16 Желтоқсан, 2016

Жаңа парламентаризм жолында

193 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
omirbek-baygeldi1996 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Республикасының бірінші шақырылған Парламентінің І сессиясы ашылды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып, еліміздегі тұңғыш қос палаталы кәсіби Парламенттің алдында тұрған маңызды міндеттерді белгілеп берді. Бұл сәт Қазақстан парламентаризмінің тарихы жаңа сипатпен, жаңа дәстүрмен жалғасқан күн ретінде тарихымызда таңбаланды. Бұл күн мен үшін де ерекше тарихи сәт болды. Елбасының ұсынысымен Сенат депутаттары мені бірауыздан Сенат Төрағасы етіп сайлады. Бұл өте жауапты міндет еді. Ел тарихында бұрын қос палаталы Парламент те, Сенат та болған жоқ. Тыңнан түрен сал­ғанда қателіксіз болмайтыны анық, ал бірақ бізге қателесуге бол­май­тын еді. Сондықтан, маған жүк­тел­ген міндет – тәуелсіз еліміздің Парламентінің жұмысын талапқа сай жүргізу болды. Парламенттің І сессиясының ашылуында Елбасы бірінші кезек­те Сенаттың да, Мәжілістің де регламенттерін қабылдауды ұсын­­ған болатын. Палаталардың рег­­ламенттері қабылданғаннан кейін ұйымдастыру мәселелері шешілді. Сөйтіп, біз заң жобалары­мен жұмыс үдерістері белгіленіп, тиянақталғаннан кейін негізгі заң шығару жұмыстарын бастап кеттік. Осы арада Сенаттың талқы­лауы­на алғаш түскен заңдар тұр­ғы­сында айта кетейін. Сол кезде біз «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Мемлекеттік емес ерікті зейнетақы қорлары туралы», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», сондай-ақ, «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» заңдарды талқыладық. Шыны керек, сол кездері заң жобалары Мәжілісте қызу пікір­сайыс­тарға арқау болып, демокра­тия­ның бар болмысы жан-жақты көрініс тауып жатты. Осы арада Сенат пен Мәжілістің ортақ мүд­дені ойлап, өзара түсіністікпен жұмыс істей білгенін ерекше атап өткім келеді. Сенаттың тежеме­лік тұрғысында тепе-теңдікті сақ­тау­дағы рөлі ойдағыдай жүзе­ге асы­рыл­ды. Қос палаталы Пар­ла­­мент болғаннан кейін біздер Үкі­мет­пен, құқық қорғау орган­дары­­мен, басқа да салалармен тіл табы­са жұмыс істеу мәселесіне баса назар аудардық. Әсіресе, екі па­ла­та­ның ынтымақтаса жұмыс іс­теуі­не ерекше мән бердік. Негі­зін­­де өзара дауласудан ешкім еш­теңе ұтпайтынын терең түсіндік. Өйт­­кені, бір-бірімізбен айтысып ж­ү­ріп, жағдайды шиеленістіріп, кей­­бір елдердегідей тым тереңге ке­тіп қалуымыз мүмкін еді. Оның сал­д­ары­ның қалай болатынын ұғындық. Біздер ынтымақтаса нәтижелі жұмыс істеуден басқаға көңіл аудар­­мағандықтан, екі палатаның орта­сында ешқандай келіспеу­ші­лік болған жоқ. Үкіметпен де жағым­сыз әңгімеге бармадық. Біз бұдан кейбір мәселелерде ұтылған да шы­ғармыз. Бірақ, негізінен біз бір­лік­ті, тыныштықты сақтап қал­дық. Ал Кеңес Одағы құра­мы­нан шыққан кейбір елдерде осындай түсіністікпен іс жүргізу болмағандықтан, өз жағдайларын ауырлатып алды. Тіпті, көп жыл азаматтық соғысқа тап келгені де болды. Өздерінше демократияны біз бастап орнатып жатырмыз деген бір үлкен көрші ел кейін­нен біздің тәжірибемізге жүгін­ді. Содан кейін барып олардың жағдайы оңалды. Қазір байыппен қарасақ, сол кездегі біздің бағытымыз дұрыс болған екен. Ешбір шатаққа жол бермедік. Бір-бірімізді сыйлап, құрметтей білдік. Өте мәдениетті жұмыс ұйымдастырдық. Үлкен жанжалдар кішкентай келіспеу­шіліктен туындап жататынын барынша түсіндік. Рас, сындар да айтылды. Дұрыс сынға құлақ түрдік, бұрысына мән бермедік. Біз­дің үлкен жетістігіміз сол болды. Біз қандай жетістік болса да, оны бәріміз бірге қол жеткізген табы­сымыз деп сөйледік. Міне, осын­дай тәсілдер біздерді оң бағыт­қа бастады. Ол өз кезегінде тыныш­тық­тың сақталуына зор ықпалын ти­гізді. Бүгінгі халыққа біз осы еңбе­гімізбен мақтана аламыз. Біздің бір-бірімізбен дауласып, жанжалдасып жатқанымызды қалаған адамдар да болды. Олар ішкі кеңестеріміз бен талқы­лау­ларымыздың барысынан хабарсыз бол­ғандықтан, «бұлар өзара пікір­таласқа бармай, мәселені қызу талқыламай, тек бас шұлғып, заң­дарды оңды-солды қабылдай береді» деген мазмұндағы пікірге иек артып, бізді сынап жүрді. «Мейлі, сынай берсін, ол да керек шығар» деп ойлап, жұмы­сымызды жалғастыра бердік. Шын мәнінде сыртқа көрін­беген, өзімізге мәлім ауыр жұмыс­тар атқарылды. Қызу талқылау­лар, ортақ іс үшін болып тұратын шие­леністі пікірталастар жұ­мы­сы­мыздың ішкі қазанында қайнап жататын. Мәселен, Қылмыстық кодексті қабылдау қарсаңында өте ауқымды жұмыс жүргені есімде. Сенат Кодекске 800 өзгеріс енгізді. Оның әрқайсысының дұрыс не бұрыстығын дәлелдеу қажет екені белгілі. Ал оны дайындап әкел­ген тарап та өзінің ұстанымын қыз­ғыштай қорғап бағатыны анық. Міне, осындай тайталас нәти­жесінде Кодекске 800 өзгеріс енгі­зілді. Оны ұсынған жақ біздің ен­гізген өзгерістерімізбен келісті. Бұл бір ғана заңның төңірегіндегі әңгіме. Ал осындай қаншама заң қабылданғанын ойлап көріңіз. Осының өзі-ақ жұмысымыздың қандай деңгейде қарбаласты болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, әлгі бізді сынаушыларға лайықты жауап бола алады. Сонымен қатар, парламентара­лық ынтымақтастықты нығайтуға да баса назар аударылды. Халық­аралық қатынастар өрістеді. Бірде Сауд Арабиясына барған сапарда Корольмен кездесудің сәті түсті. Сол сапардың барысында қазіргі Сенат ғимаратын салуға қажетті қар­жы мәселесі Сауд Арабиясы Королі­нің қолдауымен шешімін тапты. Міне, қос палаталы Парла­мент­тің алғашқы оң қадамдары осы­лай­ша сәтті басталды. Мұның барлығы ел абыройын асқақтату жолындағы игі істер еді. Қорыта айтқанда, Тәуелсіз­дігі­міздің 25 жылдығы құтты бол­сын! Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясаты халқымыздың игілігі үшін жалғасын таба берсін. Өмірбек БАЙГЕЛДИ, мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының алғашқы төрағасы