20 Желтоқсан, 2016

"Біздің күшіміз - бірлікте" дейді ұйғыр ақсақалы Тұрдықұл Гулиев

407 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне еліміздегі аз ұлттардың қосқан үлесі аз емес. Egemen.kz тілшілері тәуелсіздік мейрамы кезінде Қазақстандағы түрлі этникалардың өкілдерімен кездесіп, сұхбаттасқан еді. Төменде Алматы облысының тұрғыны Тұрдықұл Гулиевтің әңгімесі. Туып өскен жерім Алматы облысы, Ұйғыр ауданындағы Ақтам деген ауыл. 1947 жылы дүниеге келгем. 12 баланың үлкенімін. 15 жыл киномеханик болып жұмыс істедім. Одан кейін 10 жылдай шеберханада ағашшы боп еңбек еттім. Жақсы көрген кәсібім осы еді. Көп үйлер салдық. 70-жылдардың соңы, балалар жас болатын. Орысша оқытыңдар деді, қазақша, ұйғырша жүрмейтін боп қалды. Сөйтіп, 1981 жылы осы Талғар ауданы, Қызылту ауылына көшіп келдік. Ол кезде колхозға кірмесеңіз, үйдің құжатын рәсімдемейді. Мамандығым киномеханик, әйелім кинозалда контролер болып жұмыс істеген. Көрші ГРЭС ауылына барыңдар деп алғылары келмеді. Колхозда істеген еңбек кітапшамның арқасында бір жылдан кейін ғана жұмысшы етіп алды. Сол 81-ден тартып зейнетке шыққанша осында еңбек еттік. Су да ұстадым, күзетші де болдым, көкөніс те жинадық. Зейнетке шыққаныма 7-8 жыл боп қалды. Үш ұл, екі қызым бар. Құдайға шүкір, бәрінің үйі бар, жұмыстарын істеп жатыр. 1990-нан 95-ке дейін осы ауылда бес жыл жігітбасы болдым. Ол 40-45-тегі кезім еді. Жігітбасылық қандай қызмет десеңіз, ұйғырда жұртты (ауылды) басқаратын адам болады. Жұрт өзі сайлайды. Сөзді, қағиданы жақсы білетін адамды таңдайды. Бүкіл ауыл соған қарайды, ол не десе сол болады. Той-томалақ жасау керек болса, сонымен ақылдасады. Той болатын күнді жігітбасы дәптеріне жазып қояды. Ауылда сол күнге басқа жиын-той белгілемейді. Той, астарды бір-бірімен сәйкес келтірмейді. Жұрт бөлінбей, бәрі қатысуы керек. Колхоз кезінде де солай болған, бүгін де осылай. Оның әр көшеде көмекшілері болады. Бір жағдай, мысалы өлім болса сол көмекшілері халыққа хабарлайды. Тапсырма береді. Бірінші болып сөйлейді. Жұртты тыныштыққа шақырады. Мектептің директоры да көбіне жігітбасыға жолығып кей мәселелерді ақылдасып шешеді. Малды кім бағады, қанша төленеді деген сияқты толып жатқан шаруаны да жігітбасы реттейді. Балалар төбелесіп қалса да жігітбасы араласады. Тұрмысы нашар отбасыларға да жәрдем беруді ұйымдастырады. Қайырымдылық деген жақсы. Ол адамдықтың өзі деуге болады. Қартайып, ауырып, басқа жаққа көшіп немесе үйінде проблема боп жатса, жігітбасы орнына басқа адам іздейді. Мен неге кетті десеңіз, жұрттың шешімі солай болды. Көпшілік жастау адамды сайлады. Қазір ауылда Жақып деген құрдасым жігітбасы. Бұл әр ауылда бар бұрыннан келе жатқан дәстүр. Қазағымыз ұйғырдың осы дәстүрін алса, бірлігі арта түсер еді деп ойлаймын. Жастар туралы айтсам, мені бір қуантатын нәрсе, олардың білім алуға құлшынатыны. Қазір оқығысы келетін жастар көп екенін байқаймын. Өз немерем жарыстарға барып, облыс бойынша 3-орын алып келді. Казір колледжде оқып жатыр. 17000 теңге стипендия алады. Жастар ауыр жұмыстан, диханшылық қылудан, мал бағудан қашпаса деймін. Ертеңгі күні не болатынын ойламай жерлерін сатып жібергендер бар. Белі ауырып таппаған ақшаның қадірі болмайды. Ауылымның болашағы жақсы екеніне сенімдімін. Тірлік істеймін деген адамға мұнда бәрі бар. Ауылдың бірлігі жақсы. Наурызда әр ауылдан стол, үлкен қазан, самаурындар әкеп, үш Қызылту бірге өткіземіз. Анау қазақ, мынау орыс немесе дүнген екен демейміз. Ән-күй, би, күрес, тамақ бәрі болады. Мешіттен имамдар, орталықтан бастықтар келеді. Бірлік бізге керек. Қазақ халқы бөлінгенді бөрі жейді дейді. Неге? Өйткені, топ болып жүрген үйірге қасқыр тимейді. Бірлі-жарым сыртқа шығып кеткендерін аңдиды. Сол үшін айтқан. Елімізде бүкіл басқа ұлттармен бірлікте тұрып жатырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бәрінің алдында беделді. Өзімізде ғана емес, сыртта да оны бәрі сыйлайды. Қалай жақсы сөйлейді. Орыстар мен түріктерді бірлестірген де сол кісі. ЭКСПО өткізем деді, шетелдер келуге тапсырыс беріп жатыр. Ақшаны босқа шашып жатырмыз дейді бір адамдар. Аман-есен өтсе, біреу бір жаққа алып кетпейді ғой. Шетелден қаншама адам келеді, ақша алып келеді, осында қайшылайды. Оның бәрі пайда емес пе? Президентті қолдау керек. Ол бір өзі қайда үлгереді? Терроршыларды басу керек пе, ұрыларды басу керек пе? Неден қауіптенесің десеңіз, терроризм деген жаман боп тұр. Дінді басқа жаққа бұру, сананы улау, өлтіруге үйрету, көшедегі адамды атып тастау. Мен үшін осыны түсіну қиын. Неше заман қинауда, отарда болып, осы отанымызды әрең түздік емес пе? Неге соның қадірін түсінбейміз? Неге бәрін ұмытып қалдық? Өз отаныңның кісілерін жамандасаң, өзіңді жамандағанмен бірдей. Бірақ біз тәуелсіздіктің қадірін түсінуіміз керек. Қазақстан тәуелсіздік алғанда қатты қуандым. Бір себебін айтайын. Мен әскерде Ресейдегі Марий АССР-інде болдым. Бірде кезекшілікке асханаға бардым. Қойдың етін алып шығыңдар деді. Үйіліп жатыр екен. Бір жамбасқа қарасам, «Казахский ССР» деген мөр тұр. Көзімнен жас шығып кетті. Вагон-вагон астық, ет, азық-түлікті орталыққа әкетіп отырды. Қазір өз байлығымыз өзімізде. Қазақстанымның саясатын дүниежүзі бойынша алға қоям. Елбасының айтқанын істесек, Қазақстан әлі гүлденген үстіне гүлденеді. Тәуелсіздік, татулық, бірлік, қолдағы бар байлық. Біз осылардың қадіріне жетіп, бағалауымыз керек. Жастарға да айтарым осы. Әңгімені жазып алған Ержан Әбдіраман turdykul-foto