23 Желтоқсан, 2016

Дәрі-дәрмек бағасы неге қымбат?

190 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Енді олардың құнын көтере беретіндерге қарсы күрес күшейтілетін болады Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы өтіп, онда сегіз мәселе қаралды. Сонымен қатар, бірінші оқылымда қаралған төрт заң жобасы бас комитет төрағаларының ұсынысымен екінші оқылымда да қаралып, қабылданды. Соның ішінде ұзағырақ талқыла­нып, сенаторлар тарапынан нақтылау мақсатымен сұрақтардың көп қойыл­ғаны – кейбір заңнамалық актілерге бәсекелестік және тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы болды. Заң жобасының мақ­саты – монополияға қарсы заңна­маны жетілдіріп, оны Экономикалық ынты­мақтастық ұйымының (ЭЫҰ) стан­дарт­тарына сәйкестендіру және инвес­тициялық жобалар мен тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қол­дау шараларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету. Еске сала кететін болсақ, ЭЫҰ – 1977 жылы Иран, Пәкістан және Түркия мемлекеттері құр­ған ай­мақтық экономикалық ынты­мақ­таст­ық жөніндегі ұйым. 1992 жылдан оған Қазақстан және Орталық Азияның тәуелсіздік алған республикалары қосылған болатын. Заң жобасы туралы баяндама жасаған Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайыновтың айтуына қарағанда, заң жобасында моно­полияға қарсы органның міндеттері мен тәртібі, құқық қорғау органдары­мен және басқа елдердің монополияға қа­р­сы ведомстволарымен өзара іс-қимыл тетігі реттелген. Сонымен қатар, заң жобасы бәсекелестік мәселелеріне қатысы болмағанымен, қабылдануы өте қажет бірқатар өзгерістер де ұсы­нылған. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау мақсатымен бюд­жет қаражаты есебінен пайыздық өсімді субсидия­лау және қолжетімді қары з­дар беру арқылы халық тарапынан сұра­нысты ынталандыру көзделген. Сұрақ беру рәсімі басталғанда алғашқы болып сенатор Аңсар Мұсаханов сөз алып, заң жобасында монополияға қарсы күрес органының жұмысын жетілдіру көзделіп отыр екен, ал осы өзгерістер халық тұты­натын тауарлар мен азық-түлік бағасын төмендетуге ықпал ете ала ма деп сұрады. Оған Марат Құсайынов өзгерістер бағаның өспеуіне ықпал етеді деп ойлаймыз. Жалпы айтқанда, бағаның өсуі Үкіметтің бақылауында. Сондай-ақ, Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу мен оның өсуіне жол бермеуге бағытталған заңнама әзірлеу үстінде деп жауап берді. Сенатор Ақан Бижанов тұрғын үй бағасын әлеуметтік әлжуаз топтар мен жастар үшін төмендетуге болмай ма деп сұрады. Оған баяндамашы заң жобасы монополияға қарсы күресті жетілдіруді жалпы көздегенімен, бағаны бәрібір нарықтық сұраныс анықтайтынын атап көрсетті. Ал сенатор Қуаныш Айтаханов монополияға қарсы күресті ауыз­дан тастамай отырсақ та, дәрі-дәрмектер­д­ің бағасына ешқандай шектеу қоюға болмайтынына қайран қалатынын жеткізді. Жылдың басындағы баға жылдың аяғында екі есе өскенін көріп отырмыз, деді ол. Сонымен қатар, азық-түлік бағасы­ның өсуіне де тосқауыл қойыл­майтынына қынжылыс білдірді. Осымен шұғылданатын өкілетті органдар тек Елбасы тапсырма бергенде ғана күрескен болады да, басқа уақытта үнсіз қалады, деді сенатор. Сондай-ақ, құрылыс саласы бойынша да сұрақ берді. Мұнымен айналысатын «Бәйтерек» компаниясына және оның еншілес кәсіпорындарына миллиардтаған сомада қаражат бөлінеді. Олар үй салу үшін жерді облыстардан келісімшартпен алады. Ал жобаны облыс жасайды, қаржыны «Бәйтерек» бөледі. Одан да құрылыс салатын қаражатты біз неге трансферт арқылы бірден облысқа бөліп, жауапкершіліктің бәрін облыстан сұрамаймыз, деді Қ.Айтаханов. Марат Құсайынов дәрі-дәрмек баға­сын заңсыз өсірушілерге қарсы тек­серістер жүргізіліп, 1 млрд 321 млн теңге айыппұл салынғанын айт­ты. Бұл жұмыс алдағы жылы да жал­ғасатын болады, сөйтіп, бағаны заңсыз өсірушілерге қарсы тосқауылдар артады, деді бірінші вице-министр. Ал «Бәйтерек» мәселесі бойынша нақты жауап бере алмай, тек Үкіметтің «Нұрлы жер» бағдарламасы әзірленіп жатқанын көлденең тартты. Сонда осы сұрақтарға жауап табылатын болады, деді ол. Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы сенатор Асхат Күзеков жасады. Талқылауда сенатор Михаил Бортник сөйлеп, заң жобасын қолдау туралы ұсыныс түсірді. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сенатор Қ.Айта­хановтың тұрғын үй құры­лысы туралы берген сұрағының өзекті мәселе екеніне назар аударды. Осы тарап­тағы мәселелер қордаланып жатыр. Министрлік пен «Бәйтерек» холдингінің жаңа басшылығы бұл мәселеге көңіл аударып, ұтымды шешім қабылдар деген үміттеміз, деді Төраға. Сөйтіп, заң жобасы бірінші оқы­лымда мақұлданды. Осы жерде Эко­номикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев оны екінші оқылымда да қарау туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс қабылданып, заң жобасы үзілістен кейін екінші оқылымда да қаралып, қабылданды. Сондай-ақ, жалпы отырыста Мәжі­ліс мақұлдаған «Пробация туралы, «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы», «Қарсы барлау қызметі туралы» заң жобалары ілеспе заң жобаларымен бірге бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Жоғарыда айтқанымыздай, осылардың бәрі де бас комитет төрағаларының ұсынысымен шағын үзілістен кейін екінші оқылымда қаралып қабылданған заң жобалары. Сонымен қатар, V шақырылымдағы Пар­ламент депутаттарының бастама­шылдығымен әзірленген «Волонтерлік қызмет туралы» заң жобасы да қаралып, қабылданды. Бұл заң волонтерлік қызмет саласында туындайтын қоғам­дық қатынастар жүйесін реттеуге, әлеу­меттік бағыттағы коммерциялық емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арт­тыруға, азаматтық қоғамның дамуына жәрдемдесуге бағытталған. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»