Назарбаев зияткерлік мектебі
Семейде физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Барлығы 720 оқушыға есептелген білім ордасында балалардың шығармашылық және зерттеушілік мүмкіндіктерін дамытуға, үш тілді орта қалыптастыруға, сыни және заманауи ойлауға машықтандыратын жағдайдың барлығы жасалып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен дүниеге келген бірегей білім беру жобасына тиесілі жаңа нысанның Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында салтанатты түрде ашылуы семейліктердің қуанышын еселей түсті. Бұл жобаның ерекшелігі – ауылдық округтерден келген талантты балаларға арналған жатақхана оқу корпусымен қосылған. Бүгінде мектепте облыстың түкпір-түкпірінен келген 645 бала білім алады. Оқушылардың мүмкіндігін дамыту мақсатында химия және физика пәндерінің зертханалары, нанотехнология, биотехнология, робот техникасы және өнер кабинеттері, кітапхана, мәжіліс залы, денешынықтыру-спорт белдеуі сынды соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жарақтандырылған аудиториялар бар. Мектеп директоры Бағдан Қайыржановтың айтуынша, оқу үдерісі Кембридж халықаралық емтихандық кеңесімен бірге жасалған білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Оқытушылар құрамы «Болашақ» бағдарламасы бойынша тәжірибеден өткен 122 педагогтан тұрады. Сыни тұрғыдан және жаңаша ойлауды дамыту үшін оқушылар инновациялық курстарға қатысады.Спорт академиясы
2015 жылдың күзінде Семейде 200 орындық спорт интернаты, күрес залы және асхана кешені ғимаратының құрылысы басталған болатын. Бұл нысан шаһардағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қасынан бой көтерді. Құрылысты аяқтар кезде барлық үш нысанды қосып, спорт академиясын құру туралы шешім қабылданды. Міне, осы жаңа нысанның ашылуына өңір басшысы Даниал Ахметов, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова және қала тұрғындары қатысты. Академияның негізгі қызметі өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан дарынды спортшыларды іріктеп, оларды дзюдо, самбо, грек-рим және еркін күрес бойынша даярлау. Жас спортшылар қажетті спорттық жабдықтармен, құралдармен, оқулықтармен, тегін тамақпен және іссапар шығындарымен қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде республикалық және облыстық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен алғашқы шәкірттер іріктеліп алынды. Балаларға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуге халықаралық дәрежедегі спортшыларды даярлаған Ресей, Моңғолия және Әзербайжан елдерінің жоғары санатты мамандары шақырылды. Академия жетекшілерінің айтуынша, іріктеу кезеңі облыс аумағындағы 10-18 жас аралығындағы оқушылар арасында жүргізіледі. Әр оқушының спорттық жетістігінің болуы қатаң қадағаланады. Яғни, үміткер республикалық және облыстық жарыс жеңімпазы немесе жүлдегері болуы тиіс. Интернатта олимипиадалық спорт түрлерін даярлауға басымдық берілгендіктен бұл міндетті. Айта кету керек, тәуелсіздік жылдарында өңірде спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 30,3 пайызға дейін артып, 420 мыңнан астам адамды құрап отыр.«Ақниет» мектебі
Енді өңірдің қалалары мен аудандарынан келген мүмкіндігі шектеулі 100 бала «Ақниет» интернатында тұрып емделіп, оқи алады. Яғни, көру, есту және тірек-қимыл жүйесінде кінәраты бар балалар Өскемен қаласының аталған мекемеге жақын орналасқан мектептері мен колледждерінде білім алмақ. Олар оқуды бітірген сәтте белгілі бір мамандыққа ие болады. Жаңа нысанның елімізде баламасы жоқ. Былтыр күзде құрылысы басталған әлеуметтік мекеменің ашылуына қатысқан өңір басшысы Д.Ахметов: – Біз мектеп-интернатты аша отырып, Мемлекет басшысының барлық балалардың мүмкіндігі тең болуы тиіс деген тапсырмасын орындап отырмыз. Бұл нысанның арқасында айрықша қарауды қажет ететін балалар өз қатарларымен бірге мектептерде білім алады. Оларды қатар құрбылары қолдайтынына сенемін. Сонымен бірге, интернат қабырғасында денсаулығын түзеуіне мүмкіндік бар. Өйткені, бұл санаттағы балаларға ата-аналарының шексіз мейірімі мен махаббаты болғанына қарамастан, олар кәсіби көмек пен медициналық күтімді толығымен көрсете алмайтыны анық. Мектеп-интернатта 8 мамандық бойынша оқытылады. Балалар қоғамның ортасында болуы керек. Біз келешекте олардың жетістіктеріне қуанатын боламыз, – деді. Ерекше балалардың ата-аналары көптен күткен армандарының орындалғанын айтады. Себебі, бұған дейін үйге қамалып келген балалар қоғаммен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік алып отыр. Оқушылар мектеп-интернатта логопед, тифло-сурдопедагог, дефектолог және басқа да арнайы мамандардан кешенді ем алады. Балаларды сәтімен әлеуметтендіру интернат қабырғасында емес, жақын жердегі мектептерде жүргізіледі. Білім ордаларының бірі тірек-қимыл жүйесі бұзылуынан зардап шегуші балаларды оқыту мақсатында арнайы жабдықталды. Ал мамандықты жоғары сыныпқа келген кезде интернат қасындағы колледждерден алады. Келешекте компьютерлік моделдеу операторы, бағдарламашы, аудармашы, кітапханашы немесе есепші болуы мүмкін. Интернаттағы 10-11 сынып оқушылары үшін қысқа мерзімді кәсіптік курстар ұйымдастыру жоспарланған. Айта кету керек, интернат оқушылары мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған халықаралық «Абилимпикс» қозғалысына қатысып, кәсіби шеберлік байқауларында бақ сынайтын болады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы