21 Желтоқсан, 2016

Он бір айдың көрсеткіштері не дейді?

144 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Биылғы жылдың 11 айында мемлекеттік бюджетке 5,8 трлн теңге кіріс түсті. Ал ішкі жалпы өнім деңгейі қазірдің өзінде 0,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш былтыр 0,5 пайыз болған. Үкімет мүшелерінің ақпаратына сүйенсек, тіпті жылдың қорытындысында ІЖӨ деңгейін 1 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Кешегі селекторлық отырыста елдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына осындай баға берілді.

ІЖӨ – 0,8%

Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы жылдың 11 айындағы әлеу­меттік-экономикалық даму және бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Сонымен қатар, «Стандарттау туралы» және «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды. «Биылғы жылдың қаңтар-қараша ай­ларында экономиканың жедел өсімі байқал­ды. Тауар өндірісінің өсуі 0,9 пайызды, көр­сетілетін қыз­меттер 0,6 пайызды, өнімдерге салынатын салық 2,4 пайызды құрады», деді Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев елдің экономикалық дамуы жайындағы баян­да­масында. Министрдің мәлімдеуінше, бұл оң үрдіс экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды, кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі бағдарламалар мен жос­пар­ларды, сондай-ақ, жұмыспен қамту шараларын іске асыру арқылы қам­тамасыз етілді. Сондай-ақ, елде іскер­лік және инвестициялық белсен­ділік сақталуда, қаржы нарығын­дағы ахуал тұрақты, құрылыс, ауыл шаруа­шылығы, көлік және өңдеу өнеркәсібі сияқты секторлар экономика өсімінің негізгі күшіне айналған.  

Өнеркәсіптің өсуі – 4%

Сонымен қатар, өнеркәсіпте де оң үрдістер байқалуда. Мәселен, өнеркәсіптің өсуі қазан­мен салыстырғанда, қарашада 4 пайызды, өткен жылғы қазанмен салыстырғанда 1,1 пайызды құрады. Кен-металлургия өнер­кәсібіне қарағанда, жоғары қалыптасқан өңдеу өнеркәсібінің озық өсу қарқыны өнер­кәсіптегі негізгі өсу көзіне айналды. Өңдеу өнеркәсібінде металлургия өнімдерінің өнді­рісі 6,8 пайызға, азық-түлік 3,8 пайызға, фар­ма­цевтикалық өнімдер 2,8 пайызға, кокс және мұнай өнімдері 0,3 пайызға ұлғайды. Машина жасау саласында өткен жылы өндірістің төмендегеніне қарамастан биыл жақсы өсім бар. Мәселен, бұл саладағы өндіріс қазанға қарағанда, қарашада 12,6 пайызға өскен. Сондай-ақ, мұнай, көмір мен темір кенін өндіру жақсарып келеді. Айталық, қарашада мұнай өндіру 2015 жылғы қарашамен салыстырғанда 3 пайызға артты. Нәтижесінде 11 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру жоспарын 2,4 пайызға асыра орындау қамтамасыз етілді. Жоспардағы 69,2 млн тоннаның орнына 70,8 млн тонна өндірілді. Биыл қыркүйектің соңында Қашаған кен орнының іске қосылуы мұнай өндірісінің негізгі өсу факторына айналды, бұл тәулігіне 75 мыңнан астам баррель қосымша мұнай өндірісін қамтамасыз етті. Қорытынды көрсеткіштер еліміздің өсімдік шаруашылығында да ілгерілеушілік барын аңғартты. Осы сала өндірісінің 5,9 пайыз­ға ұлғаюы есебінен ауылшаруашылық өнімі­нің өсуі 4,5 пайызды құрады. Ал мал шаруа­шылығы өнімін өндіру 2,6 пайызға ұлғайды.  

Тұрғын үй – 16,1%

Тұрғын үй құрылысы мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инфра­­құ­ры­лымдық жобаларды іске асыру есебі­нен құрылыс жұмыстарының да көлемі 7,5 па­йызға ұлғайды. 2016 жылғы қаңтар-қара­ша­да тұрғын үйлерді пайдалануға беру 16,1 пайызға, яғни 8,9 млн шаршы метрге дейін өсті, бұл жалпы 2015 жылы тұрғын үйді пай­да­лануға берудің жылдық көлеміне сәйкес келіп отыр.  

Инвестиция – 4,7%

Инвестициялар көлемінің 11 айдағы көрсеткіші де көңіл қуантады. Ол 4,7 пайызға, яғни 6 трлн теңгеге дейін өсті. Жалпы алғанда, «Нұрлы жол», индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ, дағдарысқа қарсы бағдар­ламалар шеңберінде индустриялық-инно­вациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру өсуге ықпал етті. Жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестициялардың оң қарқынын атауға болады. Мәселен, ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағыны 12,1 млрд АҚШ долларын құрады, бұл – өткен жылғы деңгейден 4,4 есеге жоғары.  

Инфляция – 7,5%

Сыртқы сауданың да серпіні артқан. Мәселен, ағымдағы жылғы он айдың ішінде сыртқы сауда айналымы 49,3 млрд АҚШ долларына жетті, төмендеу қарқыны ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы 30,4 пайызбен салыстырғанда 24,4 пайызға дейін баяулады. Экспорт 29,1 млрд АҚШ долларын, импорт 20,2 млрд АҚШ долларын құрады. Сыртқы сауда теңгерімінің оң сальдосы 8,9 млрд АҚШ долларын құрады. Ал елдің халық­ара­лық резервтері, Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, 90,9 млрд АҚШ доллары болды. 2016 жылдың басынан бастап инфля­ция 7,5 пайызға жетті. Азық-түлік тауарлары 7,8 па­йыз­ға, азық-түлік емес тауарлардың баға­сы 8,6 пайызға қымбаттады. Жыл басынан бері жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады.  

Бюджет кірісі –  5,8 трлн теңге

«11 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы бюджеттің барлық деңгейлеріндегі кіріс­тер өсімінің жоғары қарқынымен белгі­ленді. Қазірдің өзінде мемлекеттік бюджетке өткен жылдың жылдық көлемінің дең­гейінде кірістер түсті. Мемлекеттік бюджет шығыстарының сомасы өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге артық төленді. Қаржы министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап нақтыланған бюджеттің іс-шараларын орындау барысына мониторинг жүргізді. Апта сайын бюджет қаражатын игеру мәселелері жөнінде мем­лекеттік органдармен селекторлық кеңестер өткізілді. Осы іс-шаралардың арқасында өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда игеру қарқыны анағұрлым жақсы», деді Қаржы министрі Б.Сұлтанов. Қаржы министрінің айтуынша, мемле­кеттік бюджетке 5,8 трлн теңге көлемінде кіріс (трансферттерді қоспағанда) түсті. Мем­лекеттік бюджет бойынша асыра орындау сомасы 396 млрд теңгені, республикалық бюджет бойынша 255 млрд теңгені және жер­гілікті бюджет бойынша 141 млрд теңгені құрады. «11 айда өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда мемлекеттік бюджет кірістері 31,8, республикалық бюджет кірістері 41,1 және жергілікті бюджет кірістері 13,6 пайызға өсті. Тұтастай алғанда, мемлекеттік бюджеттің кірістері 107,3, республикалық бюджеттікі 106,6 және жергілікті бюджеттікі 109,1 пайыз­ға ат­қарылды», деді Сұлтанов. Үкімет отырысында елдің әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуы жайында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Энер­гетика министрі Қанат Бозымбаев, Ауыл шаруа­­шылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов, Ұлттық банк төр­ағ­асы Данияр Ақышев, «Бәйтерек» ұлттық бас­қару­шы холдингі» басқармасының төр­ағасы Ерболат Досаев, «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қоры бас­қармасының төраға­сы Өмірзақ Шө­кеев және бірқатар облыс әкімдері есеп берді. Премьер-Министр Б.Сағынтаев отырыс қорытындысында аталған ведомстволар мен өңір басшыларына бюджеттен бөлін­ген қаржыны уақтылы игеруді тапсырды. Премьер-Министр, сондай-ақ, экономикада жақсы көрсеткіштер байқалатынын, жыл басымен салыстырғанда барлық өңірде оң үдерістер бар екенін, соған сай биылғы жыл­дың қорытындысында ІЖӨ деңгейін 1 па­йызға жеткізуге мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сонымен қатар, Үкімет басшысы бюд­жет қаржысының игерілуіне, әсіресе, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы бюджет қар­жы­сы­ның игерілу барысына назар аударды. «Өңірлерге бағытталған барлық қара­жат­ты игеру керек, Қаржы министрі орталық ат­қару­шы органдармен мониторинг жасауы қажет», деді Б.Сағынтаев. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»