21 Желтоқсан, 2016

Казақстан мен Корея ғалымдары жылқы өсіру тәжірибесімен бөліседі

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақ ғалымдары корей әріптестерімен жылқы өсіру тәжірибесімен бөліседі, деп хабарлайды Хабар24. Корея ғылыми институттары Солтүстік, Батыс және Шығыс Қазақстандағы қолайсыз ауа райы жағдайында соя өсірудің қыр-сырын ашып бермек. Ірі қазақстандық ғылыми-зерттеу институттарының басшылары Кореяға сапар аясында осындай келісімге келді. Кореялық Конкук университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті елімізде бірлескен кафедра ашуға келісті. Корейліктерді қазақстандық жылқы өсіру тәжірибесі қызықтырады. "Осы Конкук университетінің ғалымдары қазір Қазақстанға келіп жылқы шаруашылығы бойынша бірлескен жұмыс істеуді көздеп отыр. Себебі жылқы майынан олар әртүрлі косметикалық заттар алады екен. Ал Корея – медициналық туризм, косметика шығару жағынан ілгері келе жатқан ел. Сондықтан Қазақстаннан мал шаруашылық саласындағы көптеген шикізатты алып, соны қор есебінде пайдалану көзделіп отыр," - дейді Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас директоры Әйіп Ысқақов. Корей мамандары мал бюасын көбейту технологиясының тапшылығын алға тартады. "Чечжудо аралында шамамен 25 мың бас жылқы бар. Бірақ оларды мініп серуендейміз. Жалпы, аптасына 3-4 жылқы сойылады. Алайда мал басын көбейту үшін технология жетіспейді. Сондықтан жылқы өсіруде жетістікке жеткен Қазақстаннан тәжірибе алғымыз келеді. Кореяда дәнді дақылдың 150 мың түрі сақталған роботтық ген банкі құрылды. Сондай өсімдіктің бірі – соя қазір корей елінде тапшы. Сондықтан оның егіс алқабын 100 мыңнан 400 мыңға ұлғайтып, Солтүстік, Батыс және Шығыс Казақстанда өсіру көзделіп отыр," - дейді Конкук университетінің профессоры Ким Су Ки. Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – кадр даярлау. Кореялық университеттердің бірінде жергілікті соя сұрыптарын қазақстандық аспирант зерттеп жатыр. Қазақстанға оралып, ол корейлік әріптестермен бірге өзінің тәжірибесін басқаларға үйретіп, тіпті сояның жаңа сұрпын шығаруды көздеп отыр.