16 Желтоқсан, 2016

Адамзаттың аңсарын аялаған

311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
manifesXX ғасыр қанқұйлы соғыстарға толы алапат ғасыр болды. Оның ішінде миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған, адамзат баласы бұрын естіп, көріп білмеген екі ірі жаһандық соғыс та осы ғасырдың еншісінде. Сондай-ақ, тіршілік иелерін жаппай қырып-жоятын атом, сутегі, бактериялық, нейтрондық бомбалар да осы жүз жылдық аясында дүниеге келді. КСРО-ның ядролық қаруды сынау аймағына Қазақстанның Семей өңірі таңдап алынды. 1949 жылы ашылған сынақ полигонының аумағы 18,5 мың шаршы километр аумақты қамтыды. Сынақ аймағында 470 қуатты жарылыс жасалса, оның ішінде 90 жарылыс әуеде, 26-сы жер үстінде, 354-і жер астында жүзеге асырылды. Осындағы жарылыстардың әсерінен радиоактивті улы заттар жарылыс эпицентрінен бұлттар мен жел арқылы 304 мың шаршы километр аймаққа таралды. Семей ядролық полигонында ауада және жер бетінде сыналған ядролық зарядтардың қуаты АҚШ-тың Хиросимаға тастаған бомбасынан 2,5 мың есе асып түсті. Осы сынақтардан түзілген радиоактивті улы заттар топырақты, суды, егістік жерлерді, мал жайылымдарын залалдады. Адамдар радиоактивті сәулелер арқылы айықпас ауру­ларға шалдықты. Қатерлі ісік, сүйек аурулары, жүйке мен қан құра­мының бұзылуына байланысты дерт­ке ұшырағандар қисапсыз. 1991 жылы 29 тамызда Пре­зидентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлық шығаруы 40 жылға созылған жойқын жарылыстарға нүкте қойды. Еліміз Тәуелсіздік алған соң Елбасымыздың ядролық қарудан бас тартуы әлемдегі тағы бір қадам ілгерілеушілік болды. Ядролық қарудың адамзат өміріне қаншалықты қатер төн­ді­ре­тінін бір білсе Қазақстан халқы біледі. Халықаралық терроризм ас­қынып, адамзат баласына үрей туғызып обырған дүрбелеңге толы мына дүниеде ядролық қару лаңкестердің қолына түсіп қалса не болмақ? Бүгінде әлем халқын толғандырып отырған осы және ядролық қарусыздандыруға байланысты басқа да сұрақтарға биыл Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі самитте әр ел өз пікірлерімен бөлісті. Осы басқосуда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі планетааралық ауқымдағы аса маңызды оқиға болды. Бұл, шынында да, жер жүзі адамдарының арман-аңсарын білдіретін, ядролық қарусыз әлемнің болашағын елестететін аса маңызды құжат еді. «Барша адамзат XXI ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты, – деді Қазақстан басшысы осы манифесінде. – Бірақ бүгін бұл елестің сағымға айналуы мүмкін. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс. Адамзаттың ХХ ғасырдағы озық ойлылары адамдарға болашақтағы әлемдік соғыста планетадағы тірі атаулының бәрін жоятын ядролық қару міндетті түрде қолданылатын болады деп көріпкелдікпен ескерткен еді. Олардың мемлекеттер ара­сын­дағы барлық талас-тартыстар соғыс арқылы шешіле алмай­ды және шешілмеуі тиіс деген ескер­тулері ХХІ ғасырда да аса жоғары көкейкесті деңгейде қалып отыр». Қазақстан басшысы өз мани­фесінде дүние жүзі мемлекет­теріне «ХХІ ғасыр – Соғыссыз әлем» кең ауқымды бағдарлама­сын жасау қажеттілігін ескертті және бұл бағдарламаның негізгі бағыт­тарын да көрсетіп берді. Елба­сы ұсынысының ең басты ойы – ядролық және басқа да қы­рып-жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгер­ілеуге саяды. Қазақстан басшысының те­рең ойлы бұл манифесі адамзат баласының тағдыры, бола­шағы туралы ой толғаудан ғана емес, гуманистік, патриоттық, қай­рат­керлік рухтан туындаған дүние. Н.Ә.Назарбаевтың мани­фесі әлем халықтарының көкейін­дегі аңсарын дәл басып отыр. Ел­басымыздың осындай даналық ойлары Қазақстанның әлем ал­дын­дағы абыройын тағы бір аспандата түскені біз үшін зор мәртебе. Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры