20 Желтоқсан, 2016

Жақсы маман қайдан шығады?

1588 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі тиіс. Біріншісі – мамандық таңдағанда, екіншісі – жар таңдағанда. Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындары 200-ден астам мамандық түріне оқытады. Алайда, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 74 пайызы меңгерген мамандығымен жұмыс істемейді екен. Бұл – мамандықты дұрыс таңдамаудан шыққан нәтиже. Ата-ана баласының қабілеті мен қарымына емес, мамандықтың беделіне сенеді де, баласын сол салаға түсіруге тырысады. Ал, оқуға түскендердің 70 пайыздан астамы – мамандығын дұрыс таңдамағандар. Бұл дегеніңіз, елімізде жоғары оқу орнын бітіріп, қолына диплом алған азаматтар жұмыссыз жүр дегенді білдіреді. Жалпы, бүкіл әлемде кәсіби бағдар беру – әлі толыққанды шешімін таппаған проблема. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап біздің елімізде де бұл мәселеге мән беріліп, түбегейлі зерттеліп, зерделенген жоқ. Әлі күнге дейін республика бойынша «Қандай мамандыққа қанша адам қажет? Жоғары оқу орындарының алдында қандай мамандықтар бойынша оқытқан дұрыс?» деген мәселелерді талқылап, арнайы сараптамадан өткізіп, бақылап, бағыттап отырған арнайы мекеме де жоқ. Көптеген өркениетті мемлекеттер адами ресурстардың күшін жан-жақты пайдалануға талпыныс білдіріп отыр. Оның ішінде АҚШ, Германия, Жапония сынды елдер бар. Ал, посткеңестік кеңістікте бұл бағытты шынайы қолға алып отырған көршілес Өзбекстан мемлекеті. Онда баланы бастауыш сыныптан бастап кәсіпке баулу бағдарламасы енгізілген. Кеңес өкіметі кезінде мектеп қабырғасында бастауыш сыныпта оқып жүргенде «Кім боламын?» деген тақырыпта шығарма жазушы едік. Бұл сол мамандық таңдауға бағыттайтын бағдарламадағы материалдың бірі ғана болатын. Дегенмен, мамандық таңдау проблемалары ол кезеңде де толықтай шешілмеді. Білім және ғылым министрлігінің соңғы кездегі мәліметіне қарағанда, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 50 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сонда қалған 50 пайызы ғана диплом бойынша қызмет атқарады. Ал, бұл дегеніңіз, ата-ана мен мемлекеттің грантқа бөліп жатқан қаражатының 50 пайызы желге ұшады дегенді көрсетеді. Яғни, ата-ананың баланы оқытуға жұмсаған ақшасын былай қойғанда, Үкіметтен грантқа бөлінетін 23 млрд теңгенің 50 пайызы тиімсіз жұмсалады деген сөз. Бүгінгі күні жоғары сыныптарда білім сапасы құлдырауының себебі – оқушылардың қызығушылығының, төмендеп кетуі. Ал, өз мамандығын жүрекпен таңдап, қайда оқуға түсетінін, болашақта кім болатындығын анық білген бала келешегіне нық сеніммен қарап, ішкі ынтасы жоғарылайды. Сондықтан алдын-ала бала өзінің кім, қандай мамандықтың иесі болатындығын білуі аса қажет. Мектеп оқушыларының 70 пайызы әлі күнге қандай мамандықтың иесі болатынын анықтамаған. Біреулер мамандықтың әдемі аталуына, біреулер табыс көзіне қызығады. Бірақ, шын мәнінде, өмір бойы алып жүретін мамандық түрінен мүлдем бейхабар. Негізінде, мамандық таңдауда қалаймын, қолымнан келеді және қажет деген үш бастаманы қаперге алған жөн. Оқушылар кейде арман қуып, белгілі бір мамандық түрін қалайды. Алайда, оның физикалық немесе психологиялық ахуалы оған сай келмеуі мүмкін. Негізінен, көп жағдайда еңбек нарығын терең сүзгіден өткізіп, бүгінгі заманға керек деген мамандық түрін таңдағаны жөн. Егер адам еңбек нарығында қажет маман болғысы келсе, нарықты бастан-аяқ зерттеуі керек. Ең алдымен, оқушының қолынан келетін істі анықтау үшін оның тұлға ретінде психологиялық ерекшелігін, әлеуетін біліп алған жөн. Ең бастысы, жастардың мамандық таңдауына мемлекет құлшыныс танытуы тиіс. Осыған орай, қандай мамандық иелері аз, не жетіспейді деген мақсатта міндетті түрде жыл сайын мониторинг жүргізілуі керек. Осылайша, қай мамандыққа сұраныс бар, қайсысына жоқ деген мәселе өзі-ақ қалқып шыға келеді. Сосын өтімді, сұранысқа ие мамандықтарға грантты көбейтуге болады. Елімізде мектеп түлектерінің ғана емес, педагогикалық жоғары оқу орындарын тәмамдаған дайын мамандардың да мұғалім болуға құлшыныстары аз. Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда педагогтарды 89 жоғары оқу орны (33 мемлекеттік және 56 жекеменшік) даярлайды. Оларды бітіріп шыққан 34 мыңнан астам түлектің тек 10 мыңы ғана білім беру мекемелерінде қалады екен. Қазір осы 89 жоғары оқу орнының тек 43-іне педагогикалық мамандықтар бойынша кадр даярлауға рұқсат беріліпті. Енді педагогикалық мамандықтар бойынша оқытудың тұжырымдамасы мен талаптары түбірімен қайта қаралады. Соңғы жылдары педагогикалық мамандықты таңдаған талапкерлер арасында психологиялық ауытқушылығы бар, күрделі сөйлеу ақауы байқалатын, болашақ педагогикалық қызметпен шұғылдануға мүмкіндігі шектеулі жастардың да кездесіп жүргені жасырын емес. Сонымен қатар, өз ой-пікірін анық жеткізе алмайтын, аудиторияда еркін сөйлей алмайтын, қазақ және орыс тілдерінде сауатты жаза алмайтын студенттер де бар. Педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің басым көпшілігі мұғалімдік мамандықты меңгеруді емес, тек грантқа ие болуды мақсат тұтады. Мұғалімдік мамандыққа гранттың саны жылма-жыл өсіп келеді, алайда жақсы мұғалімнің саны көбейер емес. Бүгінгі өскелең ұрпаққа ұлттық білім мен тәрбие беретін болашақ педагогтарды дайындау орта мектептерден бастау алғанын қалар едік. Ол үшін педагогикалық мамандыққа бейімділігі бар оқушыларға мектепте «Педагог мамандығына кәсіби бағдар» деген атпен креативтік (шығармашылық) арнаулы курстар жүргізіп, болашақ мұғалімдерге мектеп қабырғасынан-ақ нақты бағыт берілуі керек. Өйткені, қазіргі педагогикалық жоғары оқу орындарында ата-ананың ықпалымен немесе түрлі себептермен, тек диплом алғысы келіп жүрген студенттер де кездеседі. Педагогикалық бағыттағы бастапқы әскери дайындық, дене шынықтыру және спорт, бейнелеу өнері және сызу, музыкалық білім мамандықтарына құжат тапсырған талапкерлерге кешенді тест алдында біліктілігі мен шеберлігін көрсету үшін арнайы сынақ белгіленген. Сондықтан, барлық педагогтік мамандықтарға өз құжатын тапсырған талапкерлер ұлттық бірыңғай тестіге немесе кешенді тестіге жіберілмес бұрын болашақ мамандығына деген білімін, іскерлігін, дағдысын анықтау мақсатында шығармашылық емтихан тапсыруы тиіс. Емтихан барысында талапкерлермен қосымша әңгімелесіп, әлеуметтік зерттеу жүргізіп, кәсіби мамандығына жарамдылығын байқау үшін кешенді медикциналық-физиологиялық және психо-нейролингвистикалық диагностикадан өтуін қамтамасыз ету қажет. Осындай жағдайда ғана болашақ мұғалімдерді жоғары оқу орнына қабылдаудың оңды бағыты қалыптасады. Ал, сырттай педагогтік мамандықтарға оқуға түсетін жастардың 3-5 жыл педагогикалық өтілі немесе педагогикалық колледжді бітіруіне баса көңіл бөлген жөн. Жалпы, болашақта орта мектептерде еңбек ететін талапты ер азаматтарды заңды келісімшартпен, мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін оқытуға мүмкіндік беру керек. Себебі, еліміз бойынша мектептердегі ер мұғалімдердің үлес салмағы тек 18,7 пайызды ғана құрайды. Мұғалім жалақысының аздығы, беделінің төмендігі салдарынан мектепте ұрпақты әйел адамдар тәрбиелеп отыр. Сондықтан жастардың арасында ер мінезді, турашыл, өзіне жауапкершілік алатын адамдар азайып барады. Осыдан келіп, тағы да отбасылық тәрбиеге үлкен зиян келіп жатыр. Қазір байқасаңыз, университет, институттарда да, мектептерде де ер адамдар жұртты киіміне қарап бағалайтын болды. Бір-бірінің киіміне мақтау айтатынды шығарды. Ер адамдар ұсақталып бара жатқан жоқ па? Ер адамдардың кейде тіпті сабақтың кезінде де ұсақ-түйек әңгімеге бой беретін жағдайларын байқап жүрміз. Ер мінезді, жастарға үлгі болатындай азаматтар азайып барады. Ал мұның бәріне мектептерде ер азаматтардың аздығы себеп болып отыр. Мектептерде ер мұғалімнің тапшылығы әлемнің кейбір мемлекеттерінде болған. Оларда мектепке ер адамдарды тарту үшін үстемақы төленді. Ал бізде бұл мәселе қашан шешілетіні белгісіз. Себебі, мұғалімнің жалақысын көтеру мақсатында қолға алынған бастапқы әрекет айтарлықтай ықпал ете алмайды. Жыл сайын қосылатын үстемақы қомақты өсім болмады. Базалық еңбекақы ғана өсті. Мұғалім мамандығының мәртебесі туралы қазақ зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді», – деп бекер айтпаған. Ал, халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық–ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін, ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген ойлары ұстазға үлкен құрметті білдіреді. Демек, ұрпақ тәрбиесі–ұстазға байланысты. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Ендеше, мектеп – білім тірегі, мұғалім – оның жүрегі болуы хақ. Айдар САБЫРОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Атырау облысы