2017 жылдан бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күзетте жүру кезіндегі жаңа ережелері енгізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Кеңесбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдарының жол жүрісін қадағалау кезінде автопатрульдеу әдісіне толықтай көшуіне, сондай-ақ жалпы жол жүрісі қағидалары бұзушылықтарының үштен бірін анықтауға мүмкіндік беретін фото және бейнетіркеудің барлық жерлерде енгізілуіне байланысты 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап полиция қызметкерлерінің таяқшаларды қолданбайтыны туралы шешім қабылдады.
«Көлік құралдарын тоқтату патрульдік автокөлікте орналастырылған арнайы дыбыс және жарық сигналдары, дауыс зорайтқыш жабдықтар арқылы жүзеге асырылатын болады. Кей жағдайларда (ЖКО, ТЖ, кептеліс жағдайларында) көлік құралдары кол қимылымен және бір мезгілде ысқыру арқылы тоқтатылатын болады», – деп атап өтті Ә. Кеңесбаев.
Айта кетейік, жаңа ережелер АҚШ, Батыс Еуропа елдері және өзге да шет мемлекеттердің озық тәжірибелерін ескере отырып енгізілген.
Айдар Өрісбаев, "Егемен Қазақстан"