22 Желтоқсан, 2016

Келешектің қуат көзi

359 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
nbҚазіргі ғылыми-техникалық жетiстiктердiң қарқынды даму дәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХI ғасыр» манифесi айрықша өзекті және дер кезiнде қабылданып отыр. Манифестi iске асыру – жаңа тех­ноло­гиялардың соңғы жетiстiктерiн күш жұмсау қаруы ретiнде қолдану жолында ықпалды кедергi орната алады. Бұл бар ядролық қаруға және ядролық технологиялармен қатар жүретін радиоактивтi қалдықтарға қатысты айрықша маңызды мәселе. Қазіргі уақытта мұндай ядролық материалдар мен қалдықтар тек жинақталып отырады, бірақ оларды толық кәдеге жарататын қауiпсiз технологиялар жоқ. Келешекте адамзат үшін негiзгi энергия көзi ядролық энергетика болатыны күмәнсіз. Әзірше баламалы энергия түрлеріне тек қосымша көздер ретінде ғана пайдалануға жеткілікті. Қазіргі уақытта әлемдік жетекші ядролық орталықтарда ядролық реакторлардың жаңа қауiпсiз түрлерiн ғылыми зерттеулер мен әзірлеу жұмыстары жүргiзiлуде. Оларда ядролық отын ретінде уранның 235U сирек изотопы ғана емес, сондай-ақ, табиғи уран мен торийдің үлкен қорлары, олармен қатар пайдаланылған ядролық отын да қолданылмақшы. Сонымен қатар, осындай реакторларда химиялық бөлiнуден пайда болатын барлық өнiмдердi жағумен қоса бейбіт мақсатта пайдалануға негізделген ядролық технологияларды қолданудағы ілеспе радиациялық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі де толығымен шешілетін болады. Әлемдік тәжірибені талдау экономиканың тұрақты дамуында ең жақсы нәтижелерге өзінің табиғи бәсекелестік ар­­тық­шылықтарын барынша тиімді пайдаланатын елдер қол­ жеткізгенін көрсетіп отыр. Қазақстан үшін табиғи ар­­тық­шы­лық көмірсутек, уран мен бас­қа минералды ши­кі­зат­тың біре­гей қорлары, ау­мағы мен геог­рафиялық орнала­суы болып та­былады. Біздің ел­дің әлемдік сын-тегеурінге жау­ап беретін мемлекеттік ғы­­­лыми-техникалық саясаты тиісті бағыттар бойынша жаратылыстану мен тех­ни­ка­лық ғылымдарды дамыту­ды талап ететін ғаламдық бә­се­келестік күресінде нақты осы артықшылықтарды барын­ша тиімді пайдалануға жұ­мыл­ды­рылуы қажет. Ядролық ғылым мен техника бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы жетіс­тік­тер халықаралық сахнада ел бе­делін арттырудың маңызды эле­менті болып табылады. Бұ­дан басқа, түбегейлі жаңа ин­но­вациялық технологиялар жа­сауды ядролық материя мен заттардың негізгі қасиеттерін, олар­дың өзара әрекеттестік си­паттамаларын зерттеусіз көз­ге елестету мүмкiн емес. Со­ны­мен қатар, ядролық және ра­диациялық физика бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы күрделі ғылыми-тех­никалық міндеттерді дербес қоя білетін және шешуге қа­білетті жоғары білікті маман­дарды дайындауға бірегей мүм­кіндіктер береді. Ядролық физика институты 1957 жылы құрылған кезеңінен бастап, ел экономикасын тез дамытуға қажетті ядролық ғы­лым бойынша жаңа iргелi және қол­данбалы нәтижелерге жетумен қатар, Қазақстанның атом­­­дық ғылымы мен техни­касына қажетті жоғары білік­ті кадрларды – ғылым доктор­лары мен кандидаттарын даяр­лауда базалық ұйым ре­тін­де жоспарланған болатын. Бұ­дан басқа, институттың экс­перименттік және ғылыми-техникалық инфрақұрылымы елдің жетекші жоғары оқу орындары үшін ядролық бейіндегі мамандықтар бойынша оқитын студенттердің өндiрiстiк және курстық практикадан өтуі мен дипломдық жұмыстарын орын­дауға арналған базалық құ­ры­лым болып табылады. Ядролық технологиялар са­ласындағы мамандарды­ бір­лесіп даярлау үшін 2007­ жы­лы маусым айында­ халық­аралық консорциум құрылды. Оның құрамына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Бірлескен ядро­лық зерттеулер институты (Дубно қ.) және ҚР ҰЯО Ядро­лық физика институты кірді. 2008 жылғы 9 шілдедегі ЕҰУ-дің, БЯЗИ және ҚР ҰЯО ЯФИ бірлескен бұйрығымен университ­етте «Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар» халықаралық кафедрасы жұмыс істейді. Осыған ұқсас ядролық физика бойынша бірлескен халықаралық кафедра әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де де өмірге келді. Ядролық физика, радиациялық материалтану, жаңа материалдар және технологиялар бойынша У-150М және ДЦ-60 циклотрондарының базасында өтетін ғылыми зерттеулерге және осы қондыр­ғы­­ларда жүргізілетін ғылыми эксперименттерді жоспарлау мен дайындау кезеңінен бас­тап бакалавриат және магис­тра­тураның жоғары курс сту­дент­терін тікелей қатыстыра отырып физик-ядрошылар мен инженер-ядрошыларды даярлайды. Ядролық физика институты базасындағы диссертациялық кеңесте жоғарыда аталған ма­ман­­дықтар бойынша жыл сайын 10-15 iзденушi кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады, олардың басым бөлiгi институт қызметкерлерi. Статистикалық деректер 200-ден астам ғылым кандидаттары мен докторларының Ядролық физика институтының қызметі барысында дайындалғанын ай­ғақ­тай­ды, олардың жарты­сына жуы­ғы жоғары оқу орын­­дары мен Қазақстанның атом саласындағы әртүрлі құ­ры­лымдарында жұмыс істеп жүр. 2011 жылдан бастап Ядро­лық физика институтында жо­ғары білікті кадрларды даярлау іс жүзінде тоқтатылды. Инсти­тут­тың жекелеген жетекші ға­лым­­дары ҚазҰУ және ЕҰУ PhD докторанттардың отандық ғылыми консультанттары болып табылады. Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасында атом саласын дамыту үшiн қажеттi, ядролық ғылым және техника бойынша жоғары білікті кадрларды даярлау кенеттен қысқарып қалды. Қазіргі уақытта Ядролық физика институтында бiрлескен ғылыми зерттеулерді өткiзуге жә­не де осы жұмыстарға сту­дент­тердiң, магистранттар мен PhD докторанттарының тікелей қатысуымен кадр­лар­ды даярлауға арналған Қазақ­станның жоғары оқу орын­да­рымен, шетелдiң ядро­лық орталықтары және уни­вер­си­тет­терімен (Ресей, Польша, Финляндия, Италия, Жапония Корея, Өзбекстан және басқа да) бірлесе отырып жасалған республикалық, сондай-ақ, халықаралық ауқымдағы шарттар бар. Сондықтан да, PhD докторантурасы арқылы «Ядролық физика» және «Материалтану және жаңа материалдар техно­логиясы» мамандықтары бойын­ша Қазақстан Рес­пуб­ли­касының атом саласы үшін жо­ғары білікті кадрлар дайындауды институт өз бетімен жалғастыра алады. 2012 жылдан бастап біздің 15 қызметкеріміз жоғарыда аталған мамандықтар бойынша докторантар болып, олардың 4-уі табыс­ты қорғап шықты. Ядролық физика институты қолға алған «Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды дамыту» ғылыми-техникалық бағдарламасының мақсаты қоршаған ортаға мүм­кін­дігінше аз әсер ете отырып жаңа энергетикалық қон­ды­­р­­ғыларды құру және тү­бе­гейлі жаңа инновациялық тех­нологиялардың пайда болуы үшін тың мағлұматтар алу қа­жеттілігімен анықталады. Бұл бағдарламаға өнеркәсіп, медицина мен ауыл шаруа­шы­лығы үшін жаңа ядролық және ра­диациялық технологияларды әзірлеуге және қолдануға бағытталған ядролық ғылым мен техника саласындағы іргелі жә­не қолданбалы зерт­теулердің ба­ғыттары енетін болады. Институтта өткізілетін iргелi және қолданбалы зерттеулердiң түрлі салалары үшiн қолда бар базалық қондырғылардың пайдалану сипаттамаларын жақ­сарту бойынша біздің ғалымдар тарапынан тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Наурыз айының соңында реакторды физикалық іске қосу өткізілді және 2016 жылдың екінші жартысында оны энергетикалық іске қосу жос­парланып отыр. ССР-Қ реакторын төмен байытылған уранды отынға көшіру жылулық нейтрондар ағынын екi есе көтеруге мүмкiндiк бередi. 2015 жылы ғаламшар тағы бiр температуралық табал­ды­рықтан өтті және арктикалық мұз­дардың азаюы мен күштi құрғақшылықтың жалғасуын бастан кешті. Барлық бақылау жүргізілген уақыттың ішінде биылғы жыл ең жылы жыл бол­ды. Соңғы онжылдықта бо­­лып жатқан климаттық өз­ге­рiстердің жоғары жыл­да­м­- ­дығы шындығында антро­погендік әсердің қарқынды өсуімен түсіндірілуі мүмкін. Бұл біздің ғаламшар атмо­с­ферасындағы көшетхана газдары мөлшерінің ұлғаюының есебінен оның химиялық құ­ра­­мы­на елеулі өзгерістер алып келуде. Көшетхана әсері бiз­дiң ғаламшарда Жердің орташа температурасын 35°С жоғарылатуда. Сонымен бірінші нөмірлі көшет­хана газы су буы болып саналады, оның бүкіл атмосфералық көшетхана әсеріндегі үлесі 20,6°С құрайды. Екiншi орында СО2 тұр, оның үлесі шамамен 7,2°С болады. Соңғы екі жарым ғасырда атмосферадағы СО2 мөлшері шамамен 30%-ға жуық өстi. 2015 жылғы желтоқсандағы 21-ші Бүкiләлемдiк климаттық басқосуда Париж шартына қол қойылды, құжатта көшетхана газдарының шығарылуына барынша шектеу қоюға шақы­рылды, бұл жаһандық жылынуды екі, ең болмағанда 1,5 градус шеңберінде ұстап тұруға бағыттаған. 2703_oko_risunok1Энергетиканы дамытудың жаңа стратегиялары энер­ге­ти­калық тиiмдiлiктi жоғарылату, жаң­ғырмалы энергия көздерін пай­далануды қолдау, сонымен бір­ге атом энергетикасын пайдалануды ұлғайту бағ­­дарламаларын іске асыруды қарастырады. Осы сценарий­лер­ге сәйкес 2050 жылға атом­ энергиясының үлесi 19-22%­ дейiн ұлғаюы мүмкін, ал қа­зірдің өзінде әлемде өнді­рі­ліп шы­ғарылатын электр энер­гия­сының шамамен 16 пайызы атом электр стансаларында өн­діріледі. Жұмыс істеу барысында атмосфераға айтарлықтай көп мөлшерде зиянды заттар, оның ішінде радиоактивтi элементтер шығаратын көмiр және газбен салыстырғанда атом энергиясы экологиялық таза болып саналатыны белгiлi. Қазіргі уақытта әлемде IV буындағы реакторлар, атап айтқанда, ұзақ ғұмырлы радионуклидтерді күйдіруге қабілетті, классикалық электро­ядролық энергетикалық қондыр­ғылар (ADS – Accelerator Driven System) әзірленуде. Қорыта келгенде, қолда бар және жобаланатын ядролық қон­дырғылар үшін кон­струкциялық материалдарды әзірлеу, жасау және сынақтан өткізу күрделi ғылыми-техникалық мәселе болып отыр, оның шешiмiмен әлемнiң көптеген дамыған елде­рінің (АҚШ, Жапония, Франция, Ресей және басқалар) материалтанушы ғалымдары белсендi де табысты айналысуда. Соңғы деректерге сәйкес, әртүрлі ауруларды диагностикалау үшін радиоизотоптардың қажеттілігі жыл сайын ұлғаюы желілік, ал терапия үшін экспо­ненттік дерлік екенін атап өт­кен жөн. Тазалықты және де қолда­ныста көп мөлшерде талап етілетін бірқатар осындай изотоптар орташа энергиялы үдеткіштерде жеткілікті жоғары тиімділігімен алынуы мүмкін. Қазірше әлемде осындай типтегі бес қондырғы жұмыс істейді, олар – АҚШ-та (2 үдеткіш), Ресейде, Канада мен Оңтүстік Африка Республикасында. Қазақстанның орташа әлем­дік трендке ілесуі үшін кемінде 50 үдеткіш қажет, қазіргі кезде бізде әртүрлі типтегі 10 үдет­кіш жұмыс істейді және тағы 5-ін салу жоспарланған. Әлемнің дамыған елдерінде үдеткіштердің жиілігі едәуір жоғары. Ядролық физика инсти­ту­тының «Ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануды дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстан Рес­пуб­ликасының ядролық құзы­реттілігін, отандық ядро-энер­ге­тикалық саласын бейбіт да­мытуда оның белсенділігі мен дәйекті халықаралық ұста­ны­мын сақтауға мүмкіндік береді. Насрулла БӨРТЕБАЕВ, Ядролық физика институты бас директорының ғылыми және әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары, профессор АЛМАТЫ Суретте: ЯФИ РМК бас директоры С.Сахиев және ССР-Қ реакторының бас инженері Д.Накипов ССР-Қ реакторын төмен байытылған уранды отынға көшіру нәтижелерін көрсетіп тұр.