16 Желтоқсан, 2016

Қиындықтардан шыңдалып шықтық

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
tereshshenkoМені Тәуелсіз Қазақстанның бірінші премьер-министрі деп атай­ды. Тарихи дерек қой, Қазақ­стан Тәуелсіздік алған 1991 жыл­дың 16 желтоқсаны күні бұл қызметке тағайындалғанымда, яғни Қазақ КСР-нің премьер-министрі қыз­метін атқарып жүргеніме аттай 2 ай толған. Сондықтан да Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы күнінен бастап біз жаңа бағыт­та жұмыс істедік. Болашақ ре­фор­ма үшін заң актілері айғақта­лып, бағы­тымызды белгілеп алдық. Жасыратын несі бар, ең ауыр күн­дерге тап келдік. Халықпен бір­­ге күтпеген қиыншылықтарды ба­сы­мыздан өткердік. Олай дейтін се­бебім, біз ең алдымен бұрын-соңды кез­деспеген жойқын инфляция­ның дауы­лына ұшырадық. Бүгін айтсақ, бұған біреу сенер, біреу сенбес, 1992 жылы инфляция көрсеткіші 2000 пайыздан асып түсті. Ақшаның құны кетіп құлдырап, ең төменгі шегіне жетті. Қазақстанда, тіпті, сатып алатын да, сататын да зат тапшылығы байқалды. «Жығылған үстіне – жұдырық» дегендей, дәл осы кезде Ресей бағаны босатып жі­­бер­ді. Ал біз ол кезде рубльге тәуел­­ді едік. Ақша Ресейдің орталық банкі­­­нің қамбасында жатты. Олар қалай дегенде өз саясатын жүргізіп бақ­ты. Бір сөзбен айтқанда, ең басты проблема – ақша жетпеді, елде ги­пер­инфляция басталды. Өзіміздің төл тең­геміз дүниеге келгенше екі жыл бойында сондай қиындықтармен күресуге тура келді. Ол жайында Пре­­зидентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетіміздің жүріп өт­кен жол­дары туралы өзінің тари­хи шы­ғар­маларында жазды да. Ол жылдардағы қиындықтардың қайсыбірін талдап, екшеп ай­тып жатасың? Айтқанға ғана жеңіл. Кеңес Одағының меншігін мұралаған республикамызда аграрлық сала бо­йынша озық техника мен мал тұқы­мын асылдандыру мүлдем артта қалған тұс. Егістікке тұқым дайын­дауда да қолда барға малдандық, көрсеткіштерімізге көңіл толмады. Шындығында, бәрін де басынан бастауға тура келді. Ол – тарих. Қазіргі Қазақстанның өндірістік-шаруашылық жағдайы адам таны­мастай өзгерді. Жаңарған өн­дірістік технология 90-шы жылдары біздің түсімізге кірмеген. Ақиқатын айтар болсам, осынау өткен ширек ғасыр ішінде ең бастысы адамдар да өз­герді. Олар жердің жайын жақсы біле­ді. Бұл күндері республиканың аграр­лық шаруашылық саласында жаңа буынның өзіндік қолтаңбасы анық біліне бастады. Қазақстан соңғы жылдары өзін ауыл шаруашылығы өнімдерімен, атап айтқанда, азық-түлікпен толық­тай қамтамасыз ететін дәрежеде. Сүт те, ет те жетеді. Ұн сатуда әлемде бірін­­ші орынға шығу да біз үшін таң­сық болмай қалды. Ауыл шарушылығының тынысы маған бала кезімнен жақсы таныс. Шаруашылықта білекті түріп тастап таңды-таңға ұрып қызмет еткенім есімде. Үкіметтің бірінші басшысына дейінгі қызметте мен шаруашылықты басқару саласының барлық сатысынан өттім. Сондықтан да бүгінгі күні Тәуелсіздіктің жеңіс­тері мен жемістерін шын жүрек­тен бағалаймын. Еліміздің аграр­шы­ларын Елбасы – Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев әркезде де қолдап, мемлекет тарапынан көп көмек көр­сетіп келеді. Жекелген кәсіпкер­лер­дің қарамағындағы білікті ма­ман­дар, қуатты техникалар да көз қуантады. 1994 жылдан Халықаралық «Интеграция» қорының президенті қызметін атқардым. Қордың негізгі міндеті – жас мемлекетіміздің әлем кеңістігінде бірегей экономикалық, саяси және мәдени салада шет мемелекеттермен өзін-өзі тең дәрежеде көрсету еді. Қордағы 150 енші­лес фирманың барлығы да негізі­нен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және сату ісімен айналыс­ты. Осының өзі еліміздің аграрлық сая­саттағы ауқымды бағдарламасын таныт­са керек. Қазақстанның болашағы аса ірі аграрлық құрылымдардың қуаты мен күшінде деген менің бастапқы пікірім мен көзқарасым бүгін де өзгерген жоқ. Тәуелсіздіктің өткен 25 жылында еліміздің еңбеккер­лері оны сан рет дәлелдеп берді де. Біз жерді игеруді білеміз. Қазақта «Жері байдың – елі бай» деген халық мақалы бекер айтылмаса керек.  Сергей ТЕРЕЩЕНКО, Қазақстанның Еңбек Ері, Тәуелсіз Қазақстанның бірінші премьер-министрі (1991-1994 ж.ж.) АЛМАТЫ