіні шатастыруға, ойды шашыратуға, тест тапсырмасы сапасының нашарлауына алып келуі ықтимал. Бұл жөнінде зерттеуші ғалымдар дистрактор берудегі бас­ты қағидаттарды атап көрсетеді: «1. Дыбыс­талуы бірдей болып келетін дистракторларды қолданбаңыз; 2. Тестіленушілерді шатастыратын даулы сөздер қолданбаңыз; 3. Мағыналары жақын бір категориядағы сөзді араластырмаңыз» деген нұсқаулар беріп, олардың тест тапсырмаларын құрастырудағы кедергілерін мысалдар арқылы дәлелдейді [7, 73]. Тестіленушілердің тест тапсыруы барысында көрген тәжірибемізге сүйенсек, тест тапсырмасына берілген сөйлемнің аяқталмаған болуы, дистракторлардың әр сөз табынан болып немесе қайталанып, кейде ерекше бірден көзге түсіп тұруы Лексика-грамматикалық бөлік бойынша тест тапсырмаларын сапалы қалыптастыруға кері әсерін тигізуде. Сон­дықтан мұндай олқылықтарға жол бермеу мақ­сатында әзірлемешілерге бірнеше қатаң талаптар қойылады.
Екінші тапсырмада етістіктің бірнеше формаларын қолдана отырып деңгейге сәйкес, лексикалық минимум шеңберінде сөйлемдер берілген. Мұндағы екінші тапсырма нақты, ықшам, қарапайым деңгей бойынша тест тапсырушыға түсінікті болатындай етіп бе­рілген және жалпы тақырып шаңғы спортына қатысты. Мұнымен қатар әзірлемешілерден тек ауызекі тілде қолданылатын, күнделікті қарым-қатынас деңгейіндегі қарапайым сөйлемдер ғана емес, қазақ халқының мәдениеті, өнері, тарихына қатысты танымдық-ақпараттық мазмұндағы сөйлемдерді қолдану да талап етіледі. Лексика-грамматикалық бөлік бойынша тест тапсырмаларын қалыптастыруда тест тапсырмаларының мазмұны да аса маңызды рөл атқарады. Мысалы, төмендегі тапсырма ілік септігінің қызметін ажырата алу, түсіну дағдысын қалыптастыру, қазақ тіліндегі меншік иесін білдіруді түсінетіндігін анықтау мақсатында берілсе, тағы бір ұтымды жағы – мазмұны. Онда қазақтың белгілі ақын-сазгері Біржан сал туралы қысқаша ақпарат бар және оның ұлы ақынымыз Абаймен кездескені жайлы да айтылып өтеді: Меншік иесі көрсетілген сөйлемді табыңыз.
  1. A) Ақынның өлеңдері баспаға берілді.
В) 1865 жылы Біржан Абаймен кездескен. С) Біржан сал талантты ақын, сазгер болған.
  1. D) Ол жастайынан ән салып, айтысқа қатысқан (Базалық деңгей). Осы мәндес тапсырмаларды орындай отырып, тест тапсырушы қазақ тілі бойынша лексика-грамматикалық білімін бағалап қана қоймай, осындай бай да көркем тіл иелерінің жетістіктерін, ерек­шеліктерін, дүниетанымын көз алдынан бір өткізеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тапсырмалардағы сөйлемдер нақты, ақпараты бар және ол ақпараттар елімізге қатысты, позитивті мазмұнда болғаны жөн. Орта, ортадан жоғары, жоғары деңгейлерде мақал-мәтелдерді, ақын-жазушылардың өлеңдерінен үзінділерді, нақыл сөздерді мысалға алу көзделеді. Олар деңгейге сәйкес іріктеліп, позитивті, тәрбиелік-танымдық мазмұнда болуы қажет. Дистракторлар сөйлемдермен берілген уақытта өзара мазмұндас болса, тест тапсырушының ұғынуына, ойын толық жинақ­тауына мүмкіндік тудырады.
Лексика-грамматикалық бөлік бойынша тест тапсырмаларын қалыптастыруда, олардың сапасын жетілдіруде тағы бір ескеретін нәрсе – кейбір грамматикалық формалардың тест тапсырмасын құрастыруда қиындық тудыруы. Мәселен, сұраулық шылаулар күнделікті қарым-қатынас барысында өте белсенді қолданылады, сондықтан да қарапайым деңгейде оның қолданылуын бағалау мақсатында тест тапсырмаларын беру маңызды, мысалы: Сөйлемді аяқтаңыз. Алуа, бүгін театрға барасың ...?
  1. A) бе
  2. B) па
С) ба
  1. D) ма (Базалық деңгей) тапсырмадағы ал­дыңғы екі дистрактор мүлде әлсіз, тест тап­сырушы алдыңғы барасың сөзі жуан екендігіне қарап және па қатаң дыбысқа баста-латындықтан, ойланбай-ақ, бірден келесі дис­тракторға көшеді, ал төмендегі тапсырма етістіктің болымсыз формасынан ажыратуға негізделеді, мұнда бөлек жазылғандықтан дұрыс жауабы бірден көзге түсіп тұр, яғни, әлі де болса ойлануымыз қажет:
Сұраулы сөйлемді табыңыз.
  1. A) Кешкі асқа сорпа әзірлеме
  2. B) Қымызды бұл ыдысқа құйма
С) Шұбатты ыстық жерге қойма
  1. D) Бұл дүкенде шұбат сатыла ма ( Базалық деңгей)
Осы форманы беруде ойлануға мүмкіндік жасайтын, әрі дұрыс жауап бірден көзге түспейтіндей етіп берілген тапсырма ретінде жоға­рыдағы тапсырманы айтуға болады, дегенмен, оның қаншалықты дағды қалыптас­тыра­тындығын тестілеу барысында тәжірибе көр­сетеді: Сұрақ қойған кезде пайдаланылатын сөзді көрсетіңіз.
  1. A) бе
  2. B) әрі
С) бен
  1. D) тағы( Базалық деңгей)
Осылайша тестілеуде көптеген шығарма­шылықты, тиімді әдістерді қолдануды талап ететін грамматикалық формалар кездеседі. Мұн­дай жағдайда тест тапсырмаларының практикалық құндылығын арттыратындай нұсқаларды ойластыру қажет болады. Лексика-грамматикалық бөлік бойынша тест тасырмаларының ұтымды болуы – оның деңгейге сәйкестігі, сол беріліп отырған деңгейге лайық лексикалық минимумды қамтуы болып табылады. Тапсырмалар жинақы, жеңіл­ден күрделіге қарай өту қағидатын басшылыққа ала отырып құрылуы тиіс. Жоғары деңгейде құрмалас сөйлемдер бойынша тест тапсырмаларын құруда сөйлемдердің деңгейге сәйкес болуы талап етіледі, дегенмен, кейде дистракторларда шұбалаңқы, екі-үш жолдан тұратын сөйлемнің берілуі біріншіден, тест тапсырмасының қалыбын бұзса, екіншіден, тестіленуші берілген уақыт ішінде дұрыс жауапты анықтау тұрсын, тапсырманы оқып үлгермеуі де мүмкін. Бұл жөнінде Н.П.Андрю­шина «... использование чрезмерно боль­ших тестов будет экономический невыгодным. ... при разработке тестов следует учитывать как ми­нимум три фактора: психо-физические воз­можности тестируемых, приемлемый уро­вень экономичности, достаточную сте­пень точности измерения» [9, 13] дей келе, мұнда тілдік материалдың өте ұқыпты түрде сұрыпталу қажеттігін айтады. Тест тапсыр­маларын құру барысында зерттеуші ғалым- д­ар­­дың пікірлеріне сүйену де тапсырмаларды жетілдірудің бір бағыты болып саналады. Тест тапсырмаларының сапалы, ықшам, деңгейге сай болып құрылуы үшін тілдік материалдарды екшеп, сұрыптап алу өте маңызды. Қазтест азаматтардың қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын еліміздегі бірден-бір біріздендірілген жүйе, сондықтан ондағы тапсырмалардың талапқа сай, мінсіз болуы ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс. ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК