29 Желтоқсан, 2016

Астана әкімдігі вокзал маңындағы автотұрақтың бағасына түсініктеме берді

112 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун елорданың теміржол вокзалы маңындағы ақылы тұрақтың ақысына қатысты  пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Меніңше, бұл процеске қатысушылардың барлығына жайлы жағдай жасау қажет. Өйткені, қазіргі уақытта өздеріңіз де көріп отырғандай, бұл тұрақтарда көліктер тәуліктеп, айлап тұрады. Ал жолаушылар болса ол жерлерден өте алмай әуреге түседі. Сондықтан бұл ереже барлығына бірдей міндетті болады», - деді Хорошун БАҚ өкілдерінің «Тұраққа 200 теңге төлеу тым қымбат емес пе?» деген сауалына орай. Естеріңізге сала кетсек, таяуда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елорданың теміржол вокзалының маңындағы жағдайды тексерді. Сол кезде теміржол вокзалы мен «Сапаржай» басшылары әкімге ақылы автотұрақ жүйесі әуежай маңындағы автотұрақ сияқты жұмыс істейтін болатындығын айтқан еді. Бұл жерде де бастапқы 20 минуты тегін болса, кейін әр сағаты үшін 200 теңге алынады. Тегін орындар аккредитациядан өткен такси жүргізушілеріне ғана беріледі. Ал, «Сапаржай» автовокзалымен ынтымақтастыққа келмеген такси жүргізушілеріне тегін орындар берілмейді. Бұл такси жүргізушілері көбіне Астана-Павлодар, Астана -Қарағанды, Астана-Көкшетау бағыттарында жолаушы тасымалдап келеді. Егер олар аккредитациядан өтпесе, басқа автокөлік иелері сияқты ақша төлейтін болады.