21 Желтоқсан, 2016

Қызмет пен құрмет

275 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
zauytbek-turysbekovЕліміз егемендікке қол жеткізіп, барша қазақ халқы қуанышын қойнына сыйдыра алмай жатқан кезде тәуелсіздігімізге күмәнмен қарап, оның ғұмыры қысқа болатыны турасында болжам жасап жатқандар да болды. Бұрынғы Кеңес одағына кіретін барлық республикалар арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, әрқайсысы өз тағдырын өзі ойлап жанталасқа түсті. Тіптен қазіргі экономикалық дағдарысты сол кезеңдегі қиындықтармен салыстырып қарасақ, ол жылдарды – тозақ, қазіргі кезді – жаннат деуге болар. Тәуелсіздігіміздің бастапқы жыл­да­рын­дағы қиындықтар Оңтүстік Қазақстан өңірінің халқы үшін де өте ауыр тиді. Ірі кәсіпорындар, шаруашылықтар, зауыттар мен фабрикалар мүлдем тоқтады. Өңірде жаппай жұмыссыздық орнады. Әлеуметтік проблемалар шыңына жетті. Аудан орталықтары мен ауылдар былай тұрсын, Шымкент қаласының өзінде электр жарығы, табиғи газ болмады. Көп қабатты үйлердің тұрғындары өз аулаларына қазан-ошақ құрып, тамақ пісіретін. Қыста пәтерлеріне темір пеш орнатып, мұржасын терезеден шығарып қойып көмір жағатын жағдайға жетті. Қаладағы 4 бөлмелі пәтер құны 400-500 АҚШ долларына дейін құлдырады. Түнде қалада жүру қорқынышты, тіпті, қауіпті болды. Мақтаарал атырабындағы егінді шаруашылықтар су тапшылығын тартты... Тура осы тұста Зауытбек Қауыс­бек­ұлы Тұрысбеков Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімі болып тағайындалды. Жаңағы айтылған әлеуметтік про­б­ле­малардың негізгі себептерінің бі­рі, негізінен, көрші Өзбекстан Рес­пуб­ли­касымен тікелей байланысты еді. Атап айтқанда, Қазақстанның оңтүстік өңірі көрші республикадан алынатын электр қуаты, табиғи газ және егін суы­на тәуелді болатын. Мұны Өзбекстан басшысы жақсы білетін. Сондықтан бұл ресурстарға бағаны шарықтатып қоймай, оны саяси құрал ретінде ғана пайдаланды және президент Ислам Каримов бұл жағдайды тікелей өз бақылауында ұстады. Зауытбек Қауысбекұлы жұмыс уақы­ты­ның үштен бірін осы проблемалар­ды шешу жолына арнады десем, артық айтқаным емес. Әр аптаның 3 күнін Өзбекстан үкіметі үйінде, президент аппаратында өткізді. Ол кезде Өзбекстан президенті Ислам Каримов Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқара­тын. Үкімет төрағасының бірінші орынбасары Исмоил Хакимович Журабеков  лауазымы және ықпалы жа­­ғынан республикада екінші адам болып есептелетін. Мен сол кісінің қарамағында, құрамына 24 министрлік пен агенттік кіретін үкіметтің агро­өнер­кәсіп департаментін басқардым. Бүй­регім қандастарыма қанша бұрып тұрғанымен, менің қолымнан келетін көмек шамалы ғана еді. Зауытбек Қауысбекұлы Өзбекстан Республикасы үкіметі үйінің ауласында таңғы сағат 08.00-де Исмоил Журабековті күтіп алып, ол кісімен бірге кабинетіне кіріп кететін. Шаруаға қажетті басшылардың барлығын сонда шақыртып немесе оларға жазбаша түрде тапсырма бергіздіріп, мәселесін шешіп шығатын. Әрине, оң шешімдер оңай қабылданбайтыны белгілі. Аптасына бірнеше рет келіп-кетуге тура келетін. Кейде проблемалар тым күрделеніп кеткен кезде Нұрсұлтан Әбішұлы арқылы Ислам Каримовке қоңырау соқтырып, Өзбекстан президентінің қа­­был­дауында да талай мәрте болып, кездес­кен түйткілдерді табандылықпен ше­шіп отырғанын білемін. Зауытбек Қауысбекұлы өзінің іскерлігі, таланты, табандылығы және жағымды мінезінің арқасында бір жылдың ішінде президент Каримов пен оның бірінші орынбасары Журабековтің назарына ілігіп, құрметіне ие болды. Ислам Әбдіғаниұлы үлкен бір жиын­­да облыс әкімдерін өте қатты сы­нағаны бар. «Сендер қалай жұмыс істеу керектігін білмейсіңдер! Сендерге іскерлік, табан­дылық жетіспейді! «Мана қушни Чимкент вилоятининг Зауытбек деган хокими бор. Ешикни ёпсанг теразадан киради, теразани ёпсанг деворни бузиб киради. Ана хақиқий хоким – настоящий терминатор», деп баға берген еді. Зауытбек Қауысбекұлы Өзбекстанға жиі келіп жүріп Ташкент қаласының қақ ортасында жерленген Төле би бабаның қабірі қараусыз қалғанын көрді. Шұғыл әрекет жасап, бабаның басына зәулім кесене тұрғызды, маңайын абаттандырды. Ең бастысы, бабаның қабір тасындағы «Қарлығаш би» есімін «Төле би» деп ауыс­тыруы – ондай кесененің жүзін соғудан да қиын тірлік болатын. Кесенеге Төле би бабаның атын да жаздырды, әрі ол қастерлі кешенді Өзбекстан мемлекетінің қорғауына алынған құнды дүниелер тізіміне де енгізді. Сондай-ақ, Тұрысбековтің әкім болып тұрған кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында қабірлері қараусыз қалып, аттары ұмытыла бастаған көптеген тарихи тұлғалар мен әулиелердің мазарлары абаттандырылып, олардың басына зәулім кесенелер тұрғызылды. Сөйтіп, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ұлағатты сөзді темірқазық етіп, қиын-қыстау кезде облыс халқының рухани байлықтарынан айырылып қалмауына зор ықпал етті. Зауытбек Қауысбекұлының Қазақ­стан Республикасы мемлекеттік қызмет істері жөнін­дегі агенттік төрағасы, Ішкі істер мини­стрі кезіндегі жасаған тың реформаларын, ел игілігі үшін жұмсаған қажыр-қай­ратын  халқымыз жақсы біледі. Сон­дықтан, мен қайраткер тұлғаның ел есіте қоймаған, өзім куә болған еңбектерінен ғана мысал келтіріп отырмын. Зауытбек Қауысбекұлы 1997 жыл­дың соңында Көші-қон және демогра­фия агенттігінің төрағасы болып та­ғай­ын­далды. Бұл қызметте бір жылдан сәл ғана астам уақыт істеді. Сол қысқа кезеңде Елбасының көші-қон саясатының орындалуы жүйесін жасады. Оған қажетті заңдар мен норматив актілерін ретке келтірді. Қытай, Моңғолия және Өзбекстан мем­ле­кет­теріндегі қазақтар тұратын елді ме­кен­дерді өзі аралап, Президентіміздің ша­қыртуын қандастарымызға жеткізіп, көш­тің басын өзімен бірге ала қайтты. Бұл саладағы жасалған жүйе арқылы ше­т­ елдегі бауырларымыздың 1 миллион­дай­ы­ның тарихи Отанына оралуына үлкен үлес қосты. З.Тұрысбеков Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілет­ті елшісі болып тұрған кезінде екі мемлекет арасындағы саяси, эко­но­микалық байланыстардың ны­ға­ю­ына күш­ті ықпал жасады. Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық жоғары беделін және екі ел президенттері ара­сын­дағы достық, сыйластық қа­рым-қа­ты­настарын дипломатиялық шебер­лік­пен пайдаланып, Өзбекстанның Науаи облы­сына қарасты Нұрата ауданындағы қа­бірі мүлдем қараусыз жатқан Әйтеке би бабамызға да кесене салынуына Өзбекстан президентінің рұқсатын алып бер­­ді. Қазақстандық қалталы 7 жігіттің ба­сын қосып, өзі бас болып бабаның басына зәулім кесене тұрғыздырып, жанына мешіт салдырып, зияратқа келетін кісілер үшін барлық қажетті жағдайларды жасатып, маңайын абаттандырып көркейткізді. Әрине, Қазақстанның кез келген өңір­лерінде зәулім ғимараттар, кесенелер, үлкен кешендер салынып жатыр. Бірақ, өзге мемлекетте саясаттың кілтін тауып, тіл табысып, ретін келті­ріп, қазақтың екі бірдей биіне кесене тұрғызып, оларды сол мемлекеттің қор­­ғауына алынған құнды дүниелер ті­зі­мі­не енгізуі нағыз іскер, талантты, шебер дипломат Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбековтің ерен еңбегі және ерлігі деу­ге болады. Зауытбек Қауысбекұлының елі мен Елбасына адал азамат ретінде, Тәуел­сіз­дігіміздің нығаюына, Отанымыздың көркеюіне, экономикамыздың дамуына қосқан үлесі зор дер едім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме? Еліне құт әкелер осындай жақ­сыларымыз көп болсын. Ибадулла ҚАЛЫБЕКОВ