16 Желтоқсан, 2016

Тәуелсіздік – миллиондардың орындалған ғасырлық арманы

460 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
era_0139Тәуелсіздік – баршаның арман-мұратын бір арнаға тоғыстыратын құндылық,  елдік мүдде жолында бәріміз тәу етер киелі ұғым. «Тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік – қай халық үшін де дәмі балдай, мәртебесі таудай асыл ұғымдар».  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде, міне, осылай деген еді. Ширек ғасыр  ішінде Қазақ елі өзінің Тәуелсіз мемлекетін қалыптастырып, күрделі кезеңнің түрлі сын-өткелдерінен өтті. Ал биылғы мерейтойлық жылдың жөні бөлек.  Әсіресе, Қазақстанның дамуы мен өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ел азаматтары үшін оның орны айрықша. Себебі, ел егемендігінің еңселі, азаттық таңының арайлы болуына Қазақстанның әр салада жүрген азаматтары түгелдей жұмылып, атсалысты. Ендеше, Тәуелсіздік – елдік мереке.  Кеше  елорда төрінде Тәуелсіздіктің  25 жылдығына  арналған салтанатты жиын өтіп, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сонымен қатар, шараға қатысу үшін лауазымды тұлғалар, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен өнер адамдары жиналды. Бұл күні мерейтойлық жиын ұйым­дас­тырылған Тәуелсіздік сарайына ең алдымен елдің Мемлекеттік рәміздері енгізіліп, Ән­ұраны орындалды. Бұдан кейін шараны Қазақстан Парламенті Сенатының Төр­ағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп ашып, айтулы жиынға қатысу үшін  елдің түк­пір-түкпірінен мемлекеттің дамуы мен Тәуел­сіздіктің нығаюына өлшеусіз үлес қос­қан тұлғалар мен азаматтардың  келгенін жеткізді. «Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Елба­сының есімі  – егіз ұғым. Сондықтан біз, бә­ріміз, Тәуелсіз мемлекеттің атынан осынау ең қастерлі мерекеге орай, Қазақстан Респуб­ликасының негізін қалаушы, бүкіл әлем көреген саясаткер, мемлекет қайрат­кері ретінде мойындап отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты шын жүректен құттықтап, үлкен рахметімізді айтамыз», – деді Сенат Төрағасы. Осылай деген Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы сөзді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. (Президенттің сөзі бөлек жарияланып отыр) Елбасынан кейін қайтадан сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдық мерейтойына орай, Мемлекет басшысының атына Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерациясының Прези­ден­ті Владимир Путин, Қытай Халық Респуб­лика­сының Төрағасы Си Цзиньпинь, АҚШ Президенті Барак Обама, Германия Прези­денті Йаохим Гаук, Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Армения Президенті Серж Саргсян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Ал­маз­бек Атамбаев, Украина Президенті Петр Порошенко, Тәжікстан Президенті Эмо­мали Рахмон, Түрікменстан Президенті Гур­бангулы Бердімұхамедов, Жапония Импе­раторы Акихито, Бельгия Королі Фи­липп, Нидерланд Королі Виллем-Алек­сандр, Испания Королі Филипп VI өз құт­тықтауларын жолдағанын жеткізді. Сонымен қатар, Парламент Сенатының Төрағасы Елбасының атына Грузия, Мол­дова, Балтық жағалауы елдері, Моңғолия, Сингапур, Малайзия, Израиль, Таяу Шығыс елдерінен және әлемнің басқа да көптеген мемлекетінің жоғары басшыларынан құттықтау хаттары келіп жатқанын айтты. Осылай деген Қасым-Жомарт Кемелұлы келесі сөзді Қазақстан Жоғарғы сотының Төрағасы Қайрат Мәмиге берді. «Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Бүгінгі барлық әңгіме Тәуелсіздігіміздің тамаша табыстары туралы болмақ. Жаңа ғана Сіз өз сөзіңізде Тәуелсіздік жылдары еліміздің ішкі өнімінің 20 есеге артқанын атап өттіңіз. Бұл – бүгінгі Қазақстанның қуаты 90-шы жылдардағы 20 Қазақстанмен пара-пар деген сөз.  Яғни, осы жылдар ішінде еліміз қуаты жағынан 20 Қазақстанға көбейді. Мұндай жетістіктің бәрі Өзіңіздің батыл шешімдеріңіз және салиқалы саясатыңыздың арқасында жүзеге асты. Тарих  үшін қас-қағым уақытта заң үстемдігі салтанат құрған құқықтық-демократиялық мемлекет қалыптастырып,  оның тұрақты дамуына жағдай туғыздыңыз. Еуразия кеңістігінің жарық жұлдызына айналған жаңа елордамыз – Астана қаласын Отанымыздың жүрегі, ұлттық жаңғырудың байтағына айналдырдыңыз. Аймақта және әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында Қазақстанды халықаралық үнқатысу алаңы, татулық ордасы ретінде таныттыңыз. Тәкаппарды ақылмен тәубесіне келтіріп, өткел бермес өзенге көпір салып, жақтас пен жоқтастың сауабын алдыңыз. Толеранттылық пен елдік ұйысудың асыл бесігін тербетіп, түрлі этнос пен дін өкілдерін «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегіне топтастырдыңыз», – деді Қайрат Мәми. Сонымен қатар, Жоғарғы сот Төрағасы «еліміздің иесі де, киесі де қазақ ұлты осы уақыт ішінде өзгені елеп-екшеп, өзін таныта білгеніне, дәстүрсіздікке бар­ма­ғанына, ағайыншылдықтың алтын арқауын үзбегеніне, досты – бауырға, бауырды – тәуірге айналдырғанына» айрықша назар аударды. «Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген 25 жыл  ұлтымыздың қанында мемлекет құру қабілетінің молдығын дәлелдеді. 25 жыл ішінде Қазақстан алпауыт мемлекеттермен иық тіресті! Қазақ елі әлемдік тану мен танытудың кеңістігіне шықты. 25 жыл ішінде әлем жұртшылығының санасында «Қазақстан» – «Нұрсұлтан» дейтін қос сөз – тегі біте қайнасқан бір ұғымға айналды. 25 жыл ішінде иығы түсіп, еңсесі жаншылған елдің өңі де, түр-сипаты да, сана-сезімі де өзгерді. Өмір аренасына интеллектуалды қоғам орнатудың жолын таңдаған жалыны мен білімі мол жас ұрпақ келді. 25 жылда «Өлгеніміз тірілді! Өшкеніміз жанды»! Біртұтас ел болып, алдыңғы көшті адастырмадық, соңғы көшті жаңылыстырмадық. Халқымыз бірлікті ту етті. Қазақстанның мерейі үстем болды, абы­ройы артты. Мемлекеттік Туымызда, Елтаң­бамызда айшықталған идеямыз жүзеге асты. Тастүлек болып ұштық, мұзбалақ болып қон­­дық. Шаңырағымыз биіктеді. Ұлт арманы, ұлыс деңгейі қазанаттай қуаттанды, сәй­гү­ліктей оза шапты», – деді өзінің сөзінде Қ.Мәми. Сөзінің соңында  Қайрат Мәми  Елбасын және барша Қазақстан халқын осы айтулы мерейтоймен құттықтап, Президент пен еліне амандық тіледі. Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Мұх­тар Құл-Мұхаммед сөз сөйледі. «Сізді «Нұр Отан» партиясының 1 миллионнан ас­там мүшелері атынан еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен, азаттығы­мыздың ең жарқын белесі – Тәуелсізді­гіміздің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!», – деп бастады өзінің сөзін партия Төрағасының бірінші орынбасары. Осыдан кейін ол Қазақстан өз тәуел­сіздігін жариялаған кезде оның еншісінде тұралаған экономика, тоқтаған кәсіпорындар, қаңыраған қазына ғана қалғанын тілге тиек етті. «Бұл ешбір әсірелеу емес, ащы да болса сол заманның ақиқат шындығы болатын. Сіз бүгін атап өткен Тәуелсіздіктің жеті жаһандық шыңында – халқымыздың ширек ғасыр ішінде Сіздің дана басшылығыңызбен бағындырған, бүгінгі және болашақ ұрпақ зор мақтанышпен айтатын 70 жетістігі бар және бұл кезең ер қазақтың Елбасымен бірге дәуірлеу кезеңі болды. Тәуелсіздік алғанда бізге сан мәрте жырымдалып, талай рет күштілердің жемсауына кеткен, көршілерінің өзі әркез ашкөздікпен қараған, ешбір халықаралық құжатпен ресімделмеген, ашық-шашық жатқан ұлан-байтақ жер қалды. Сіз кешегі дүниенің жартысын билеген Кеңес Одағы шеше алмаған шекарадай шетін мәселені Қытай сияқты алып мемлекет бастаған барлық көршілерімізбен кең ақыл, кемел парасатқа негізделген кемеңгерлікпен шешіп, халықаралық құжаттармен біржолата және мәңгілікке шегендедіңіз. Қазақтардың бүгінгі һәм болашақ ұрпақтарының алаңсыз өмір сүруіне берік кепілдік берген бұл ұлы да тарихи миссияңызды әлі талай буын өкілдері дән ризашылықпен еске алатын болады. Еліміз тәуелсіздік алғанда Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс өкілдері мекен етті. Қашанда рахым мен рахманды, қанағат пен сабырды серік еткен Сіз қиыннан қиыстыра жол тауып, бірегей мемлекеттік институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын қалыптастыру арқылы қырық құраулы халқыңыздан «қазақстандықтар» атты монолитті, біртұтас халық қалыптастырдыңыз. Сіз барша қазақстандықтардың басын бір шаңырақтың астында тоғыстырып, береке мен бірліктің, даму мен гүлденудің жолына айналған, бүгінде бүкіл әлем мойындаған, мойындап қана қоймай, барлық дамушы елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсынылып отырған «Қазақстан жолын» негіздедіңіз»,– деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бұған қоса, ол елді ілгерілету, алға жылжыту бағытында жасалған стратегиялық реформалар мен жобаларға да тоқталып өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның әлем­дегі жетекші ұйымдармен өзара ынтымақ­тастығына, бұл жолдағы Елбасының рөліне қатыс­ты ой-пайымын ортаға салды. Партия Төрағасының бірінші орынбасарының айтуын­ша, еліміздің Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйымына төраға­лық етуі  Шығыс пен Батыс арасын жа­қындастырып қана қоймай, жас мемлекеттің беделін де жаңа деңгейге көтерген. Ұлы Дала төсіндегі табысы тасып, абыройы асқан Тәуелсіз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету жолында Елбасы салған, бәрімізді жарқын болашаққа бастайтын Нұрлы жолмен әлі талай асуларды алып, асқар биіктерді бағындыра берейік, ардақты ағайын. Еліміздегі ең үлкен саяси күш – Өзіңіз төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясы «Нұрлы жолдың» бойындағы Сіздің әрбір бастамаңызды қалтқысыз қолдауға қа­шанда әзір!», – деп қорытындылады өз сөзін партия Төрағасының бірінші орынбасары. Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко ел парламентаризмі дамуының тарихына тоқталды. «Оның тарихы – Тәуелсіз Қазақстанның заңдық негізінің қалыптасуының тарихы. 25 жылдың ішінде Мемлекет басшысы ретінде, Сіз Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетті қалыптастыру кезінде сапалы заңдық нормалардың қалыптасуына да айрықша мән бердіңіз. Сіз ширек ғасыр ішінде 2 мың 643 заңға қол қойдыңыз. Бұдан бөлек, мемлекетаралық келісімдерді ратификациялау туралы – 1083, Қазақстанның халықаралық келісімдерге қосылуына қатысты 175 заң қабылданды», – деді ол. Сонымен қатар, В. Божко 1994 жылы Елбасы асқан жауапкершілікпен заңдық мәртебеге ие 140 Жарлыққа қол қойғанын есіне алды. «Олардың бәрі елімізді әлеуметтік күрделі жағдайдан алып шықты, мемлекеттің экономикалық тұрғыда жандануы мен жаңаруына ықпал етті.  Президент өзінің жыл сайынғы Жолдауында мемлекет саясатының басты көрсеткіші  ел тұрғындарының әлеуметтік әлеуетімен байланысты екенін атап өтіп келеді. Парламент депутаттары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияны қабылдады. Ол Мемлекет басшысы саясатының стратегиялық бағытының дұрыстығын айғақтап берді. Себебі, Елбасының Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру мен қалыптастырудағы еңбегі өлшеусіз»,– деді В. Божко. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тарих өлшемімен қарағанда, 25 жылдың көп уақыт емес екенін айтты. «Аса мәртебелі Елбасы, Сіз өз сөзіңізде айтқандай, осы уақытта ғасырларға тең келетін жолдан өттік.  Бүгінгі Қазақстан – әлем таныған, аяққа нық тұрған, экономикасы қарыштап дамыған қуатты мемлекет. Бұл, ең алдымен, қиын-қыстау сәтте ел тізгінін ұстап, экономикалық тығырықтан шығарып қана қоймай, барша қазақстандықты бір мақсатқа жұмылдыра білген Сіздің орасан зор еңбегіңіздің, сарабдал саясатыңыздың арқасы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте ауыр болғаны бәрімізге мәлім.  Сіз сол кезде мемлекетіміздің болашағы жарқын болатынына жұртты сендіре білдіңіз. Өзіңіз үлгі көрсете жүріп, халықтың сана-сезімін жаңа дәуірге сай өзгертіп, бәсекеге қабілетті еттіңіз. Өзіңіздің қолдауыңызбен, көмегіңізбен қызмет жасаған өңірлердің қарапайым халқы атынан Сізге солардың ризашылығын, ыстық ықыласын жеткізгім келеді», – деді Бердібек Мәшбекұлы. Бұдан кейін Ақтөбе облысының әкімі елде ширек ғасыр ішінде атқарылған елеулі жұмыстарға айрықша тоқталып өтті. Сонымен қатар, ол Президенттің тікелей бастамасымен әрі қолдауымен ел өмірінде болған рухани, сонымен қатар, мән-маңызы орасан басқа да айтулы оқиғаларға назар аударды. Және де өзі басқаратын өңірде жүзеге асқан игі істерге тоқталды. «Қазақстан бүгінде индустриялы мемлекеттердің қатарына қосылды. Онда біздің өңірдің үлесі бар. Аудандарымызға Кеңес өкіметінің 70 жылында көгілдір отын жетпеп еді.  Биыл барлық ауданның орталығына газ өткізілді, облыс тұрғындарының 87 пайызы үйін газбен жылытып отыр. Сіздің қолдау-көмегіңіздің арқасында биыл тек қана Ақтөбе қаласында 5 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Ширек ғасырда облыста 127 денсаулық сақтау нысаны мен 113 мектеп салынды, 487 балабақша пайдалануға берілді. Тұрғындардың 90 па­йызы таза су құбырына қосылды. Осының бәрі Сіздің өңірлерге жасап отырған орасан зор қамқорлығыңыздың және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуының арқасы», – деді Бердібек Мәшбекұлы. Салтанатты жиында сөз алған Ұлттық кардиохирургия орталығы балалар кардио­хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов еліміздің соңғы ширек ғасырдағы жетістіктері барша қазақстандықтардың келешекке деген сенімін нығайта түскенін жеткізді. «Егер осыдан 25 жыл бұрын әлдекім Қазақстан бүгінгідей жетістікке жетеді деген болса, сенбес едік. Бұрын Қазақстанда жүрекке ауыр операциялар жасалмайтын. Қазір балаларға кардиохирургиялық операция­ларды еліміздің 8 қаласында жасауға мүмкіндік бар. Мұндай мүмкіндік бұрын-соңды болмаған. Мен көптеген балалардың жүрегіне операциялар жасадым. Олар менің жақындарымдай болып кеткен. Осыны білетін таныстарым мені көп балалы әке деп атайды. Бүгінде Қазақстанда – өздерінің Тәуелсіз елдерінде бақытты ғұмыр кешіп жатқан 5 миллионнан астам бала бар. Бұл балалар біздің ең басты байлығымыз. Олар ертең Қазақстанды биік белестерге шығаратын болады. Өйткені, олар Тәуелсіз мемлекетінің аясында емін-еркін өсіп келе жатқандарын сезініп өсіп келеді», – деді Д.Горбунов. Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Тәуелсіздік туралы өз ой-толғамын ерекше тебіреніспен жеткізді. «Адам үшін алаңсыз өмір сүру бір бақыт болса, халық үшін тәуелсіз болу – мың бақыт! Ал «бақыт» дегеніміз орындалған ақ арман. Ашығын айту керек. Бұл жолғы бақ – біздің маңдайымызға бұрын-соңды қонбаған бақ. Оған осынау сайын даламыздың келбеті, әз аталарымыздың сөзі, ақбас тарихтың өзі куә. Өз алдына ел боламын деген халқымыздың сонау Түркі қағанатынан жалғасқан 15 ғасырлық тамыры, 1500 жылдық ғұмыры куә», – деді Иманғали Тасмағамбетов. Премьер-Министрдің орынбасары VI ғасырдағы Көк түркілер заманынан бері Ұлы Далада ізі қалған қағанаттар мен хандықтарды 128 қаған мен хан билегенін айта келе, олардың ешқайсысы елінің шекарасын шегелей алмағанын айтты. Ешқайсысы еліне қауіп төнбейтіндей етіп, бәрімен келісім жасай алған жоқ. «Ешқайсысы елінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заман орнатып, татулыққа ұйыта алған жоқ. Ешқайсысы мемлекетін әлемнің алты құрлығына бірдей мойындата алған жоқ. Ешқайсысы барша адамзат баласын ымыраға шақырып, келісім сөзін жүргізе алған жоқ. Ешқайсысы ешқашан мызғымас астанасын сала алған жоқ. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрін бір өзі жасады», – деді вице-премьер. Одан әрі Иманғали Тасмағамбетов елдің бірлігі мен бейбіт тірлігін сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сөзінің соңында ол елдің амандығы, бейбітшілік туралы айта келіп, АҚШ-тың 34-ші президенті Дуайт Эйзенхауэрдің соғыс туралы айтқан сөзін мысалға келтірді. «Екі бірдей дүниежүзілік соғысқа қатысқан, АҚШ-тың 34-ші президенті Дуайт Эйзенхауэр кезінде: «Қанша әділетті болса да, ешқандай соғыс баланың бір тамшы ащы жасы мен ананың бір тал ағарған шашына татымайды. Соғысу өнер емес, ал соғыста жеңу ерлік емес. Нағыз ерлік пен даңқ – қарапайым халықтың маңдай тері – еңбегінде. Тарихтың шынайы қошеметіне де сол елді еңбекке баулып, табысқа жетелеген тұлға ғана лайық!» деген екен», – деді И.Тасмағамбетов. «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ басшысы Әсем Мамытова өзі басқарып отырған құрылымның Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарда мемлекеттің қолдауына ие болғанын, соның нәтижесінде өзінің жұмысын сәтті жалғастырғанын айта келіп, қазіргі таңда елімізде индустрияландыру бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі қоғамымыздың барлық салаларында айқын көрінетінін сөз етті. Парламент Сенатының депутаты Ақан Бижанов өз кезегінде Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған тұстан бастап, дүниеде алғаш рет қазақ ұлтының атымен аталатын жаңа, егемен мемлекет пайда болғанын, саны бізден әлдеқайда көп, бірақ, жеке мемлекеті жоқ ұлттардың бар екенін сөз ете отырып, егемен елдігіміздің зор бақыт қана емес, сонымен қатар, келер ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік екеніне екпін берді. «Бұрынғы кеңестік республикалар арасындағы сан-салалы байланыстар үзіліп, өтпелі кезеңнің қиындықтары белең алған сол бір шақта абдыраған халықты жасампаздық істерге бастап, Тәуелсіздіктің ірге тасын нығайту оңай міндет емес еді. Сол кезде Президентіміз бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алып, көпұлтты Қазақстан халқын соңынан ерте білді. Елбасы өзінің талантты басшылығымен тарих үшін өте қысқа мерзім саналатын 25 жыл ішінде есімі әлемдік қоғамдастыққа белгісіз болып келген елімізді әлеуетті, іргелі, танымал етті», – деді сенатор. Сондай-ақ, ол өзінің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған «Уроки эпохи» атты кітабының алғашқы данасын Елбасына табыс етті. Ширек ғасырдағы Қазақстанның жетіс­тіктерін жырлаған басқосуға жетекшілік еткен Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мінберге ұзақ жылдар бойы мұнай саласында талмай қызмет етіп, Еңбек Ері атанған Ұзақбай Қарабалинді шақырды. Ол өз сөзін ағымдағы жылдың жетінші желтоқсанында еліміз үшін ғана емес, әлемдік мұнай нарығы үшін де өте жоғары маңызға ие болған ерекше оқиғаны еске алумен бастады. «Күллі дүниенің назарын өзіне аударған Қашаған мұнай кенішін игеруді өзіңіздің жетекшілігіңізбен қолға алып, өз батаңызбен іске қостық. 1998 жылдан бүгінге дейін Қашағанда 15 мыңнан астам маманымыздың білімін жетілдіріп, тәжірибесін толыстырып, арнайы дайындықтан өткіздік. Соның нәтижесінде бұл саладағы мамандарымыздың үлесі 90 пайызға жетті. Ал осы жоба аясында отандық компанияларымыздың он жыл ішінде жасаған жұмыстары мен сатқан тауарларының көлемі 12,7 млрд долларды құрады. Сондықтан да Қашағанның іске қосылуы елдің мұнай-газ саласының алтын ғасырының бірі деп түсінеміз. Тарихқа көз жүгіртсек, мұндай ірі кеніштердің ел игілігіне жарауы үшін елу жылдай уақыт қажет көрінеді. Ал Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында біз мұндай жетістікке бас-аяғы жиырма бес жыл ішінде қол жеткіздік. Сонымен қатар, қиын жылдарды қаймықпай еңсере отырып, болашақтың несібесін ойлап Ұлттық қорға қосымша қор жинақтаған Елбасының ерен еңбегін ел ұмытпауы тиіс», – деді Ұзақбай Сүлейменұлы. Алқалы жиынға Ақмола өңіріндегі Есіл ауданына қарасты Заречинск ауылының әкімі әрі аймақтағы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы ретінде арнайы шақырылған Наталья Милюкқа да мінбер ұсынылды. Ол алақандай елді мекенде бұл күні он екі ұлттың өкілдері тату-тәтті тіршілік ететінін естіртті. Сондай-ақ, өз ауылдастарының айрандай ұюына ерекше ықпал етудің екі негізі бар болса, оның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы да, екіншісі – ізгілікке үндейтін осындай ұйымның құрылып, қызметке кірісуіне себепкер бол­ған Елбасының өзі екендігін айрықша атады. «Біздің ауылдық округте құрылған Қоғамдық келісім көптеген игі істердің бастауына айналды. Бұл ұйым, әсіресе, жергілікті өзін өзі басқару тетігінде орасан зор тиімділігін көрсетті. Мемлекет-жекеменшіктік серіктестігі аясында балабақша мен Мәдениет үйі, спорт алаңқайы және он бірдей әлеуметтік дүкен нысандарының іске қосылып, оның қызығын қазір қараша халық көре бас­тады. Сондықтан да біздің ауылды өңір тұрғындары «Президенттік ауыл» деп атайды. Өйткені, мұнда балабақша төлемі мен азық-түлік бағасы төмендетіліп, көптеген отбасыларға әлеуметтік көмектер жиі көрсетіліп тұрады. Осы сәтте, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жас мамандар қатарымен толысып жатқанын да ерекше атап өткім келеді», – деді Н.Милюк. Орайлы сәтті ұтымды пайдаланған Конституциялық Кеңес мүшесі Унзила Шапақ Атамекен ұғымы жайлы ақжарма лебізін айтып, атажұртқа оралған қаракөз қандастарымыздың атынан сөйледі. «Аса мәртебелі Елбасы! Сіз Тәуелсіз Қазақстанда мәңгілік болашақтың мекенін жасадыңыз. Оның бойына тарихтың тереңдігін де, қазіргінің кеңдігін де, болашақтың биіктігін де сіңірдіңіз. Алыс-жақында жүрген қандастарымыз арқа сүйейтін Мәңгілік Ұлы Дала елі – Қазақстан бар екенін жан жүрегімізбен сезіндірдіңіз. Отанымызға оралған бір миллион қазаққа барлық жағдайын жасадыңыз. Бүгінде олар шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңейтіп, тұғырын нығайтып тіршілік етіп келеді. Осылайша, олар да еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда», – деді ол. Одан кейінгі сөзді Парламент Мәжі­лісіндегі еліміздің ең жас депутаты Ген­надий Шиповских жалғады. Мемле­кет басшысының алғаш болып «Қазақ­стан халқы» деген сөз айтқанын қатысушылардың қаперіне салған жас депутат мұн­дай қасиетті сөздің астары қазақстандық бірегейлік сарынындағы терең пәлсапамен ұштасатындығын білдіре келіп, өз ойын өлең шумақтарымен өрбітті. Ел спортшыларының атынан мінберге шық­қан Олимпиада чемпиондары Дмитрий Баландин мен Данияр Елеусінов те ел Тәуелсіздігінің айтулы мереке­сін ұлықтай отырып, Елбасы мен қалың бұқараға ұсыныстарын айтып, жастарды жігерлендіретін ұран сөзді ортаға тастады. «Біздің бабаларымыз ұран шақырылғанда ту астынан табылған. Осыған байланысты спортшылар атынан айтқымыз келетін ұсыныс мынадай. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Өзіңіздің «Қазақстан алға!» деген сөзіңізді еліміздің ресми ұранына айналдыру ниетіміз бар. Бұл барша қазақстандықтардың мәңгілік ұранына айналар еді», – деген спортшылар «Алға Қазақстан!» деп ұрандады. Салтанатты жиынның соңына қарай Қазақстандағы 5 млн 575 мың бүлдіршіннің атынан үн қатқан Астана қаласының бір топ мектеп оқушысы Нұрсұлтан Әбішұлын төл мерекемен құттықтай отырып, Елбасының әндеріне жазылған сөздерден үзінділер оқыды. Содан кейін алқалы жиынды қорытын­дылаған Мемлекет басшысы республика халқын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, бұдан былай 25 жылдықтың екінші кезеңі басталатындығын тілге тиек етті. Келесі ширек ғасырда ел болашағының баянды болуы үшін бүгінгідей береке-бірлігімізді сақтай отырып, дамудың даңғыл жолына түсуге белсенді атсалысу әрбір азаматымыз үшін парыз болып табылатынын айрықша атады. Жолдыбай БАЗАР, Ләйлә ЕДІЛҚЫЗЫ, Нұрлыбек ДОСЫБАЙ «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ «Егемен Қазақстан» era_0027 era_9929 era_9955