Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің құрамымен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кадр саясатының принциптерін түсіндірді. Бұл туралы Ақорданың Фейсбуктегі парақшасы хабарлады.
«Жасы келген елшілердің бәрі қызметтен босатылатын болады. Олардың орнына жаңа адамдар тағайындалады. Елшіліктердегі кадр мәселесін мұқият қарауымыз қажет.
Ресей, АҚШ, Қытай, Германия, Франция сияқты елдермен арадағы сауда-саттықты дамытуға, инвестиция тартуға күш салатын уәкілдеріміз болуы керек. Тек сыртқы саясатпен айналысамыз деген болмайды. Біз АҚШ, Қытай сияқты сыртқы саясатта бүкіл әлемге ықпал етіп отырған үлкен ел емеспіз. Біз өз мүмкіндігімізге қарай әрекет етуіміз керек.
Екінші жағынан, бұрынғы кездері бізде білікті кадрлар жетіспеді. Қазір Құдайға шүкір, мықты мамандар өсіп келе жатыр. Сыртқы істер министрлігі өз кадрларын қалыптастыру кезеңін аяқтап келе жатыр деп санаймын.
Сондықтан бәріңізге үлкен жауапкершілік түседі. Қазір шет елдерде жүрген кей елшілерімізге «Министрлікке келіп департаментте біраз жұмыс істе» десе, оны менсінгісі келмейді. Бұлай болмайды. Қайда жұмсаймыз сонда жұмыс істесін. Сыртқы істер министрлігінде әскердегі сияқты қатаң тәртіп болуы керек. Министрден бастап барлығыңызға үлкен жауапкершілік артылады» деді Елбасы.