20 Желтоқсан, 2016

Павлодар боксы жаңа белеске көтерілді

134 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
09-12-16-makazhanov2016 жыл Павлодар боксының жаңа парағын ашты. Ертіс бойындағы шаһар тұңғыш рет бір жылда екі бірдей ірі доданы – жастар арасындағы Азия чемпионатын және ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігін қабылдады. Керекулік былғары қолғап шеберлері бұған дейін табаны тимеген белестерді де бағындырды. Сондай-ақ, Павлодар бокс федерациясы еліміздің 2016 жылғы ең үздік ұйым деп танылды. Осы орайда, бокстан әскерилер арасындағы әлем чемпионы, Павлодар бокс федерациясының атқарушы директоры Азамат Мақажановты аз-кем әңгімеге тартқан едік. – Азамат Шұғаұлы, Қазақ­стан чемпионаты Павлодар үшін қалай өрілді? Межелеген жоспар қандай еді? – Жоспар мейлінше көп жүлде алу еді. Боксшылар оны ойдағыдай орындады. Сынға түскен 12 спортшының алтауы жүлдеге ілігіп, бізге 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль бұйырды. Соның ішінде аса ауыр салмақтағы Олжас Боқаев бірінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Бұған дейін ел біріншілігінің бір рет – күміс, екі рет қола жүлделерін еншілеген боксшымыз осы жолы тұғырдың ең биігінде тұрды. Жалпы, Олжас – Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан чемпионатын ұтқан төртінші павлодарлық. Алғаш рет 1993 жылы Виктор Шторм топ жарған-ды. 2002 жылы мен ел чемпионы атандым. Ал 2007 жылы Дмитрий Готфрид алтын медальді мойнына ілді. Міне, содан бері Павлодардан чемпион шықпаған. Сол олқы тұсымызды Олжас толтырды. – Биылғы чемпионат Пав­лодар облысының бірнеше рекордын жаңартты... – Иә, 6 боксшымыз жүлдеге ілінді дедім ғой. Олжастан бөлек, Серік Мұсаділов (91 кило) пен Қуан Қуатов (64 кило) күміс медальмен марапатталды. Шаймұрат Құсайынов (80 кило), Илья Очкин (69 кило) және Серік Теміржанов (60 кило) қола жүлдені қанағат тұтты. Павлодарлық былғары қолғап шеберлері Тәуелсіздіктің ширек ғасырында мұндай жетіс­тікке алғаш рет қол жеткізді. Чемпионаттың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Қазақстан облысы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынға Павлодар облысына тиді. Бұл да 25 жылда павлодарлықтарға бағынбай келген белес еді. Биыл еңсердік. Үшінші орынды Маң­ғыстау түйіндеді. Чемпионатта жүлдеге ілінген 6 павлодарлық та бокстан Қазақ­стан ұлттық құрамасына алынды. Мұндай табыс өңір боксының тарихында бірінші рет орын алып отыр. Қазірдің өзінде еліміздің бас командасына алынған Олжас Боқаевтың «Астана арландары» сапында өнер көрсететіні белгілі болды. – Облыс намысын қорғаған жігіттерге көңіліңіз толды ма? Кімдер сенімді ақтамады? – 52 килода жұдырықтасқан Ерлан Тәмемовтен жүлде күтіп едім. Бірақ ол алғашқы жекпе-жегінде-ақ ұтылды. Меніңше, Ерлан төрешілердің «құрбаны» болған сияқты. Әйтпесе, ол – тәжірибелі боксшы. Бірнеше рет ұлттық құрама сапына да алынған. 60 килода өнер көрсеткен Серік Теміржановты жүлделер «ауылына» жетеді деп ойламаған едік. Бұл жарысқа оны ересектер арасында тәжірибе жинап, толыссын деп қатыстырғанбыз. Бірақ Серік ерледі. Мен жасаған жүлде алуы тиіс боксшылар тізімінде Қуан Қуатов пен Илья Очкин, Серік Мұсаділов пен Олжас Боқаев, Шаймұрат Құсайынов болды. Аллаға шүкір, бәрі де жүлде алды. Десе де, Шаймұраттың өнеріне мүлдем көңілім толған жоқ. Оның мүмкіндігі жоғары-тын. Дұрыс пайдалана алмады. Ел чемпионы атануы тиіс боксшының бірі Илья Очкин еді. Өкінішке қарай, ол «қоламен» шектелді. – Павлодар облысы ел чемпионатын биылғы додаға дейін өткізіп пе еді? – Біреу білер, біреу білмес, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ересектер арасындағы ең алғашқы чемпионат 1993 жылы Екібастұз қаласында жалауын желбіреткен. Оны өткізуге бокстан Павлодар облысының қазіргі бас жаттықтырушысы Владимир Шульга мұрындық болған. Ал Павлодар ел біріншілігін алғаш рет 1974 жылы өткізген екен. Биыл осымен бізде үшінші мәрте ел чемпионаты өтіп отыр. Бұдан бөлек, осы жылдың мамыр айында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатын өткіздік. Осылайша «сары құрлық» бәсекесін тұңғыш рет қабылдадық. Кіл мықтылар бақ сынаған додада павлодарлықтар Серік Теміржанов пен Аятолла Тәкежанов алтыннан алқа тақты. Бұл аймақ боксының тарихындағы айшықты оқиға болды. – Шыны керек, соңғы 5-6 жылда ұзақ уақыт бойы тұралап қалған Павлодар боксы бойына «қан жүгіре» бастады. Өңірден мықты боксшылар да шыққан жоқ. Мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз? – Біріншіден, бұған облыстағы материалдық-техникалық базаның жұтаңдығы кері әсер етті. Әйтпесе, Павлодар топырағы дарынды спортшыларға, білікті бапкерлерге кенде емес. Екіншіден, саланы қаржыландырудағы кемшін тұстар да аймақ боксының алға басуына кедергі келтіріп келді. Кейін сең қозғалды. Қазақ­стандағы бокстың деңгейі жоғары. Былғары қолғап шебер­леріне Азия чемпионатында топ жарғаннан, ел біріншілігінің жартылай финалына жолдама алу әлдеқайда қиын. Себебі, біздің елде бәсекелестік күшті. Ал ма­териалдық-техникалық базаның жұтаңдығымен, қаржының аз­дығымен Қазақстан боксының көшіне ілесу мүмкін емес. Аллаға шүкір, қазір Павлодар боксының қадамы нық. Материалдық ба­за да жаңарды. Жас боксшыларды ынталандыруға көңіл бөлінуде. Осының нәтижесінде болашағынан зор үміт күттіретін жастар бой көрсете бастады. Бокс­шыларымызға қойылған ендігі мақсат – «күн астынан» орын алу, яғни ұлттық құрамаға біржола бекіну. – Боксшыларды алда қандай жарыстар күтіп тұр? – Ұлттық құрамаға алынған жігіттердің алдағы төрт жылы қазірден-ақ жоспарланып тұр. Олар 2017 жылы Азия чемпионаты мен әлем біріншілігіне қатысуға тырысады. 2018 жылы Азия ойындары мен Әлем кубогы күтіп тұр. 2019 жылы Олимпия ойындарына іріктеу додалары басталады. Ал 2020 жыл – Токио Олимпиадасы. Демек, күрзі жұдырықты жігіттерге алдағы төрт жылды құр жіберіп алмау керек. Басты меже – Олимпия ойындарына қатысу. Тәуелсіздік алған 25 жылда Павлодар облысынан төрт жылдықтың басты додасына бір ғана боксшы барыпты. Ол – Николай Кульпин. Біздің мақсатымыз – Олимпиадада ел намысын қорғар боксшы тәрбиелеу. – Әңгімеңізге рахмет! Жеңісті күндер көп болсын! Фархат ӘМІРЕНОВ ПАВЛОДАР