20 Желтоқсан, 2016

Азаттықты сәулет тілінде айшықтадық

405 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
file0018-kopiyaҒасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсап, осы жолда күресіп келген Азаттықтың өз басым үшін аса аңсарлы, қымбат болғандығын айтқым келеді. 1991 жылдың тамыз айында Абылай ханның 280 жылдығы алғаш тойланған күндерде күллі Көкшетаудың тау-тасы, орман-көлі «Аруағыңнан айналайын, Абылай!» деп тебірене тербеліп тұрып еді. Бір ғажабы, осы той бүкіл халқымыз ақсарбас айтқан ерен қуаныштардың басы болды. Көп ұзамай ғарышқа тұңғыш қазақ оғланы ұшты. Одан Тәуелсіздігіміздің сәт сағаты соққан. Мен Елтаңбаны әзірлеумен Қазақстан Тәуелсіздігі жария­лан­ған­­­­нан көп уақыт бұрын айналыса бас­тағанмын. Осы саладағы еңбе­гі­м­нің қорытындысы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік Ел­таң­ба­сы­ның дүниеге келуі болды. Оның жа­салу тарихы да нышандарға то­лы. 1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан кезде мен өзім жасаған естелік таңбаны беріп жіберген едім. Таңбада туған үй­дің, Отанның белгісіндей шаңырақ бей­не­леніп, оны айнала ұшу символы, жай­ылған қос қанат суреттелген. Осы таңбаны Қазақстанның ғарыштық эмб­лемасы етуді ұсынды. Комиссия бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, бекітті. Болашақ Қазақстан Елтаңбасының түп негізі сол таңба болған деп есептеу керек. Менің бастапқы идеям бірқатар га­зеттерде шықты, ал 1992 жылы Қазақстан Республикасының Елтаң­ба­­сына бәйге жарияланып, сол бәйгеге қ­а­­тыстым. Елтаңбаның жүрегі – шаңырақ әлемнің тұтастығын, Отанның бастауы – отбасын бейнелейді. Әр адам­ның жолбасшы жұлдызы бола­ды. Он­сыз мемлекеттің де күні қа­раң. Ел­таң­б­а­мыздағы жұлдыз өзге символдар мен таңбалардың барлығынан жоғары тұр. Демек, тәуелсіз Қазақстанның жұл­ды­зы биік те жарық болады. 1993 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан мынадай мазмұндағы хат алдым: «Құрметті Шот-Аман Ыдырысұлы! Тәуелсіз мемлекеттің Елтаң­ба­­сы­ның авторы ретінде есіміңіз хал­қы­мыз­дың жүрегінде мәңгіге қалады. Сізге табыс тілеймін, әрқашан деніңіз сау болсын. Н. Назарбаев, 18.01.1993 ж.». Біздің Елтаңбамызда еліміздің тарихи тағылымы мен символикалық көркемдік бейнелеу айрықша үйлесім тапқан. Қазақстанның Елтаңбасы – қазіргі заманғы мем­лекеттердің елтаңбалары ара­сын­дағы ең әдемі­ле­рінің бірі деп ой­лаймыз. Ол біздің елі­мізді ең жоғары деңгейде танытып, оның бар­лық азаматтарының, өз елі­нің патриоттарының мақтанышы болып отыр. 1993 жылғы Үкімет делега­ция­­сы­ның Мысыр еліне сапары ке­зінде Луксор ғибадатханасына барып, со­ның алдындағы асқақ та жалғыз ескер­т­кі­шті көргенбіз. Оның екіншісін Наполеон Бонапарт алып кетіп, қазір Париждегі Ке­лі­сім алаңында тұрғаны белгілі. «Рес­пуб­ликаның тәуелсіздігі құр­метіне Алматыда осыған ұқсас ес­керткіш қойсақ қайтеді?» – деп сұ­рады менен Президент. «Ойланып кө­рейін», – деп жауап бердім мен. Үйге орала салысымен дарынды жас сәулетшілер мен мүсіншілердің басын қосып, топ құрдым. Жұмысты әлемдегі осы сынды ескерткіштер жасау тәжірибесін зерттеуден бас­та­дық. Батыстағы да, Шығыстағы да монументтер тәжірибесіне сүйене отырып, біз өз дәстүрлерімізге және халық шы­ғармашылығына етене жақын айрықша жаңа шешім іздедік. Болашақ монументтің алты нұсқасы жасалып, ең жақсысы жоғарғы жақтан бекітілді. Тәуелсіздік монументі Алматы қаласындағы Республика алаңында 1996 жылдың желтоқсанында орнатылды. Осы туындыда сәулетшілер мен мүсіншілер қазақ халқының үш мың жылдан астам тарихын бейнелеу­ге ұмтылды. Вашингтондағы Қазақстан Елші­лі­гі­нің үйі алдында 2006 жылдың қыр­күйек айында Алматыдағы мо­ну­менттің дәл көшірмесі болып табылатын Тәуелсіздік монументі орнатылды. Қорытындылай келе айта­рым, Монумент ел Президенті Н.Ә.­На­­зар­­­баев­тың бастамасымен және бас­­­қарушылық қалауымен дүниеге кел­ді. Авторлары: Ш.Ы.Уәлихан – шығармашылық ұжымның жетекшісі, Әділет Жұмабай – мүсінші, Нұрлан Далбай – мүсінші, Қазыбек Жарылғапов – сәулетші, Қайрат Сұраншиев – мүсінші. Авторластар: Қалдыбай Монтахаев – сәулетші, Мұрат Мансұров – мүсінші, Азат Баярлин – мү­сінші, Қазыбек Сатыбалдин – мү­сінші. Тәуелсіздіктің 25 жылында рухымызды байытқан небір өнер шы­ғармалары туды. Олардың бір­қа­тары өркендеген елімізді әлемге танытар брендке айналды. Бүгінгі мереке күні мен айрықша қуанамын, мерейленемін. Бостан еліміздің Мемлекеттік Елтаңбасын, Тәуелсіздік монументін жасау арқылы туған елімнің мәдениетіне, оның гүлденуіне шама-шарқымша үлес қостым деп білемін. Азаттықты сәулет тілінде айшықтағаным үшін өзімді бақытты санаймын. Шот-Аман УӘЛИХАН, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның құрметті сәулетшісі АЛМАТЫ