17 Желтоқсан, 2016

Ата Заңы салтанат құрған елміз

180 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
sartaevТағдырдың мұнысына ризамын – Тәуелсіз еліміздің қалыптасу тарихындағы елеулі өзгерістердің басы-қасында болып, Қазақстан Рес­публикасының Мемле­­кет­тік егемен­дігі туралы деклара­цияның, «Қазақ­стан Республикасының Президенті лауазымын тағайындау туралы» Заң­ның, «Қазақстан Рес­пуб­лика­сының Азамат­тығы туралы», «Қа­зақ­стан Республикасының Мемле­кеттік Тәуелсіздігі туралы», «Тіл­дер» ту­ра­лы заңдарды дайын­дауға және олардың қа­был­дануы­на тікелей қатыстым. 1991 жылы жел­тоқсан айының 8-інде Белорус­сияда болған тарихи оқи­ғаның не­гізінде 70 жылдан астам халық­тың көз жасына боял­ған жүйе күй­реп, шын мәнінде отарлық құрсау­дағы одақтас республикалар өздері­нің егеменді, тәуелсіз мем­лекет­терін қалыптастыруға мүм­кінд­ік алды. Қазақстанда 1986 жылғы желтоқсанда бұрқ еткен халық­тық қозғалыс бұрынғы КСРО шеңберінде осы мүмкіншілікті тудыр­ған негізгі әрі шешуші себеп­тер­дің бірі болды. Қазақ жастары­ның бас көтеруі халық қозғалса,  өз мақсатына жететінін көрсетіп, төрткүл дүниеге біздің бодандық ұйқыдан оянғанымызды жария етті. Осы орайда ел тәуелсіздігінің заңдық базасы Конституцияны, біздің 1990 жылдан бастап қабыл­даған аса ауқымды құқықтық құжат­тарды тірек ететінін айрықша атап өткім келеді. Егемен Қазақстанның жаңа конституциялық заңдылығы осы сәттен басталды. Жаңа Конс­ти­туцияның жобасын жасамастан бұрын, біз елімізді басқару фор­масын анықтап алуымыз керек болды. Сөйтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы мәжілістерінің бірінде мен Қазақстанда Прези­дент қызметін тағайындау туралы ұсыныс жасадым. Ол кезде бұл көп­теген факторларға байланысты еді. Қоғам көп ұлтты елде конфе­дера­цияның тиімсіздігін сезіне де, түсіне де білді. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы заң қабылданып, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Осы заңның негізінде рес­пуб­­ли­каның мемлекеттік және қоғамдық құрылысына түбе­гейлі өзгерістер енгізілді. Өйт­кені, Пре­зи­дент қызметін таға­йын­­дау Жоғарғы Кеңестің моно­по­­лия­­­лық билігін жоюға жете­леп, мем­­лекеттік құрылыс прак­­ти­ка­сын­да билікті бөлісу прин­ципі­нің алғашқы қадамдарын бекі­туге бастады. Қазақстанның еге­мен­дігін баянды ету процесінің келесі логикалық жалғасы «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация болды. Оның жобасын мен жасап, бірнеше депутаттың қолымен «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияладық. Ұзаққа созылған пікірталастан соң, жаңартылған одақтық шарт жасасу мүмкіндігі пайда болған аса күрделі саяси жағдайда, 1990 жылдың 25 қазанында Декларация қабылданды. Аталған кезең аралығында мем­лекет өмірінің барлық негізгі бағы­т­тары бойынша заң күші бар, жалпы саны 136 президенттік жар­лық шығарылды. Нақ осы заңдар елі­мізде реформалар қарқынын же­дел­детуге және даму бағытын нақ­ты айқындауға көмектесті. Конс­титу­циялық заңдармен бір мез­гілде эко­но­микалық және әлеу­мет­тік ре­фор­малар, қаржы, банк және басқа да шаруашылық қызметі мәсе­ле­леріне арналған идеологиясы жағы­­нан нарықтық заңдардың үл­кен тобы жұмыс істей бастады. Ел­ге ірі шетелдік капитал тартуға жағ­­дай жасалды. Қазақстандық тар­тым­­дылық өнді­рісті күрт өріс­тету­мен қатар, жүз мыңдаған аза­матқға жұмыс беріп, бюджет қара­жа­тын молайтты. Ең бастысы, пре­зи­дент­тік институт қос палаталы кәсіби Пар­ла­менттің біліктілігі мен бел­сенділігін нығайтты деп тұжы­рымдай аламыз. Тәуелсіздік туралы Конститу­ция­лық заңның жобасын мен, Еркеш Нұрпейісов, Талғат Донақов үшеуміз өз бастамамызбен жасап, 1991 жылдың шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Прези­диумына тапсырдық. Бірақ, бұл құжат біраз уақыт қараусыз жата берді. Кейбіреулердің «онсыз да тәуел­сізбіз ғой, осы заңның қажеті қанша» деген сөздері де құлағы­мызға жетіп жатты. Ақырында, сол жылдың 9 жел­­тоқ­­саны күні Қазақ КСР Жоғар­­ғы Кеңесі Президиумы­ның мәжілі­сінде депутат Манаш Қозы­баев және мен тәуелсіздік туралы Конс­ти­туциялық заңды қабылдау қажет екен­дігі туралы мәселе көтер­дік. Бұл жағдай депу­тат­тарды да ма­залап жүрген болуы керек. Өйт­кені, ұсынысты Президиум мүшелері бірауыздан қолдап, мен баяндамашы болып бекітілдім. Араға жеті күн салып мен Жоғар­ғы Кеңестің мінбесіне кеу­дем­ді кернеген үлкен ұлттық-пат­риоттық сезіммен шығып, Қазақ­стан Республикасының тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның жобасы туралы баяндама жасауға кірістім. Байқаймын, залда отырған депутат­тардың басым бөлігі тоталитарлық жүйенің атына айтқан зілді ой­ларымды қолдағанымен, әр жерде күбір-күбір сөйлеп, айыптау сөз­дерімді артық санайтындардың бар екендігі сезіліп тұрды.Әлі есім­де, мен депутаттардың көңілі мен назарын әлемге айбынын шаш­қан күшті де мызғымас, қатал ор­та­лықтандырылған импе­рия­лық Кеңес Одағының күй­рей бас­тағанына, бірнеше респуб­ли­ка­ның оның құрамынан шығып, тәуелсіз мемлекеттер ретін­де өркендейтінін, қиын да болса болашағы зор, қуа­нышты бостан­дық жолына түс­кен­дігін шамамның жеткенінше дәлелдеп бақтым... Сонымен, ғасырларға созылған мемлекеттік арманымыз орындал­ды. Республика Президентінің Жарлығымен 16 желтоқсан ресми Тәуелсіздік күні және жалпы ха­лық­тық салтанатты мейрам болып жарияланды. Қазақстан Рес­пуб­ликасы бүгінде тәуелсіз демо­кра­тиялық, құқықтық мемлекет ретін­де қалыптасты. Оның қазіргі кез­дегі аумағы біртұтас және оған еш­кімнің қол сұғуға қақысы жоқ. Мен айтар едім бүгінгі кемел за­манымызда жоғарыда аталған конституциялық міндеттер мен идеялар, азаматтар жауапкершілігі, одан туындайтын қолданыстағы заңнамалар, стратегиялық және мемлекеттік бағдарламалар, Прези­дент жолдаулары, әлемдік өркендеу үрдістері арқылы игілігімізге айна­лып отыр. Біз, тағы да қайталап айта­мын, Ата Заңы салтанат құрған конс­титуциялық кеңістікте өмір сүру­деміз. Тәуелсіз Қазақстан тари­хи қысқа мерзімде таңғаларлық табыс­тарға жетті. Еуразиядағы көш­бас­шылар санатындағы еліміз әлем­нің ең беделді ұйымдарының мүшесі ғана емес, олардың көп қыр­­лы жұмысын үйлестірер көшбас­шыға айналды.  Менің бүгінгі қуаны­шым да – сол. Сұлтан САРТАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы АЛМАТЫ