2015 жылы Қазақстан доллардан бас тартуға баса көңіл бөлді. Долларсыздандыру саясатын іске асыруға байланысты арнайы жоспар құрылды. Дегенмен, ірі экспорттаушылар мен импорттаушыларға доллардан бас тарту туралы айтуға әлі ертерек. Долларсыздандыру саясаты кешенді түрде жүргізілуі үшін теңгенің ақша айналымындағы маңыздылығы арта түсуі қажет. Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев 2015 жылдың соңында белгілі бір жұмыстар жүргізбейінше нәтижеге жете алмайтынымызды, нақты нәтижелер туралы бір жылдан соң айтуға болатынын мәлімдеген. Ұлттық банк төрағасы сөзінде тұрды. 2016 жылы долларсыздандыру ісі бастау алып, теңгемен салынған депозит көлемі, алдын ала деректер бойынша, 53,2%-ға дейін өссе, шетелдік валютадағы салымдар 10%-ға төмендепті. Нәтижесінде, депозитті долларсыздандыру деңгейі 2016 жылдың қаңтар айынан бері 70%-дан 56,7%-ға дейін жеткен. Мұны Данияр Ақышев Ұлттық банктің 2016 жылғы жыл қорытындысында айтты.
Сөйтіп, өтіп бара жатқан 2016 жылдың қаржы секторындағы басты жаңалық – ішкі нарықта шетел валютасының ықпалының әлсірей бастауы, қоғамдық санада долларға деген тәуелділік деңгейінің төмендеуі. Ұлттық валютамыз – төл теңгеміздің елдегі экономикалық реформаларды қаржыландыруға бет бұруы да 2016 жылдың еншісінде. Осы жылы қоғамдық санада теңге айырбас құралы ретінде қабылданды. Жыл басынан бері шет ел валютасындағы салым 84 пайыздан 64 пайызға дейін төмендеді. Бұл өздігінен бола салған құбылыс емес. Үкіметке ұлттық валюта мен шетел валютасының теке-тіресінде алғашқысына басымдық беру үшін талай жұмыстың басын қайыруға тура келді.
Доллардың дәуренi өтiп бара жатқанын, бұл ұлттық валюталардың тыныс алып, күш жинап алуына берілген мүмкіндік екенін халықаралық сарапшылар да айтуда. Кейбiр инвесторлар доллардан бас тарта бастады. Іргеміздегі алып ел – Қытай қазіргі кезде ішкі нарықтағы АҚШ долларынан «құтылу» операциясын жүргізіп жатыр», дейді мамандар. Жалғыз Қытай емес, Жапония да долларға тәуелділіктен арылу үрдісін бастап кетті. Қытайдың 2015 жылғы маусымның 1-нен бастап сауда-саттық пен қаржылық алыс-берісте тікелей валюта алмасуға көшетінін мәлімдеуі соның айғағы. Яғни экономикасы жағынан ең ірі азиялық екі ел сыртқы саудада долларға емес, өз валюталарына иек артпақ. Бұл – іс жүзінде долларды ығыстыру. – «Қырғи-қабақ соғыстан» кейін әлемдегі жетекші экономикаға айналып, енді ешкіммен бақталастырудың қажеті жоқ болғандықтан, америкалықтар дамушы елдердегі импорт пен экспорт операцияларын кеңейту үшін халықаралық сауда көлемін ұлғайтуға кірісті. Ал дамушы елдер соның жетегінде кетіп, ішкі дамуға немесе ішкі нарықтағы өндіріске мән берудің орнына, импорттық-экспорттық операцияларға баса ден қойды. Бұл не үшін істелді? Ол бүкіл әлемнің долларға тәуелділігін арттырып, АҚШ-тың үстемдігін жалғастыру үшін жасалды, дейді сарапшы Досым Сәтпаев. Доллардан арылуға бет алған ұлттық валютамызға қуат беретін күш ұлттық экономика екені белгілі. Әзірге АҚШ долларына тыйым салуға әлеуетіміз жетіңкіремейді. Сарапшылар ендігі жерде елді индустрияландырудың және ішкі капиталды интеграциялаудың жаңа саясаты қажет деген мәселені төтесінен қою керек дегенді айтады. Себебі, АҚШ долларының жағдайын осыдан бес-алты жыл бұрынғы кезеңмен салыстыруға болмайды. Күш-қуатынан айырылған АҚШ валютасы ақпараттық науқандардың көмегімен, лоббистердің дем беруімен ғана басымдыққа ие болып отыр. Ұлттық экономикамызды долларға тәуелділіктен арылтуға бағытталған шешім қабылдайтын кез келді. Біз осы қадам арқылы ғана экономикамыздың оффшорлануына жол бермей, сыртқы қарыздың қамытынан құтыла алар едік, дейді мамандар. Қаржыгер Ілияс Исаев Қазақстан өзінің халықаралық сауда операцияларында ұлттық теңгеге көшетін болса, онда америкалықтар Қазақстандағы барлық мұнай активтерін өздері-ақ қазақстандықтардың қолына өткізіп береді. Себебі, өндірілген мұнай үшін теңгемен төлеу керек болғандықтан, шетелдіктер оны теңге бағамын белгілейтін осы елдің орталық банкінен сатып алуға тиіс болады.
Біз бұған дейін валютаны ырықтандырамыз деп теңгені қорғай алмадық. Ашық экономикаға ұмтылдық. Енді соның зардабын сезіне бастадық. Үлкен саудада, сондай-ақ, автокөлік пен пәтер сату қолма-қол ақшаға емес, енді банк шоттары арқылы жасалуы керек. Бұл – теңгені нығайтуға арналған қадам. Өйткені, бұған дейін теңге тек қара базарда, коммуналдық төлем, еңбекақы, жәрдемақы төлеуге, ішіп-жемге ғана қызмет етті. Үлкен саудадан ығыстырылды. Осының барлығы теңгенің әлсіреуіне апарып соқтырды. Осы жағдайды ескерген Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында компанияларға, коммерциялық банктерге «валюталарыңды нарыққа шығарыңдар» деді. Елімізде кез келген сауда-саттық тек ұлттық валютамен ғана жүргізілуі тиіс. Жалпы, валюта бағамына ықпал ететін үш фактор бар. Біріншісі – іргелі фактор. Екіншісі – алыпсатарлық фактор. Үшіншісі – мемлекет қайраткерлерінің, ірі бизнес өкілдерінің, әлемдік ірі банктердің пікірі. Осы үш фактор валютаның бағамына қашанда қатты әсер етіп келді. Және солай бола да береді. Елбасының теңге жайында жылы пікір білдіруі ұлттық валютамыздың бекуіне, тұрақтануына, күшеюіне үлкен пәрмен бермек. Мәселен, өткен ғасырдың 70-жылдары жапондар ұлттық ақшасы иенаның күшеюіне өте үлкен көңіл бөлді. Инвестициялық климат жасады. Соның арқасында Жапония озық, іргелі елге айналды. Мұндай инвестициялық климат бізде де бар. Егер инвестор елімізге келіп, зауыт, кәсіпорын салса, онда коорпоративтік салықтан 10 жылға босатылады, екіншіден, жер салығынан 10 жылға босатылады, үшіншіден, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Бұл деген еш елде жоқ жеңілдік. Егер Елбасының айтқандарын орындайтын болсақ, ойлаған мақсатқа жетуге болады. Ол үшін экономиканы іргелі факторға бейімдеу қажет. Ұлттық валютаға айрықша көңіл бөлуге тиіспіз. Ендігісі Ұлттық банктің жүзеге асыратын шараларына тікелей байланысты, дейді қаржыгер-сарапшы Ілияс Исаев.
Сонымен, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтің сөзімен айтсақ, 2016 жылы долларсыздандыру кезеңінің алғышарттары басталды. Ең бастысы, теңгеміз ел ішінде де, халықаралық саудада да айырбас құралы бола алады деген сенім қалыптасты.
Гүлбаршын САБАЕВА
АЛМАТЫ