КСРО халық сәулетшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Халықаралық сәулет академиясының академигі Қалдыбай Монтахаевтың есімі Павлодар қаласының бір көшесіне беруге нағыз лайық тұлға. Облыс орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте осы оқу орнының құрметті профессоры Қалдыбай Монтахаевтың музейі ашылған күні осындай ой келді.
Музей сәулет-құрылыс факультетінің студенттері аудиторияларынан үзіліске шыққан кезде де, жалпы, қай уақытта болмасын келіп танысуларына болатындай дәліздің кең бұрышын ала жасалыпты. Музей директоры Егімбай Сүлейменовтің айтуынша, атақты Халық сәулетшісіне арналған бұл музей болашақтарын сәулет өнеріне арнайтын студенттер үшін ой салар рухани үлгі, жерлесіміз, көршілес Алтай өңірінде туған, біздің қаламыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта оқыған, жаңа Астана сәулетін жасаған Қалдыбайдай сәулетші ағаларын білулері, мақтаныш етіп жүрулері, қазақтың осындай тұлғалы ұлдарының есімдерін мәңгілік есте сақтау үшін қолға алынған игілікті іс екен.
Иә, Егімбай ағамыз айтқандай, Қалдыбай Монтахаев Алтай өлкесі, Құлынды ауданындағы Қаракөл ауылында 1950 жылы 15 қаңтарда туып, мектепті алтын медальмен бітіріп, өмірге жолдама алды. Павлодарда оқыды. Алдыңғы жылы сәулетші білім алған Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Сәулетшілік жолы 1972 жылы Қазақ политехникалық институтын бітірген соң «Алматыгипрогор» мемлекеттік жобалау институтына жіберілгеннен кейін бастады. Алматыдағы Республика алаңы құрылысын жобалап, өмірге әкелгені үшін «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген сәулетшісі» атағы, КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Еліміз егемендігін алды. 1995 жылы Монтахаевтың жетекшілігіндегі авторлар тобының жобасымен тұрғызылған ел Президенті Резиденциясының жобасы, 1996 жылы авторлар тобы Ақмола бас жоспары үшін жеңімпаз атанды. Егемен елдің жүрегі – Астанада Орталық алаң жүйесі Президент Резиденциясы, Министрлер кабинетінің бұрынғы әкімшілік ғимараты, Парламент, Сыртқы істер министрлігі, Конгресс-холл ғимараттары, Республика даңғылы, «Самал» тұрғын үйлер ауданы, Есіл өзені жағалауының, әуежай ғимараттарының құрылыстары – Монтахаевтың елім деген асқақ үнінің, ұлт намысын биікке көтерген ұлы сезімінің жүзеге асқан көрінісі. Қалдыбайдың елдік мақсат-мүдде жолындағы маңдай терін төккен еңбегі, заманауи сәулет саласындағы көптеген шығармашылық идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан үлкен қолдау тапқаны да белгілі.
Қазір С. Торайғыров атындағы университетте Қалдыбай Монтахаевтың құрметіне арналған дәрісхана бар.
– Әйгілі сәулетшінің еңбегін бағалап, құрмет көрсету – біздің қасиетті борышымыз, – деген университет ректоры Арын Орсариев музей ашылған күні сөйлеген сөзінде Қалдыбай Жұмағалиұлының егемен еліміздің сәулет ғылымын дамыта жүріп, бұл саланы халықаралық деңгейге өсіру және әлем алдында қазақстандық сәулетшілердің шығармашылық жетістіктерін мойындату үшін көп тер төккенін жеткізді. Музейдің ашылуына арнайы Алматыдан келген сәулетшінің жары Жібек Найманбаева, жолдастары, әріптестері мен туыстары Монтахаевтың өміріне қатысты ғибратты әңгімелер айтып, көпшілікті оның ғұмырлы еңбектерімен таныстырды. Музейдегі экспонаттар арасында Қалдыбай Монтахаевтың жеке қолданған заттары, жобалары, марапаттары да қойылды.
– Қалдыбай менің жүрегімде ғана емес, елінің жүрегінде қалды. Құрмет көрсеткендеріңізге рахмет! – деді Жібек Рамазанқызы.
«Туындының ғұмыры оны жаратқан адамның өмірінен ұзақ болады. Қалдыбай да сондай ғұмырды бастан өткерді. Осылайша, туындыны жаратқан адам жеңіспен қайтады, ал оның бейнелеген туындысы жүректерге мәңгі жылу сыйлайды», дейді туыстары мен жолдастары.
Бүгінгі күні профессор Марат Күдерин басқаратын сәулет-құрылыс факультеті болашақ сәулетшілерге екі тілде білім беруде. Жалпы, «Сәулет, Құрылыс, Ізденіс» атты ғылыми-өндірістік орталықта жас ғалымдар, магистранттар, студенттер ғылыми жобалар, зерттеулер жасауда. Студенттер үшін «Сәулет», «Дизайн», «Бейнелеу өнері мен сызу» мамандықтарына арналған шеберханалар бар. Теориялық білімдерін инновациялық тұрғыда, тәжірибе жүзінде жетілдіру бағытында пікірталастар, іскерлік ойындар, жобалау, ғылыми және қоғамдық қызметтерге қатысуда. Біз де аудиторияларда студенттермен жолықтық. Бәрі де Қалдыбай ағаларындай сәулетші болғылары келеді. Қазір өздерінің «Тұрғын үй және қоғамдық ғимараттар сәулеті» бойынша сызба-жобалар дайындап жатқандарын айтып, көрсетіп жатыр.
Студенттер Сабындыкөл, Жасыбай жағасындағы демалыс орындарының жобасын, облыс орталығында салынатын тұрғын үй кешендері сызбаларын жасап, іліп қойыпты. Жобалар бірінен бірі өтеді. Бізге дәліздің төрінен орын алған Монтахаевтың портреті ойлана қарап тұрды. Дәл осы жерде сәулетшінің соңына қалдырған мына бір сөзі есімізге түсті:
«Студенттерге кәсіби бағдар, білікті білім берумен қатар, этика, эстетика, мәдениет пәндерін терең оқыту керек. Мұндай таным-талғамы жоқ маман ешқашан сәулетті, ұлттық болмысқа сай келетін ғимараттарды жобалай алмайды», деген екен.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР