20 Желтоқсан, 2016

Тәуелсіздік рухы - музыка үнінде

907 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
image-05-12-16-09-30немесе Нұрғисадан бата алған Нұрсәт Еліміздің болашағы бүгінгі жастардың қолында болмақ. Осы бағытта бар мүмкіндіктер жасалу үстінде деп, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қойған мақсатында айтылғандай, игілікті бастамалар іске асырылуда. Еліміздің классикалық музыка өнері мұрасын дамытуда ел сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген жастар баршылық. Сондай жастардың бірі де бірегейі – композитор Нұрсәт Бейсеқожа. Ол Алматының 163-мекте­бінде оқып жүрген кезінің өзінде «бала композитор» атанған. Дом­бырада тамылжыта күйлер орындайтын және өз жанынан әндер мен күйлер шығарған сазгер оқушы болғаны жұртшылықтың есінде. Бұл жөнінде Нұрсәттің өзі: – «Күй шығару жолындағы шығармашылық өнерім 3-сыныпта оқып жүргенімде басталды. Алғаш рет «Шаттық» деген күй шығардым. Оқушы кезімде, 2000 жылы Халықаралық София Губайдуллина атындағы композиторлар фестивалінде, менің әндерім мен күйлерім жоғары бағаланып, «Ең жас композитор» номинациясында жүлделі болдым. Сол жылы Қазақ радиосы ұйымдастырған республикалық «Балақай» радио­фестивалінде Гран-приді ұтып алған болатынмын. 2001 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың дирижерлік етуімен Алматы қа­ла­сындағы «Қазақконцерт» залында, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрімен әндерім мен күйлерім орындалып, алғашқы шығармашылық кешім болып өтті. Сол жылы 16 жасқа толған едім. Шығармашылық кеште өзімнің 17 күйім орындалды. 7 күйімді Құрманғазы атындағы оркестр орындап, 10 күйім жеке домбырада тартылды. «Қарагер» атты күйімді Қазақстанның халық әртісі, күй­ші Тұяқберді Шәмелов орындады. 2001 жылы Қазақстан авторлар қоғамның мүшелігіне кіріп, қо­ғамның арнайы бір жылдық мемлекеттік стипендиясына ие болдым. 2002 жылы республикалық «Абай оқулары» конкурсында «Өз шығармашылығы» номинациясында Гран-при жүлдесін ұтып алдым», – дейді Нұрсәт. Қарап отырсаңыз, Нұрсәттің музыкаға деген ынтызарлық талабы балауса кезінен-ақ қанат қаққан. Ол туған ауылында қаршадайынан Жамбыл сарындары мен Кенен әуендерін тал бойына сіңіріп өсті. Әрине, осындай керемет тал­пыныс Нұрсәттің айналасына, көзіқарақты ағаларына, абыз қа­рия­ларға байқалмай қалған жоқ. Осы­ның ең бастысы деп Нұрғиса Тілен­диевтің Нұрсәтқа берген бата­сын айтуға болады. Нұрағаң бала композитордың шығармаларына мән беріп, орындаған күйлерін тыңдап, «Мына бала болғалы тұрған күйші екен, саусағы салымды, қолы қарымды, ойы терең екен, ұзағынан сүйіндірсін!» деп батасын бергені бар. Нұрсәт Бейсеқожа кемеңгер Төле би бабамыздың ұрпағы саналады. Тікелей нағашы атасы Есдәулет Кәндеков Жамбыл бабамыздың жанында қатарлас жүрген әйгілі айтыскер ақын болған. Өнер жолына құлаш сермеген Нұрсәт Құрманғазы атындағы Ұлт­тық консерваторияны ком­по­зиторлық мамандығы бойын­­ша 2010 жылы Ақтоты Райым­құлова­ның класынан бітіріп шықты. Содан бері, міне, 6 жыл өте шықты. Осы жылдар ішінде Нұрсәт не тындырды деген сауал ойға оралады, әрине. Нұрсәт Бейсеқожаның елге тараған әндері мен күйлері және күй-поэмалары жайлы тізбектеп айту көп уақыт алады. Ол – қазір­дің өзінде 40-тан астам күй­дің, 4 күй-поэманың, 12 әннің және классикалық жанр­дағы шы­ғар­малардың авторы. Жал­пы, 100-ге жуық музыкалық шы­ғармасы бар. Студенттік жылдарында Нұр­сәт қазақтың классикалық музы­ка үлгісіне ден қойып, өзінің ал­­дын­­­дағы Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұха­мед­жановтар тәрізді ата буын ком­позиторлардың жазған сим­­фо­ниялары мен операларын тың­дай жүріп музыкалық білімін жетілдірді. Енді, міне, Нұрсәттің өзі де күрделі музыкалық жанрларға бет бұрған кәсіби композитор ретінде танылып отыр. Бір ғана мысал, Нұрсәттің «Төле би толғауы», «Аңырақай шайқасы» және «Еңселі елім» деп аталатын ұлттық оркестрімізге арнап жазған үш оркестрлік күйі жоғары музыкалық кәсіби деңгейдегі Қазақ елінің рухын айшықтайтын аса күрделі шығармалар екені анық. Осы үш шығармасымен Нұрсәт Бейсеқожа Қазақ хандығының 550 жылдығына керемет тарту жасады. Осы үшеуінің қай-қайсысын алсаңыз да қазағымыздың рухы, қайыспас бірлігі, ұлы жеңістері мен бүгінгі Тәуелсіздігіміздің биік тұғыры музыка үндестігінде шынайы суреттелген. Осылармен қатар Нұрсәт Бей­­­се­қожа Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­­дық мерейтойына арнап, бү­гін­гі өмір салтанатын паш ете­тін, Елбасымыздың сара жолын ай­шық­тайтын «Нұрлы жол» атты күй-поэма жазды. Күй-поэма –  маз­мұнының негізгі арқауы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың хал­­қын дамыған елдер қатарына жет­­кізудегі қиыннан басталып, ізгі тілекпен аяқталғанын суреттеген музыкалық көркем әрі күрделі шығ­арма. Көк туы желбіреген Қазақстан дамыған елдердің қатарына көте­- р­іл­ді. Алаш рухы қонған Мәңгі­лік ел – Қазақ елі айдай әлемге танылды. Нұр­сәт Бейсеқожа Қазақ елін осындай биікке көтерген, осы дәрежеге жет­кізген Нұрсұлтан Әбішұлының бей­несін күй тілі­мен, оркестр үні­мен пафостық тұрғыда жеткізе біл­ді. Сөйтіп, Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дық ме­ре­кесіне ерекше тарту жасады. Неге десеңіз, Нұрағаң жо­лы – халық жолы. Халқын қанат­тандырып ақ нұрға бөленген тарих еншісіндегі Нұрағаңның Нұрлы жолы. Композитор осы ақиқатты түсіне де, жеткізе де білген. Нұрсәт Бейсеқожа – шын мәнінде музыкалық білімнің жоғары шы­ңы­на өрлеген, гармониялық, поли­фониялық тұрғыда терең тәсіл­дерді меңгерген, өте білімді кә­сіби композитор. Кезінде бел­гілі ғалым Ақселеу Сейдімбек «Нұрсәт туындыларындағы тың саз-сарындар мен төлтума әуен-ыр­ғақ­тар оның көшелі күйші екенін ай­ғақ­тап қана қоймайды, сонымен бірге болашағынан да зор үміт күттіреді», деп жазған болатын. (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың күй өнері. «Астана баспасы», 2002 жыл, 825-бет). Еліміздің Мәдениет министрі қызметін атқарып жүрген кезінде, Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед талантты композитор бала Нұрсәт Бейсеқожаның күй орындағанын тыңдап, ақ батасын беріп, оң жол тілегенін осы орайда айта кетуді де орынды санаймын. Осындай жақсылардың берген ақ жол тілеулері Нұрсәттің деніне қонып, бойына сіңген тәрізді. Сондай-ақ, есімі әлемге та­ныл­­­ған дирижер Герберт Фон Караян атындағы дирижер­лер кон­курсының лауреаты, Қазақ­стан­­­ның халық әртісі марқұм Төлеп­берген Әбдірәшевтің өзі Нұрсәттің 20-дан астам күй-поэмаларын жоғары бағалап, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің репертуарына енгізгені мәлім. Әдетте, өзімізге «25 жыл ішінде Тәуелсіздігімізге не арна­дық, не тындырдық?» деген сауал қоямыз. Бұл тұрғыдан алғанда композитор ретіндегі Нұрсәттің алатын орны ерекше болмақ. Міне, бүгін Нұрсәт орда бұзар шағында халқымыздың Құрманғазы атын­да­ғы академиялық халық ас­пап­­­тары оркестрін күңірентіп, күй­лерін күмбірлетіп қазақ аспанына Тәуелсіздік тұғырын айшықтайтын керемет шығармалар әкелді. Композитордың алатын асулары әлі алда. Дәл қазір Нұрсәт Бей­се­қожа Ш.Қалдаяқов атындағы Оңтүс­тік Қазақстан облыстық фи­лар­мониясының директоры міндеті қызметін атқару үстінде. Нұрсәттің шығармашылығына да, халқына атқарар қызметіне де сәттілік тілейміз! Жарқын ШӘКЕРІМ,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  музыка зерттеуші