20 Желтоқсан, 2016

Домна пеші түсіне жиі енеді

656 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
elbasyТәуелсіз еліміздің ірі экономикалық өңірі – Қарағанды облысының қалыптасуына небір тұлғалар еңбек сіңірді.  Десек те, Қарағанды өңірі мен Қазақ елінің Тұңғыш Президенті тағдырының қабыса қатар өрілуі – Арқа атырабының халқы үшін ерекше мақтаныш. Ойлап қарасаңыз, алақандай ауылдың өзіне күні кеше жалаңаяқ жүгіріп жүріп, енді бүгін арман қуып қалаға кеткен кез келген перзенті ыстық. Ал егер ол ел мен жер қамын күйттеген үлкен тұлғаға айналса ше..? Тұлға демекші, мансап жолында біраз биіктерді бағындырғандардың көбі алғашқы мамандығын еске түсіруге құлықсыздау келеді. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы, керісінше, металлург болып болат балқытқан шақтарын сағынышпен еске алып, еңбек жолын қарапайым кәсіптен бастағанын мақтан тұтады. Осындай дәрежеге жетуіне Қазақстан Магниткасы берік негіз болғанын үнемі айтып жүреді. Теміртау мен Қарағандыдағы аға буын өкілдері кезінде жап-жас жігіттің КОКП ОК Хатшылығының арнайы отырысын өткізуге мұрындық болып, сонда Нұрсұлтан Әбішұлы келтірген дерек-дәйектер негізінде ме­таллургтердің тұрмыс деңгейі күрт кө­терілгенін әлі күнге зор ризашылықпен айтып отырады. Ол кісінің Мәскеудегі сөзінен кейін Теміртауда жыл сайын ондаған мың шаршы метр тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары пайдалануға беріліп отырған. – Түсіме домна пешінің аузында тұра­тын кездерім жиі кіреді, – деп еді Нұрсұлтан Әбішұлы 2010 жылы Теміртауға келген сапарында. – «Мұнысы қалай? Мен Президент емеспін бе, бұл жерде неғып тұрмын?» деп ойлаймын сосын. Бұл менің өткенімді ұмытпауым үшін, халықтың мені қандай дәрежеге көтергенін естен шығармауым үшін керек болар. Сон­дықтан да мен сіздерге жақынмын, Қазақстанда қандай жетістік болса да қара­пай­ым еңбек адамының қолымен жасалатынын ұмытпау керек... Шынында да, қазақтың Аяз би жайлы аңызын еске салатын тағылымы мол әңгіме. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген сөз де бекер емес-ау! Содан арада жыл өткенде, теміртаулықтар Мемлекет басшысын Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ашылу салтанатына шақырды. Бұл Орталық Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолы мен Қазақстан Магниткасының тарихы жайлы жан-жақты баяндайды. …Нұрсұлтан Әбішұлы 1977 жылдың наурыз айында Қарағанды облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы, көп ұзамай екінші хатшысы болып сай­ланғаны белгілі. Қарағанды қаласының құр­метті азаматы, профессор Сұлтан Досмағамбетов өзінің «Орталық Қазақстан: табиғаты мен табиғи ресурстары, оқиғалар мен адамдар, реформалар мен дамуы» атты еңбегінде Н.Назарбаев облыстың жоғары партиялық қызметінде болған кезінде Қарағанды мен басқа да қалаларға жылу мен судың үздіксіз берілуін жолға қойып, еңбекші халықтың тұрмысын жақсартуға көп еңбек сіңіргенін жазған. Ал Социалистік Еңбек Ері, Қарағанды политехникалық институтының ректоры Әбілқас Сағынов өз естелігінде кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген «Қарағандыкөмір» бірлестігінің жұмыстарын терең зерттеу негізінде көмір бассейнін дамыту бойынша тиімді шаралар қолданылғаны туралы айтады. Көмір кендерін тарихта алғаш рет ашық әдіспен өндіру қолға алынған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Министрлер Ке­ңе­сінің осы орайда шешім қабылдауына ықпал етті. 1979 жылы Бөрілі кен орнын барлау мен игеру жұмыстары басталды. «Молодежный» деп аталған осы көмір кенішінде 1980 жылдың өзінде екі миллион тоннадан астам энергетикалық көмір өндірілді. Бұдан кейін де Шұбаркөл кен орнының көмірі ашық әдіспен өндіріле бастады.  Облыстық партия комитетінің хатшысы Қарағанды кеншілерінің баспана м­әселесін шешуді де ұмытқан жоқ. Шах­терлер қоржын тамдардан жаппай жай­лы пәтерлерге көше бастады. Сол кездерде көмір өнеркәсібі артта қалған салалар қатарында болғандықтан, Назарбаев көмір өндірісін біртіндеп ұлғайту мәселесін алға тартты. Нәтижесінде, Қарағанды бас­сейнін­дегі көмір өнеркәсібі КСРО ау­мағындағы жетекші алыптардың біріне айналды. 1978 жылдың қаңтарында Қарағанды көмір бассейніне қарасты «Северная» шахтасының кеншілері миллиардыншы тоннасын өндіріп шығарды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңындағы экономикалық дағдарыс, әсіресе, Қарағанды кеншілеріне қиынға соқты. Тұрмыс тауқыметінен қиналған олар алаңға шығып кетті. 1989 жылдың шілдесінде ереуілге шыққан қарағандылық шахтерлермен тіл табысу тек Нұрсұлтан Әбішұлының ғана қолынан келді. Өйткені, оның кеншілер алдындағы еңбегі де, бе­делі де зор еді. Оның үстіне сол кезде небәрі 49 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан компартиясы ОК Бірінші хатшы­сы қызметіне енді тағайындалған болатын. «Ереуілшілердің талаптары бір күнде, бір ғана шешімдермен, тіпті, Қазақстан шеңберінде ғана орындала қоятын жеңіл-желпі талаптар болған жоқ. Олардың талаптарын орындау үшін қыруар қаржы, ұзақ мерзімге жүйелі жұмыс қажет еді. Талаптар саяси-экономикалық жүйенің қордаланған проблемаларымен, әлеуметтік сұраныстармен тікелей байланысты болды. Әйткенмен де, ереуілмен, толқумен тіршілік жасала қоймайтыны да бел­гілі. Дәл сол сәтте ереуілшілерді сөзге тоқ­татып, оларға сенім ұялатып, ымы­ра­ға келтіру қиынның қиыны еді. Осы іс Н.Назарбаевтың қолынан келді», – деп еске алады сол кезде Қарағанды облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған Қуаныш Сұлтанов. Қарағанды өңіріне келген сайын Елбасы байырғы әріптестерімен, металлург-шахтерлермен міндетті түрде кездеседі. Ол қазіргі шахтерлердің де жұмыс барысынан, тұрмыс ахуалынан жақсы хабардар. Қарағандылықтар Президент қол­дауын жақсы сезініп, орайы келгенде ризашылықтарын білдіруге тырысып оты­рады. 2002 жылы  дәстүрлі мереке Шахтер күні қарсаңында Қарағанды қа­ла­лық мәслихаты Елбасына «Қарағанды қа­ласының құрметті азаматы» деген жо­ғары атақ берді. Мемлекет басшысы мен Қарағанды өңірін, әйтеуір, бір көрінбейтін жіп жалғап тұратындай. Қазақстан тарихындағы жаңа мереке – Тұңғыш Президент күні 2012 жылдың 1 желтоқсанында алғаш рет аталып өткенде Нұрсұлтан Назарбаев әдейі­леп Қарағандыға келді. Дәл сол күні темір­т­аулықтардың алдында сөйлеген ол кісі «21 жыл бұрын қазақстандықтар бүкілхалықтық сайлауда Президентін сайлаған еді, соның арқасында мен еліміздің тәуелсіздігін хабарлау мүмкіндігіне ие болдым. Содан бергі уақытта көз алдымызда еліміз де, жеріміз де өзгерді. Сіздердің бақыттарыңыз бен игі­ліктеріңіз үшін одан әрі де еңбек ете бе­ремін», – деп еді. Сексен жыл ішінде Қарағанды облысы сан белесті артқа тастап, өз еліміз үшін ғана емес, бірқатар мемлекеттер үшін де ме­таллургия мен кен өндірісінің негізгі орта­лығына айналды. Өңіріміз, сонымен қа­тар, ғарыш айлағы ретінде де әлемге та­нымал. Халықаралық ғарыш станциясынан оралатын ғарышкер-зерт­теушілер біздің қонақжай топыраққа ке­­ліп қонады. Ал қазіргі инновациялық тех­­нологиялар заманында Қарағанды об­­лысы елімізде робототехникаларды да­­мытушы негізгі аймақ ретінде қарас­ты­рылып отыр. Бұрынғының үлкендері сөз алса, ең алдымен ел аман, жұрт тыныш болсын деуші еді. Шынында да, бастысы, заманымыз бейбіт болсын. Аспаны ашық халық бәріне де қол жеткізеді. Бейбіт елді басқарып, әлемге танытып отырған дана Президентіміз де Алланың алқауында болғай!.. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ