20 Желтоқсан, 2016

Мойнақ ГЭС-і: жүз жылдық жарық сәуле

572 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесі тұсында табыстарымызды таразылаудың артықшылығы болмас. Бұл – болашақ үшін тағылым. Және өзіміз куә болған 25 жылдық шежіремізді мақтанып айтуға да әбден қақымыз бар. Өйткені біз өркендеу мен оң өзгерістерге куә болған ұрпақпыз. Тәуелсіз ел ретінде қолға алып, сәтті аяқ­таған алып құрылыстар жеткілікті. Соның бірі – Жетісу аумағында салынып, пайдалануға беріл­ген Мойнақ су электр стансасы. Бұл жер ас­тын ұң­ғы­лау әдісімен жасалған су электр ста­н­са­сы­­ның құрылысы 1985 жылы Кеңестер Одағы­ның тұсында басталып, Одақ тараған соң тоқ­тап қал­ғанын білетін едік. Кезінде сол құры­л­ыс­та ең­бек еткен білікті маман, Қазақ КСР Құр­мет­ті құры­лыс­шысы Стахан Белгожаев секіл­ді ел аға­лары­ның ізденіп, ұсыныс жасауы негі­зінде қазіргі Тәуел­сіз­діктің толайым табысына ай­­налғ­ан алып құрылыс­қа қайта жан бітті. Ел аза­­­мат­­­тары­ның арманын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей назарына алған болатын. Соның нәтижесінде 2005 жылғы 21 қарашада Мойнақ су электр стансасының құрылысы» тура­лы Үкі­меттің арнайы қаулысы шық­ты. 2006 жылы қолға алынған құрылыс қар­қынмен жүріп, 2012 жыл­ғы сәуір айынан бастап іске қосылды. Алып ны­сан­ның ашылуы да тарихи сәт болды. Мем­лекет бас­шысы Алматы облысына жұмыс сапарымен барғанда Мой­нақ ГЭС-інде болып, екінші су агрегатын іске қосты. Ел қуанышын еселеп, жұрт жақсылығына ортақтасты. Тәуелсіздік шапағатына бөленген, Ел­бас­ы­мыз­­дың табаны тиген Мойнаққа арнайы барып қайту­ды жөн көрдік. Қулық тауының теріскей бөк­­теріне орналасқан Ұзынбұлақ, Жылысай, Октябрь ауылдарын басып өтетін жол тура Мой­нақ­қа жеткізеді. Таудың басынан төмендегі Шарын шатқалына қарай қиылып салынған кең жол сай-сай, беткейлерді жағалай тұп-тура бас ғи­­ма­­ратқа тіреледі. Мойнақ ГЭС-інің теңіз дең­гейі­­нен биіктігі Шарын өзені жағасымен салыс­тыр­ғанда кәдімгі 5 қабатты үйдей еңселі көрінеді екен. Дәлірегі, «Бестөбе» су қоймасына жиналып, 16 шақырымға созылатын көл табанынан ағып келетін су 500 метрлік биіктіктен құлай сарқырап жатыр. Бұл жердегі бір керемет әрі құрылыстың аса ауыр бөлігі болып саналған бөлік – жер астынан өтетін 9 шақырымдық туннель. Жиналған су осы 9 шақырымдық жер асты жолымен арындап келеді де, 500 метр биіктіктен құлай сарқырап жатыр. Арынды су арнаға бекітілген 2 су агрегатын шыркөбелек айналдырып, іске қосады. Нәтижесінде 300 мВт қуат көзі пайда болады. Бұл құрылыстың кепілді мерзімі 100 жылға есептелген. 9 балдық жер сілкінісіне төзімді. Құры­лысы 6 жылға созылған, әсіресе 9 шақырым жер асты су жолын ұңғылауға, жасауға кеткен ғала­мат жұмыс тек айтуға ғана жеңіл. Міне, ғасыр құры­лысы атанған ғаламат дүние ел игілігіне айналды. – Президентіміз іске қосқан «Мойнақ» толық­қанды жұмыс істеп тұр. Мұнда жүзге тарта адам еңбек етеді. ГЭС-тегі 2 су агрегаты іске қосыл­ғалы бері 452 миллион квт. сағат электр қуаты өн­ді­рілді. Бұл Отанымыздың энергетикалық қауіп­­сіз­дігін қам­тамасыз етуге қосылған үлкен үлес, – деді бізге Мойнақ ГЭС-і бас инженерінің орын­­басары Нәби Серікбаев. ...Білте шамның жарығымен жұбанатын кезең өтті. Бүгінде әр үйде самсаған сәуле. Мұқым техниканың жетістігі де осы қуат көзіне тәуел­ді. Сол қуатты өндіріп, елді мекендерді жарық­пен қам­тамасыз ету жолындағы жұмыстың маңыз­ды­лығын Мойнаққа барғанда шындап түсіндік. Қазақ шамның сәулесін нұрға теңеген ғой. Бүгіні сәулелі елдің болашағы нұрлы. Лайым, солай болсын! Қанат БІРЖАНСАЛ Алматы облысы, Райымбек ауданы

КЕРЕК ДЕРЕК:

Мойнақ су электр стансасындағы 2 су агрегатынан жылына 1,027 млрд кВт

сағат электр энергиясы өндіріледі. Жобаны іске қосуға жалпы

54, 1 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Өндірілген энергияны сатудан 1,790 миллион теңге түсім түседі деп болжанған.