20 Желтоқсан, 2016

Аграрлық-өнеркәсіптік кешен - экономикалық өсімнің қозғаушы күші

713 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2016 жылы АӨК еліміздің экономикалық өсімінің қозғаушы күшіне айналды Бұған еліміздің ауыл шаруашылығындағы оң көрсеткіштер дәлел бола алады. Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов баяндады. "Мал шаруашылығы саласында мал басының орта есеппен 1,3% артуы байқалды. Ет өндірісі 3,5%, сүт - 3,1%, жұмыртқа - 0,1% өсті. Жалпы астық жинау бункерлік салмағында 23,7 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылғыдан 3 млн 900 мың тоннаға артық. Орташа астық түсімі 15,4 ц/га құрады. Жиналған көлем елдің ішкі қажеттілігін және экспорттық әлеуетті 8,5–9 млн тонна деңгейінде толықтай қамтамасыз етеді", - деді аграрлық ведомство басшысының бірінші орынбасары. Спикердің айтуынша, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында 2,5 млн тонна көкөніс, 1,7 млн тонна бақша өнімі жиналған бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 439 мың тоннаға артық. Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында алма жинау жоғары деңгейде – сәйкесінше 114 және 70 мың тонна болды. 270 мың тонна мақта алынды, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3 есеге артық, түсім 24,6 ц/га. Жалпы 503 мың тонна күріш жиналды, түсімі 53,6 ц/га. Күріштің рекордты түсімі - 55 ц/га жуығы Қызылорда облысында жиналды. Сонымен қатар соңғы 20 жылда алғаш рет СҚО-да қант қызылшасы егілгенін айта кеткен жөн. 14 мың тонна қызылша жиналды, түсімі 350 ц/га. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 15% артық. Зәйтүн дақылдары бойынша жалпы түсім 2 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есеге көп. «Есепті кезеңде азық-түлік өнімдерін өндіру 3,8% артып, 1,2 трлн теңгеден асты. Жарма өндіру - 36%, қант - 49%, ұн - 13%, өсімдік майын өндіру - 14%, шұжық және сол сияқты ет өнімдерін өндіру - 10% артты», – деп сөзін қорытындылады Қ.Айтуганов. Арнұр Асқаров, "Егемен Қазақстан".