20 Желтоқсан, 2016

«...Бесігіңді түзе»

336 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
omirbek-baygeldiӨмірбек Бәйгелді. Егер тәуелсіздіктің 25 жылдығының шежіресін парақтар болсаңыз бүгінде қадірменді ақсақал, аузы дуалы, сөзі уәлі, әрдайым ел-жұртының бүгіні үшін де, ертеңі үшін де айтар ойы бар, жоғары заң шығарушы орган – қос палаталы Парламент Сенатының алғашқы төрағасы, мемлекет қайраткері осы кісінің есімін кезіктіретініңіз хақ. Біздің тілшіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек БӘЙГЕЛДІГЕ жолығып, көкейінде кес­теленген ойларын ортаға салуын өтінген. – Хакім Абай «Ой да көп, уа­йым да көп ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең» деген ғой. Сіз өмір көрген, зердесіне түйгені мол, көп ізденіп, көп оқитын жансыз. Айтыңызшы, қазір не ойлап жүрсіз? – Рас айтасың, Абай хакім біліп айтқан ғой. Ойлай берсең ой табыла береді. Мысалы, мен «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөздің мағынасына көп үңілдім. Былай қарағанда, бір естіген құлаққа тез түсінетін, ап-айқын, ал тереңдесең бұл өте бір тұңғиық, терең ой екен. Қазақтың өткен ғасырда әбден азайып, теперішті көріп, ұлттың қаймақтары сыпырылып, мұқалып, жасыған тұсында осы сөз халықты көп тебірентті. Алқалы жиындарда ұлы мұраттарды ашып айта алмаса да, көкейлерінің ең алыс түкпіріне жабулап, жасырып сақтаған асыл мақсатын осы сөзбен жеткізуге болатынын ұққан еді ел. Біз көбеюді көксеген, соны армандаған елміз, ал бұл жайт Еуропаның басына бертінде түсті. Бірақ ол оларды біреудің қырып-жойғанынан емес, өздерінің тууды тым азайтып жібергеннен келді. «Не амалы бар, қайтеміз енді?» дегендегі табылған жолы – сырттан адам қабылдау болды. Бізге де бесігімізді қалай түзей­міз деген сұрақ туды. Сырттан халық келтіреміз бе, әлде өз ішімізден көбею мүмкіндігі бар ма? Міне, осы­лай ойланған уақытта, сонау заман­дардан келе жатқан бір мақал бар еді. Соны жұрттың бәрі ерсі деп қабылдап жүрді. Ол қай мақал? Ол Төле би баба айтты дейтін «Он үштегі бала – отау иесі» деген сөз. Осы кісі бекерге айтпайтын­дай еді, мұндай сөздің тууына не себеп болды екен деп сананы сар­сытқанда, арғы-бергі тарихты қоз­ғаған зерттеулерді оқығанда мынадай пайымға тоқтадым. Жоңғарлармен арадағы қырғын 200 жылдай жүрді. Күнде шабуыл, қан майданда қолына қару ұстар еркек кіндік көз жұмып, әйелдер жесір қалып, қыз-келіншектердің ерлерге қарағанда саны артып кетеді. Соның бәрін есептеп отырып, баба жарықтық, мына түрімізбен ертең жауға тойтарыс берер жан қалмайды, халықтың саны азая түсуде деп есептей келе, 15-16 жастан үйленсе де бәрібір әйел саны басым түсе беретінін, ал көбейгіміз келсе, ер ба­ланы 13 жаста отау тіккізсек қана мұ­рат­қа жетеміз, сонда ғана қыз-ке­лін­шек саны артық болмайды, сонда ғана 16 жылдың ішінде біз қарақұрым елге жетеміз, деген екен. Біздің де заманымызда осы баба басынан өткендей жайлар болды. Бірақ шүкір, шашылған бауырларды елге қайтарып, қазір Қазақстан халқының саны артты. Осы бесігіңді түзе дегенді үнемі қаперде ұстап, әлі де көп жұмыстар атқаруымыз керек-ау деймін. Мұнымен қатар, назар ау­да­рарлық тағы да мәселелер бар­шы­­лық. Соның бірі – жеріміздегі бас­қа ұлттың адамдарын өзге деп кеудеден итермей өзімізге икем­деу, бауырымызға тарту. Өзім­дікі деп икемдеген осы жолды ке­ле­шекте жақсы нәтиже берер деп бағамдаймын, жүрегім соның оң екенін айтады. Кешегі Олим­пиа­дада Дмитрий Баландин алтын алған­да кеудесіне қолын қойып, әнұранды айтып, қалай толқыды, Головкин қалай? Қазақтың киелі шапанын киіп, көкірегін керіп тұрып «мен қазақпын» дейді. Ал теледидарлардағы қазақ тілінде сайраған орыс, корей қыздарын қалай айналмассың. Соларды қалай кеудесінен итересің?! Сондықтан ешқайсысын бөлмей, арқасынан қағып, бауырымызға тартып, өзімізге бейім­дей беруіміз керек. Мұны өз басым ең бір дұрыс жол деп білемін. Осыны есепке ала отырып, жұмыстардың негізгі бағытын бала­бақ­шалар мен мектептерге аудару дұ­рыс болатын шығар. – Расымен де, егер халқы­мыз­дың рулық-тайпалық ше­жіресіне қарасақ, естек, қырғыз, түрікпен, шеркеш деген руларды көреміз. Естегіміз мысалы, башқұрт, сондықтан бұлай ету біздің халықтың тарихи санасын­да бар дүние ғой. – Дұрыс, бізден де көп жұрт сыртқа шығып сіңіп кетті, сол сияқты, бізге де біраз халық келіп кірген. Сондықтан біз саясатты ғана емес, әңгімемізді де өзгертуіміз керек. Кең көңілді қазақтан тар пейілді қазақ жасауға болмас. Осы айғайлап жүрген жігіттерге біраз басылу керек сияқты. «Кең болсаң – кем болмайсың» деп бекерге айтылмаған, сонда ғана біз халқымыздың келешегіне кемел жол ашамыз. Бесігіңді түзе дегенді осылай пайымдап, бүгінгі күні «Жұрт боламын десең, бесігіңді түзе» деуіміз керек шығар. Өйткені жұрт деген сөз ұлттан кең, ұлт десең бір ғана қазақ, ал жұрт десек, мемлекетіміздегі бар жұрт қамтылады. – Қазақта «алтын бесік» деген де сөз бар ғой. – Ия, бұл сөздің де мағынасы терең. Ел іші кеніш қой. Ауыл қазағының азаймағаны дұрыс, егер тұрмыстарын жеңілдетуге мән беріліп, газ жеткізіліп, ыстық су, суық суы болса, тамағы тоқ, шаруасы дұрыс болса, алдында малы, салатын егіні болса олар туып береді. Қазір де ауылдағылар туып жатыр. Сондықтан, ауылға көбірек мән беріп, жайылымдарын ту-талапай етпей, жағдай жасау елдік ең үлкен міндет деп ұғынам. Менің бір ойым қазір іштегі қазақтан сырттағы ба­уыр көп. Иранда 7 млн бахтиярлар, Қытайда бөлек-бөлек үш топ бар. Біз соның біреуімен ғана жұмыс істеп жүрміз. Өзбекстанда, Ресейде, Тәжікстанда, тағы басқа жерлерде көп халық бар, есептеп анықтаса болады. – Сөзіңіздің жаны бар, бірақ олар өздерін қазақпыз демейді ғой. – Қытайда салар жұрты, сосын Сары өзеннің бойында да қалың ба­уыр отыр. Тарбағатайдың аржағында, бізбен шекарада бір ауданда 17 млн халық болса, соның жартысына жуығы бауырларымыз. Бірақ қазақпыз демейді, руларын айтады, өлеңі де, сөзі де осы біздің сөз, бірақ қазақ аты жоқ. Қытайдың Тибетінде киіз үйде тұрып, ат шаптырып, ет асып, ән айтып жатқан біраз халық бар. Оларды да көшіріп әкелмегенмен, қарым-қатынас жасап отырғанымыз дұрыс тәрізді. Мысалы, Қазандағы татар туыстар жер жүзіндегі татарлармен байланыс орнатып, телехабарлар түсіріп, көздерінің аясында ұстап, елдегі татарларға ана жерде анадай, мына жерде мынадай туыс бар деп отыр. Біздің де біліп жүргеніміз дұрыс емес пе? – Сіз көп ел аралаған және солардың барлығындағы жақсы мен жаманды ой безбеніне салып саралаған жансыз. Айтыңызшы, сондайда өзімізбен салыстырып сүйінген де, күйінген де сәттеріңіз көп болған болар? – Айналайын, дұрыс айтасың. Әрине, ондай нәрсе де баршылық. Мысалы, біз зәулім қалалар соқтық, ел таңғалып жатыр, мұның бәрі жақсы. Ал жер-жердегі тірлігіміз де соған жалғасып, әрленіп, тартымды болуы тиіс қой. Мен Жапонияға барғанда біздің елде ҚазМУ-да оқыған бір жапон қызын жолықтырдым. Ол бізге аудармашы болды. Содан сырт көз сыншы келеді ғой, елімізде оқыса ой түйген шығар, сұрайыншы, білейінші деп әңгімеге тарттым. Аудармашы қыз Қазақстанды керемет мақтады, қазақтың қонақжайлығына, ешкімді жатсынбайтын мінезіне сүйсінді. Тіпті, сен тіл үйренуге келдің ғой деп мені жатақханаға тұрғызбай, үйге жатқызды, сол үйдегі апа анамдай болды. «Қызым, шай іш», деп маған баласындай қарады, мен мұндай мейірімді халықты көрген жоқпын деді. «Қызым, сен жақсылығын керемет айттың, көп рахмет саған, ал енді біздің елде саған не ұнамады?», деп сұрадым. «Жоқ, ұнамайтын нәрсе жоқ», дейді. «Олай болуы мүмкін емес, менің көңіліме қарама, ойыңды білгім келеді, – дедім. Сонда не айтты? «Бірінші, сіздердің қонақжайлықтарыңыздың арқасында көп үйлерден дәм таттым. Біздің жапондардың ең байы үй ішіндегі дүние-бұйымдарды ондай жинамайды. Сонда көріп, ой өте бай тұрады екен ғой, керемет қой деп ойлайсың. Ал сол пәтерге көтерілерде баспалдақпен өрлеп келе жатқаныңызда сызып, шимайланған, шашылып, шаң басқан ыңғайсыз көрініске кез боласыз». «Ия, айтқаның дұрыс, тағы не бар?» – деп сұрадым. «Сіздердегі бір ұят мәселе дәрет алып, жуынатын жерлеріңіз екен. Жапондар оны жалтыратып қояды, күніге бәлен рет жуылып, орамалдарын сайлап, жуы­натын сабынын дайындап оның тазалығына үлкен мән береді, ең күтіп ұстайтын жерінің бірі сол. Ал сіздерде қаладағы қоғамдық, әсіресе сырттағы, жол бойындағы әжетханалардың ішіне кірмек түгілі, маңайынан жүре алмайсыз. Оған аяқ аттап басуға мүмкін емес», – деді. Содан, мен елге оралған соң жол бойындағыларына әдейі барып көрдім. Ал көргенім ол айтқаннан да жаман болып шықты. Қазір жолаушы көбейді, адам тоқтамай тұрмайды, ал оның арасында шетелдік турис­тер, іскерлер қарасы молайды. Ал анадайларды көріп тұрып олардың біздің елді мақтай қоймайтыны айдан анық. Сондықтан бүгін демей, ертең демей тезірек қолға алып, оларды тәртіпке келтіретін жұмыс екен. Мүмкін әр ауданның әкімдеріне тәртіп беріп бекітіп, тексеріп, соған су жеткізіп, тазалайтын, әйтеуір, сол орынның иіссіз тап-таза болып тұруын, тазалығын қамтамасыз ететін шаруа жасау керек сияқты. Бұл көп қаржы қажет ететін қиын жұмыс емес. Елге қатысты әңгімеде ойлай білген адамға ұсақ-түйек жоқ. Тал бесігіміз де, алтын бесігіміз де өте киелі, оның қасиетін қашырмау жер басып жүрген біздерге сын. Осы сөзді түсіну үшін мақал-мәтел, қанатты сөздерді көп зерделедім. «Отаным – алтын бесігім» деген халқымыз. Балдырған үшін ағаштан жасалған тал бесік болса, ал бәріміз үшін алтын бесігіміз – ол бір Отанымыз, Қазақстан. Осы бесікке не кіреді? Ол бесікке бірінші кіретін – жер, су. Өйткені, бізден ілгеріде өткендер соны қастерлеген. Йер, су деген шумерлердің жазбаларында да бар. Үшінші оған ауа қосылуы керек. Міне, негізінен біздің алтын бесігіміз осы. Оның тазалығы мен амандығын ойлауымыз қажет. Оған бүгін еге болып отырған біздер жауаптымыз. Бабадан қалған қасиетті жер қу бола ма, ну бола ма ол бүгінгі біздерге байланысты. Егер біз Жер-Анамызды ренжітпесек, аялай білсек көгереміз, көктейміз. Халқымыз бұрын жер құтаймай, ел құтаймайды дейтін. Енді сол сөз қайта тірілді. Жер де құтайды, ел де құтаяды. Дүние бір жерде тұра бермейді. Ылғал да көбейеді, өнім де молаяды. Диқандар көп жылдардан бері тек қана 8-10 центнерден алатын бидай өніміне үйреніп қалған. Әрі қарай ойлану жоқ. Тіпті 20, одан да көп өнім, 40-50 мың тоннадан астық жинауға қол жетіп қалар. Сонда осынша байлықты қайда сыйғызамыз, қалай сақтаймыз, қалай өңдейміз, қалай сатамыз деген мәселелерді қазірден бастап ойлана берген дұрыс шығар. Қазақ кіші бесігінің өзін керемет қастерлеген. Сән-салтанаты келіскен көште бесікті артқы түйеге емес, алдыңғы түйенің қомына орналастырған. Бесікті ешкімге бермеген, сыйға тартпаған. Тек бала тумайтын жасқа келгенде тиісті рәсімдерін жасап, отқа жағып, бір талдың түбіне апарып көмеді. Бесікті ешқашан есікке жақын қоймаған, бесіктің орны төрге жуық, ол сондай киелі. Ал үлкен бесігімізге келсек, оған деген құрмет соның ең үлкені болмақ. Қазақта құтайды деген сөз бар. Оның мағынасы неде. Бір кезде біздің жеріміз тез сарғайып, шөбі қурап кетуші еді, енді біздің жерге күш бітіп, құтая бастады. Мәселен, бір құлқайыр деген гүл бар, ғылыми аты – мальва. Сол гүл далада өзінен-өзі пайда болып, жылдан-жылға көбейіп келеді. Енді қазір көптеген жерлерде өзінен-өзі жиде қаптап ну болды. Міне, жер құтайды деген осы. Осыны жер-жердегі азаматтар байқайды, бірақ аса мән бермейді. Мына жерде қалыңдапты ғой десең, ия, өзі қазір көбейіп барады, дейді де қояды. Неге олай екенін ойламайды. Өйткені жерге құт бітті, жердің егесі болатын жұрттың саны өскен сайын Жер-Ана мейірлене түсуде. Мысалы, Астананы алып қараңызшы, алғаш келгенде үскірігі бет қаратпайтын. Ал қазір бірте-бірте өзгеріп, ауа райы да жұмсара түсуде. Осы жағдайдың бәрін есептей отырып біз немен айналысуымыз керек? Не істеуді табиғаттың өзі көрсетіп отырған жоқ па? Сол жиде қаптап келе жатқан жерлерге тұқымын әкеліп, соның мәдени түрлерін де отырғызу керек. Басқа да қылқан жапырақты ағаштардың түрлерін көбейту керек. Жеміс беретінін, бермейтінін немесе жай сұлу, әсем гүлдеп тұратын ағаштар мен бұталарды да еге берсек құба-құп болар еді. Мен кезінде Жамбыл облысын басқардым, сонда жол жиегіне алма ағаштар еккіздім. Сол өскен алманы шетелдіктердің қапқа салып әкетіп жатқандарын көрдім. Бірақ біз оларға тыйым салмадық, ала берсін дедік. Неге? Сонда барған соң жүрген жерінде айтпай ма, мына қазақтардың даласында алма өсіп тұрады екен деп. Жесін, көрсін. Неге жол бойында терек пен қарағаш қана өсіп тұруы керек, миуасы төгілген жеміс ағаштары өсіп тұрса жаман ба?! Қытайда жұмыссыздықпен күресте шамалы ғана айлық беріп адамдарды сондай пайдалы іске жұмсайды екен. Біздің үлкен Алтын бесігімізді алтын ету қолымыздан келмей ме? Даладағы өсіп тұрған ағаш пен шөптің басына целлофан қаптардан қалпақ кигізбей, плас­тик құтыны жол бойына лақтырып кетпей, Жер-Анаға өгей емес, өз перзенті болайық та. Жер-Ананың мейірі төгіп, құты бойында тұруы үшін біздің бесігімізді түзейтін уақыт болды ғой. Тәуелсіздігімізге – 25 жыл. Бұл адамдық өмірге салсаң қылшылдаған жігіттің шағы. Осындай қайраты бойындағы жас жігіттер тау қопарып, тас жармай ма?! Ол біздің әр азаматымыздың маңдай терін төгіп, тынбай істейтін, түптің-түбінде еліміздің көсегесін көгертетін жол осы емес пе?!  – Аға, ағынан жарыла айтқан әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»