17 Желтоқсан, 2016

Теңге тарихы тереңде

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
baynazarov1985 жылдан бастап бұрынғы Кеңес Одағында тоқырау бастал­ды. Мұнайдың халықаралық нарық­тағы құны 10 долларға дейін түсіп, елдің экономикалық жағ­дайы күрт төмендеп кетті. Одақ көлемінде толып жатқан эко­но­микалық реформалар жүріп, ол банк саласын да айналып өт­кен жоқ. Сол кезде мемлекеттік банк­тен бөлініп, түрлі салаларды дамы­туға қажетті деген банктер құры­лып, Қазақстанның Агробанкі, Әлеу­меттік жинақ банкі, Құрылыс банкі, бұрынғы Сыртқыэкономбанк негізінде «Әлем» банкі тәрізді түрлі мемлекеттік банктер өмірге келді. 1991 жылы желтоқсанда үш славян мемлекеті Беловежьеде қол қойған келісіммен Кеңес Одағы құлады, бұрынғы кеңестік кеңіс­тікте жаңа дәуір басталды. Алай­да, құрсауы мықты, ешкімді де аясы­нан шығармайтындай көрінген Кеңес өкіметінің басынан бағы тайып, бөлшектеніп жатса да біз Мәс­кеуге жалтақтап, олардың ақша­сына байланған, тұсаулы аттай кібір­тік күйде болатынбыз. Оның үстіне, экономикалық тұрғыдан 1985 жылы күшейе түсіп Одақтың құлауына әкелген дағдарыстың ауыр кезеңдері де өтіп жатты. Ресей президенті Борис Ельцин болса сол кезде Егор Гайдар бастаған бір топ жас экономистерге үміт ар­тып, үкімет тізгінін солардың қолы­на ұстатты. Олардың бағаны ер­кі­не жібере салған саясатынан инфляцияның сойқан дауылы көтеріліп, тұтыну бағасының өсу деңгейі 1991-1993 жылдары 5573 пайызға жетіп, бар-жоғы үш жылдың ішінде баға 55 есеге өсіп кетті. Бұл ең керемет деген кәсіп­орындардың өзі көтере алмай­тын жойқын соққы еді, соның сал­дарынан тұтастай экономикаға жаппай банкроттық қауіп төнді. Жығылғанға жұдырық деген­дей, 1993 жылы жаздың қақ ортасында Ресей өз валютасын енгіз­ді, бұрынғы КСРО шекпенінен шыққан елдер ішінде Қазақстан мен Тәжікстан, Армения ғана бұрынғы ақшамен қалдық. Қыркүйектің 26-сында Ресей бұрынғы Кеңес дәуірінде пайдаланылған 1961-63 жылдары шығарылған кеңестік валюта ақша болып есептелмей­тіні жөнінде мәлімдеме жасады. Дегенмен, біз бұған дайын едік. Ол кезде бізде ақша басып шығаратын өндіріс те, не жұмысты бастайтын жеткілікті ақша да, (банк саласының білікті мамандарының жалақылары жоғары екінші деңгейдегі банктерге кетіп қалғандығынан) қажетті мамандар жоқтығына қарамастан, төл ақшамызды шығаруға қажетті барлық жұмыстар атқарылып, теңгеміз қоймаларда тығулы жатқан. 1993 жылдың 1 шілдесіне дейін ақша нарығы нысандарының барлық инфрақұрылымы құры­лып, жұмыстар толығымен аяқта­лып – Электронды валюта бир­жасы, Теңге (Монета) сарайы, Банк­нот фабрикасының бірінші кезеңі, Алтын-валюта резерві, Мем­лекеттік валюта қоры мен қым­бат бағалы металдарды сақтау қой­масы, Қазақстанның ішкі және сыртқы төлем жүйесі әзірленіп болған еді. Ал теңгенің өмірге келуі – тәуелсіздік шежіресіндегі тарихи оқиға. Экономиканың басқару құралы төл теңгенің қолға тиуі жал­пы­халықтық қуаныш бол­ды. Валюта шығару қажет деп тар­их­ты ақтарғанда, біздің жер­і­мізде болған түркі нәсілді мемле­кет­тердің ақшасы болғанын, олар­дың металдан құйылған ақша­ларының теңге аталғанын білдік. Орыстың «деньги» деген сөзінің түбірі де осы. Археологтар ең ежел­гі ақша белгілерін Отырар, Тараз, Түркістан, Баласағұн және Қазақстанның тағы басқа да көне қалалары орындарында қаз­­ба жұмыстарын жүргізу бары­сында тапқан. Демек, біздің тари­хымыз үшін теңге атауы – төл дүние. Дегенмен, ұсыныстар көп айтылды, «сом», «алтын» дегендердің де уәждері тыңдалды. Президент «теңге» деген ұсы­нысты дұрыс көрді. Содан соң порт­реттерге келгенде біз жаңа ғана тәуелсіздігін алған елміз, біз­ді, тіпті өзгелер саяси картадан да таба алмайды, сондықтан, ең бірін­ші номинал ең танымал, әлем білетін қазақ болуы тиіс деді. Сондықтан негізгі валюта 1 тең­геге Еуропаға Аристотель мен Сок­рат­ты қайта танытқан, әлемдік ғы­лым­да танымал тұлға әл-Фараби бабамыз тұрсын деп ұйғарылды. Теңге тарихқа сапарын осы­лайша бастаған еді. Ғалым БАЙНАЗАРОВ, экономика ғылымдарының докторы,  Ұлттық Банктің алғашқы төрағасы