01 Ақпан, 2017

Алматы облысында Жолдауды насихаттау үшін 355 топ құрылды

108 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматы облысында Жолдауды насихаттау мақсатында 355 ақпараттық топ құрылды. Оған 2683 адам мүше. Бұл жөнінде бүгін арнайы брифингте «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған басқосуда Ғалиасқар Төлендіұлы Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының маңыздылығына тоқталды. «Елбасы өзінің Жолдауында атап өткендей, бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Сондай ақ бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керектігін атап өтті. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын болады. Сонымен қатар 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі. Игі бастаманың барлығы біздің халық үшін жасалып отыр. Өздеріңізге белгілі, Жетісу жері аграрлы аймақ. Басты локомативі ауыл шаруашылығы саласы. Осы саланы әрі қарай жаңғыртып, дамыту, өзге де салаларды өркендету жолында жаңа Жолдаудың маңызы зор. Біз өңірдің әрбір тұрғынына оның маңыздылығын насихаттап, түсіндіретін боламыз»,- дейді Ғалиасқар Сарыбаев. Қазір Жетісу жерінің әр аймағында Жолдауды насихаттау жұмыстары басталып кетті.