20 Желтоқсан, 2016

«Зерек» зерделі жастарға жол ашады

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда ғылыми ізденістердің нәтижелі болып, өндіріске енгізіліп, экономиканың дамуына серпін беруі маңызды. Бұл бағытта жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту қайтарымды болмақ. Осындай игі қадамның бірі олардың  жанынан технопарктерді көптеп ашу болып табылады. Жақында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің жанынан «Зерек» технопаркі ашылды. Жаңа нысанның сал­танатты ашылуына  қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қалада ашылып отырған тұңғыш технопарктің  өңір үшін аса маңыздылығын атап өтті. Аумақ басшысы әрбір мемлекеттің дамуы жаңа технологияға, инновацияға, ғылымға байланысты екеніне, егемен елімізде осы кезеңде ғылым мен білімнің қалай дамығанына тоқталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға  дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену мақсатын қойып отырғанына, ол үшін шет елдегі озық технологиялар мен инновацияларды өзіміздің өндірісімізге, оқу процесімізге енгізуіміз керектігіне назар аударды. – Ақтөбедегі  бес жоғары оқу орнының бүгінге дейін  біреуінде де технопарк болған жоқ. Ал  бүгінгі ашылып отырған жаңа нысан жастарды ғылымға бастайды. Бұл технопарк ғылым мен өндірісті байланыстырады. Бұрын өндіріске енгізілмеген жаңалықтар әуелі осы технопаркте қолданылып, сараланып, одан кейін өндіріске енгізіледі. Бұған дейін осы университеттің жанынан тестілеу орталығы да салынған болатын. Бүгін, міне, технопарк салтанатты жағдайда ашылып отыр. Бұл осы жоғары оқу орнының Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тартуы. Егер әр мекеме мерекеге осындай тарту жасаса, мемле­кетіміз, өркендей түседі, – деді ол. Салтанатты жиында университет президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан жаңадан ашылып отырған технопарктің алдағы уақытта ел игілігіне қызмет ететінін жеткізді. Технопарк директоры, техника ғылымдарының кандидаты Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бүгінгі күні «Зерек» технопаркіндегі үш зертханада профессорлар, студенттер мен жас ғалымдар жұмыс істеуде. Ол «Ғылымдар қоры» акционерлік қоғамына төрт бағыт бойынша конкурстық құжаттарын жібергендерін айтты. Егер грант ұтып алса, алдағы уақытта ғылыми жұмыстармен айналысуға мол мүмкіндік болатынын атап өтті. Жаңа ғимарат төрт қабаттан тұрады. Онда кітапхана қоры мен мұрағат, ғылыми кітапхана, зертханалар, акт залы және жұмыс бөлмелері бар. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан»