16 Желтоқсан, 2016

Альберт Гор «Өте жақсы...», ал Ли Пэн «Салют!..» деп еді

227 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
arnayy-012Тілшінің қойын дәптерінен ақтарылған сыр Қып-қызыл тысы 90-шы жылдарды еріксіз еске салып тұратын тілші блокнотының шимайға толы беттерін парақтай бастағаным сол еді, өткен жылдар, кеткен күндер, соқ­қан сағаттар мен жылжыған ми­нуттар көз алдымда бейнетаспадай тар­тылып, рет-ретімен сырғи жөнелді... Ол кезде Ақорда – Алматыда. Еліміздің егемендігін мойындаған шет мемлекеттердің басшылары ел астанасына ат басын бұрып, бірінен соң бірі тоқтаусыз ағылып келіп жатты. Қойын дәптердің парақтарын аударып, шұқшиып қараған са­йын Тәуелсіз мемлекетіміздің тәй-тәй басқан алғашқы адымы, өткен жолдары небір қызығына жетелеп, қай-қайдағыны, жай-жайдағыны еске түсірді... «Ақорда. 13.ХІІ.93 – сағат 17:08... АҚШ вице-президенті Альберт Гор...». Бәрі көз алдымда – ұзын бойлы ақсары америкалық мей­ман жылы жымиып барша жур­налиске басын изеп, ишара жаса­ды. Алматыға келіп жатқан аса мәр­тебелі меймандардың ара­сын­да алғаш рет қазақша тіл қат­қан да осы Альберт Гор болатын. Тіл­маштың алдын орап «Өте жақ­сы, өте жақсы... Рахмет» деп қазақ­ша сөз бастаған АҚШ вице-прези­дентінің ілтипатын Тәуелсіз жас Қазақстанның халқына, қазақтарға, қазақ тіліне құрметі деп түсініп, жасырмаймын... төбеміз көкке екі елі жетпей жадырап қалдық. Мәртебелі мейманмен кездесу барысында екі жақты тең құ­қы­лы ынтымақтастық, іскерлік серіктес­тік, сол секілді Семей ядро­лық поли­­гонының жабылуы, бал­­лис­тика­­лық зымырандарды оқтұм­сық­­­тар­­­дан ажырату, НАТО туралы маңыз­ды мемлекеттік мәселелер қозғал­­ды. Кездесуге Президент  Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Қазақ­­­стан тара­пынан еліміздің сол кез­­дегі Үкі­мет басшысы Сергей Тере­­­щен­ко, Қорғаныс министрінің мін­детін ат­қарушы генерал-майор Әлі­бек Қасымов, Сыртқы істер ми­нистрі Төлеутай Сүлейменов қатысты. Бәрі таңсық. Мемлекет басшы­лары­ның мұндай басқосуда шам­пан құйылған бокалдарын соғыс­тыра­тынын да алғаш көрдік. Айтпақшы, Қазақ­станда дәл бүгін Альберт Гор есім­ді бірі жігіттің тұрып жатқаны ту­ра­лы білесіздер ме? Жасы 23-те. Бір қазақ мұғалімінің қандай ойға сү­йен­­генін, қандай ырымға құла­ғанын кім білсін, әйтеуір, сол жылы жаңа туған сәбиіне АҚШ-тың сол кездегі вице-президентінің аты-жөнін бір әрпін қалдырмай таңып қойыпты... Қойын дәптердің бастапқы бет­терінің бірінде 1992 жылдың 3 ақпанында Алматыда (Сейфуллин мен Виноградов көшелерінің қиы­лысында) алғаш рет АҚШ ел­ші­лігі ашылды деп жазылыпты. Ол шараның да басы-қасында жүр­дік. Салтанат басталғанда амери­калықтардың сапырылысып жүрген жерінде тоқтай қалып, орындарында тік тұрған бойда АҚШ әнұра­нын дауыстап айтқанын көріп, таңдандық. Ашық Америка деген осы екен ғой! – дедік. Ал енді Альберт Гор сапарының алдында, екі ай бұрын ғана, 1993 жылғы қазан айының 24 күні Қазақстанға Құрама Штаттардың Мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристофер келген. Елбасымен кездесті. Мемхатшы Семей полигоны мен Арал теңізі аймағын сауықтыру үшін Құрама Штаттар Сенатының қол қойған құжатымен қоса, Қазақстанға 15 миллион доллар алып келіпті... АҚШ Сенаты екі ел арасындағы инвестициял­ық жобаны ратификациялаған деген сөздерді тіліміз бұралып, қызыл блокнотқа кәдімгідей қиналып жаз­ғанымызды қалай ұмытайын! Заман, қоғам өзгеріп, тілімізге жаңа терминдер дендеп ене бастаған! Сол күні түс ауа сағат 15.00-де еліміздің Сыртқы істер ми­нистр­лігінде әлемдегі ең кіш­кентай елдің бірі Люксембургтің экономика министрі Роберт Гоббельс сұхбат беріп, Қазақстанмен ұзақ мерзімдік қарым-қатынас жасауға ынталы екендігін білдіріп жатты... Сол күннің ертесіне, яғни 1993 жылдың 25 қазаны күні сағат 12.00-де Ақордада Қазақстан Пре­­зи­­денті Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының Президенті Әлиакбар Хашеми Раф­санджанимен кездесті. Әлемдік тұлғаның Алматыға бірінші сапары. Әрі Қазақстан Президентінің шақыруымен Алматыға әдейілеп келген Иран Президентінің аузынан жүрегіңді жылытар жылы-жылы сөздер шықты. «Иран халқы мұсыл­ман, Қазақстан халқының негізін де қазақтар – мұсылман­дар құрай­ды. Сондықтан, екі ел арасын­дағы дипломатиялық қатынастарда еш­қан­дай да түсініспеушілік болуы мүм­кін емес», деген Рафсанджани мыр­за екі елдің арасында шалқып жат­қан Каспий теңізінің байлығы мен судағы және құрғақтағы көлік қаты­нас­тарының болашағы жайлы көсіле сөз сөйледі. Бәрі-бәрі қызыл блокноттың бетіне мұқият жазылыпты... Ұзақ жыл бір-біріне қырғи-қабақ тіресіп, мінез танытып ке­летін екі ел – Иран мен АҚШ бас­шыларының араға бір күн салып Алматыда Қазақстан Прези­денті­мен кезек-кезек кездесу өткізуі де әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударған, талайды ой­лан­дырған. Осылайша, астанада күн сайын қым-қуыт өтіп жат­қан халықаралық дәрежедегі екі-үш кездесу жүрегін алып-ұшқан тілшілер қауымын кәсіби тұрғыдан ширата түсті, жаңаға бейімдеді... Бұрын-соңды біздің елде өтпеген «пресс-конференция» – «баспасөз мәслихаты» деген жаңа атауды біз жатсынбадық. Телефон қоңырауы «шылдыр» етсе, айтқан жерге топырлап барып бас қоса қоюға да тез арада бой үйреттік. Қазақстан­дық журналистер ел Тәуелсіздігінің ал­­ғашқы сатысында елге жаңаша ұғы­­нықты ақпарат тарату үшін жанын салды. Оның үстіне, кеңестік журналистің қаламы мен блокнотына дыбыс жазғыш әрі қалтаға салуға қолайлы диктофон қосылған заман. Бұрынғыдай редакцияның қызыл куәлігін көрсетіп, барлық есіктен өте беретін еркіндік те жайына қалды, енді Ақордаға қатаң түрде алдын ала жасалған тізім бойынша, қатаң тексеруден өткен соң ғана кіргізеді. Бәрін айт та бірін айт, азуын айға білеген «Азаттық», «Би-Би-Си», «Рейтер» секілді әлем­дік ақпарат құралдарының тіл­шілерімен иық түйістіріп қатар тұрамыз-ау деп кім ойлаған?! ...Қай жерде баспасөз мәслихаты өтсе, сол жерде қазақстандық жур­на­листердің қатарында үнемі «Ос­тан­киноданбыз» (Мәскеу) деген киношылардың түсіру тобы жүре­тін. Бір қызығы, олар мейманға сұ­рақ қоймайды, бірақ бірі сырыққа бай­лаған үш көзді шамын көтеріп, бірі шұбатылған тоқ өткізгішке сүріне-қабына микрофонын ұстап зыр қағады да жүреді. Үшіншісі – оператор. Айтуларына қарағанда, тарих үшін кинодерек жинай­ды. Үлкен екі табағы төртбұрышты қора­бына қабыстырылған қолайсыз бей­некамераның «тырылдаған» дауысы бейнебір біздің бала кезіміздегі ауыл клубының кинопроекторын елестетер еді. Сол «тырыл» мәсли­хат кезінде сөйлеушілердің дауы­сын диктофонға жазуға кедер­гі кел­тіріп мезі ететін. Бірақ бұл кино­шы­ларға «қой дейтін қожа, әй дей­тін әже» табылмады. Баспасөз мәс­ли­хатының басталар алдында олар­дың шұбырып келіп ең жай­лы орынға жайғаса қоятыны да талай әріптестердің жүйкесіне ауыр тие бастаған... Қысқасы, бізді осы бір қолайсыздықтан Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңе­сі­нің Премьері Ли Пэн құтқарды... «Ақорда. 26.ІV.94 – сағат 10.55. ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Пэн». Мәртебелі қонақ­тарға арналған үстелге алдымен Ли Пэннің өзі жеке-дара келіп жайғасты. Қап-қара шашын әдемілеп артқа қайырған, қалың көзілдірік­ті, орта бойлы аққұба бұл кісінің келбетін теледидардан көріп те жүр­генбіз. Енді, міне, қол созым жерден бізге қарап ілти­пат танытып отыр. «Мотор!» деген сөздің шығуы мұң екен, кино­шыларымыз әдеттегідей әй-шай­ға қарамай қарбалас іске кірісті. Әлдекім «Басталды...», – деді жақ­тырмаған дауыспен. Оператор қобдиша тәрізді зор бейнекамераны мәртебелі қонаққа бағыттап, «тырылын» қосқаны да сол, жарық көтерген сидаң жігіт солай қарай ұзын сырығын бұра берген. Кенет, әлгі сырық басындағы үш көзді шам «тарс» етіп жарылып, жұрт үрпиісе қалды. Шамның сынықтары жерге шашылып түсті. Түтін бұрқ етті. «Тырылдаған» бейнекамера­ның дауы­сы өшті. Шошынған қыздар­дың дауысы шықты. Екі көзіміз – мәртебелі мейманда. Абырой бол­ғанда шыны жарықшақтары қонақ жаққа түс­педі. Қас-қағым сәт­тік абыр-сабыр басылды-ау деген­­де барып Ли Пэн сол қолын көтеріп, «Салют... салют», деді жымиып. Жұрт қостап күліп жі­бер­ді. «Остан­киношылар» асай-мүсе­йін тез жинап, асығыс-үсігіс залдан шықты. Құлағымыз тыншыды. Бар-жоғы бес минуттың ішінде болған оқиға. Сағат11.00. Залға Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев келіп кіріп, баспасөз мәслихаты басталды. Екі елдің басшылары екі ара­дағы созылып жатқан 1700 кило­метр мемлекеттік шекараның сызы­ғын белгілеген мемлекеттік ма­ңыз­ды шартқа қол қойды. ТМД ел­дері ішінде ешқандай мемлекет мұндай келісімге қол жеткізбегені осы кездесу барысында айтылды. «Біздің ортақ шекарамыз – екі елдің арасындағы достық, бейбітшілік әрі тату-тәтті көршілер шекарасы болатынына сенемін», деді Қытай басшысы өз сөзінде. Қазақ басшысы осы арада екі ел арасында тұң­ғыш рет экономикалық арнайы аумақтың құрылғаны жайында мәлімдеді. Бұл – сырт жақтан да, іш жақтан да «Қазақстанға қос азаматтық лайық!» деп ұрандатып, даурығып, сәуегейлік танытушылардың арқа­ларының қозып, ұйқыларының бұзылып тұрған тұсы. «Известия» газетінің тілшісі ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Пэннен «бүгінгі бүкіл ТМД мемлекеттерін қатты толғантып жүрген қос азаматтық мәселесі туралы пікірімен» бөлісуді сұрады. Оған мәртебелі қонақ «Қытай – көп ұлтты ел. Олар тең құқы­лы, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қытай екі азаматтықты құп­тамайды, ол туралы біздің «Азамат­тық туралы» Заңымызда нақты әрі түсінікті етіп жазылған», деді қысқа қайырып. «Сыртқы істер министрлігі. 18.І.94 – сағат 10:30. Словения сыртқы істер министрі Лойзе Петерле...». Лойзе Петерле алдымен таяуда дүниеге келген біздің төл теңгемізге ақ жол тіледі. Словения бұдан екі жыл бұрын ғана «толар» деп аталатын өз ақшаларын айналысқа енгізген екен. Осы екі арада алғашқы инфляцияны басынан өткеріп үлгеріпті. Бірақ, қазір ұлттық ақшалары рынок жүйесінде біршама тұрақтанған. 1 АҚШ доллары 130 толарға, 1 толар 10 ресей рубліне, 1 теңге 10 толарға тең... Ресейлік әріптестер әдеттегідей сөзден жаңылмай, қос азаматтық туралы сауалды алға тартты. Та­ңыр­қай тұрып сөз саптаған Сло­вения сыртқы істер министрі Лойзе Петерле халықтың 90 пайы­­­зын словендіктер, 2 пайызын ита­лья­лық, қалған бөлігін өзге ұлт өкіл­дері құрайтын елге мұндай сауал­дың шын мәнінде өздері үшін таңсық екенін мәлімдеді. Сол күні түс қайта 15:00-де Жоғарғы Кеңестің атақты №8 залын­да Ресей Федерациясы сырт­­қы істер министрі Андрей Козы­­рев­пен баспасөз мәслихаты өтуі тиіс еді. «Тиіс еді» дегенім қызыл блокноттың бетінде «министр белгіленген уақыттан 45 ми­нут кешігіп келді. Баспасөз мәс­лихаты өтпей қалды» деп жазылыпты. Үлкен холда нөкерлерін шұбыртып арлы-берлі жүріп алған министр, өзі кешігіп келгеніне қарамастан, журналистермен бас қосуға асықпады... Ақорданың жап-жас қызметкерлері Өмірзақ Шөкеев пен Ораз Жандосовтың үлкен терезенің алдында кофе ішіп, өзара әңгімелесіп, тіпті... елегізіп тұрғаны да көз алдымда қалып қойыпты. Кенет Козыревтің көмекшісі­нің бірі бізге жақындап келіп, министр­дің баспасөз мәслихатын өткізбейтінін жеткізді. Дегенмен де, министр Козырев жүріп бара жатып Би-Би-Си-дің екі сұрағына жауап қатты. Ағылшын тілінде ағып тұр. Бізге ол да таңсық... Бірақ, Мәскеу журналистері жанын қойсын ба, шаужайлап жүріп Козыревтің «тілін шығарды». «Бізге (Ресей мен Қазақстанға – авт.) құжаттар топтамасын әлі де барынша пысықтап алу керек сияқты», деді өңі сынық министр бөгеліп, күмілжіп. «Бірін­ші – әскери ынтымақтастық, ядро­лық қарулардың демонтажы... Екінші – құқықтық-гуманитарлық мәселелер, атап айтқанда, қос аза­маттық проблемасы». «Үшінші – Байқоңыр ғарыш ай­лағы...» Дәл сол тұс­та жас мемлекеттің басына сындарлы сәттердің туып тұрғанын көпші­лігіміз біле бермедік те. «Қос аза­мат­тық» деген бір жақ­тан, «мем­ле­кет­тік тіл» екінші жақ­тан өкпені қысып, тынысыңды тарылтса, «Жап­­пай басталған Тәуел­сіздік «шеруі­нің» алдында жүрген Қазақ­станның» (Ресей басылымдарынан – авт.) болашақта ел болып кетеріне күмән тудырып, жаппай таратылған ақпа­рат­тар легінің намысты қайрап, қан­ды қайнатқаны да есте. Бәрі де есте!.. Қызыл блокнотта қызық көп... Ол күндерге қатысты көп жайттар бүгін ұмытылғанмен, санада мәңгі сақталып қалды. Одан бері де арада ең кемі 22-23 жылдай уақыт өтіпті... тарих көші алға тоқтаусыз екпінмен тіп-тіке тартып келеді. Қазақстан Тәуелсіздігі­нің 25 жыл­дығын тойлап жатыр... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ