01 Ақпан, 2017

УЕФА рейтингінде қазақ жанкүйерлері бесінші орыннан көрінді

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
УЕФА 2015-2016 маусымының қорытындысы бойынша «Fair Play» рейтингін жариялады. Мұнда 2015 жылдың 1 мамыры мен 30 маусымы аралығында ойнаған құрамалар мен клубтардың ойындары есепке алынды. Бұл туралы vesti.kz хабарлады. Жаңа ережеге бойынша, оның бірнеше көрсеткіші шығарылды. Жеңімпаздар үш категория бойынша анықталды. Олар – жанкүйерлер тәртібі, маусым үздігі және жалпы «Fair Play» рейтингісі. Жанкүйерлер тәртібі бойынша Қазақстан 8,617 ұпай жинап, бесінші орынға жайғасты. Көш басында Эстония, Исландия, Норвегия және Уэльс құрамалары тұр. Бұл көрсеткіште Қазақстан Испания, Англия, Франция және Германия елдерінен басым түсті. Қазақстан үздік бестікке «Fair Play» ережесін сақтап, қазақстандық футболшыларға қолдау көрсеткен жанкүйерлердің арқасында енді. «Маусым үздігі» категориясы бойынша Қазақстан тоғызыншы орыннан көрінді. 2015 жылғы маусыммен салыстырғанда 2016 жылы 0,379 ұпай артық жинады. Бұл аталым бойынша Беларусь топ басында. Екінші орында – Әзірбайжан. Үздік үштікке Латвия енді. Аталған рейтингінің жалпы қорытындысы бойынша 8,469 ұпаймен Норвегия алда келеді.  Екінші және үшінші орындарды Финляндия мен Швеция бөлісті. Қазақстан 8,258 ұпай жинап, 15-сатыға орналасты. УЕФА әр рейтингтің жеңімпазына 50 000 еуро бөледі. Қаражат «Fair Play» жобаларын жүзеге асыруға жұмсалады. Биыл бұл сыйақыны Эстония, Беларусь және Норвегия елдері алды. Айта кетейік, «Fair Play» бағасын УЕФА делегаттары береді. Олар жанкүйерлер мен командалардың тәртібіне сүйенеді. Сонымен қатар, қарсылас пен төрешіге деген құрмет бағаланады. Ойыншылардың сары және қызыл  қағаз алуы да көрсеткішке әсерін тигізеді.