Қытай Халық Республикасының азаматтарына арналған арнайы топтық визаның аясында Шығыс Қазақстан облысына бір жылда 4,5 мың турист келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2016 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысына топтық виза аясында 4,5 мың қытайлық турист барған. Алғаш рет Қытай халық республикасының «баруға болатын ел» деген бағасын алдық. Облыстың 11 туроператоры осы бағытта жұмыс істеп келеді. Жылына Қытай Халық Республикасынан төрт туристік топ келді», - деді Қазақстанның өңірлерін дамыту жөніндегі Еуропалық одақтың арнайы жобасының ашылу салтанатында ШҚО әкімдігінің туризм және сыртқы байланысар басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Кәмила Лұқпанова.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасына келетін ҚХР азаматтарына жеңілдетілген топтық виза беру туралы келісімге 2015 жылдың 14 желтоқсанында қол қойылған болатын. Қазір Қазақстан бойынша 63 туристік оператор қытай азаматтарын осы жүйемен қабылдауға құқылы.