20 Желтоқсан, 2016

Мұрат пен мүдде үйлесімі

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік сияқты ұлттық құндылықты бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің бір тұғыры – ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Азаматтардың мүддесі мен мұраты ұштасқан Қазақстанның әлеуеті ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Еліміз үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы. Біздің стратегиялық міндетіміз халық өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру болып табылады. Мемлекет басшысының көрегендігі мен дер кезінде жүзеге асырылған саяси-экономикалық реформалардың арқасында Қазақстан 2000 жылдың басында Еуропа қауымдастығы, ал 2002 жылы АҚШ тарапынан нарықтық экономикасын қалыптастырған ел ретінде танылды. Елбасы саясатының нәтижесінде Қазақстанды бүкіл әлем мойындады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Қазақ елінің дүние жүзі қоғамдастығы алдындағы беделін биіктете түсті. Ең бастысы, Мемлекет басшысы нақтылаған «Қазақстан 2050» Стратегиясының мақсаттары мен мін­деттері ойдағыдай жүзеге асырылуда. Еліміздің Конституциясында «Қазақ­стан өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам мен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Демек, қоғамда тұрақтылықты, татулықты қалыптастырып, елдің әл-ауқатын жақсарту басты мәселе болып табылады. Біз қазір шын мәнінде дербестігімізге даңғыл жол ашып, азат ойлауды қалыптастыру үстіндеміз. Еліміз либералды демократиялық даму жолына түсті. Сонымен қатар, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақ­тылыққа негізделген сенімнің биік деңгейі сақталып отыр. Өзім қызмет атқаратын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жүйесі тәуелсіздік туын көтерген сәттен бас­тап бүгінгі күнге дейін құқықтық мемлекетке жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Оның жұмысы түбегейлі өзгерді, маңызы зор көп салалы қызметті жүзеге асыра бастады. Соның бір айғағы, соңғы жылдары құқықтық статистика және арнайы есепке алу жүйесінде «Айқын», «Бизнес тірегі» және тағы да басқа жаңа салалық жобалар қалыптасып, өз өрісін жалғастыруда. Біз тәуелсіз ел болу үшін қаншама қиыншылықтарды басымыздан өткіздік, енді осы тәуелсіздігімізді сақтап қалу мен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында, құқықтық статистика органдары атқарған іс-шаралар және алдағы ойластырған жобаларды жүзеге асыру үшін, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту, экономикасын әрі қарай көтеру, мемлекетіміздің гүлдеп жайнауы, демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолында аянбай еңбек етуіміз қажет. Жомарт ОСПАНОВ, аға әділет кеңесшісі АСТАНА