01 Ақпан, 2017

Qazkom Астана мен Алматыдағы бизнеске несие беруді бастайды

147 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Qazkom Даму қорының бес жаңа арнайы бағдарламалардың негізгі операторы ретінде Астана мен Алматының шағын және орта кәсіпкерлеріне несие бере бастады. Бұл бағдарламаларды іс-жүзіне асыру үшін Даму қорымен бөлінген 5 млрд теңгенің 3,7 млрд теңгеге жуығы Қазкоммерцбанктің клиенттеріне берілетін болады, деп мәлім етті банктің баспасөз қызметі. Бұл қаражат банкке 7 жылдық мерзімге ақылы әрі қайтарылмалы түрде берілді. Аталған бағдарламалардың ерекшелігі бизнестің жаңа бағыттары - «стартаптар», инновациялық, ғылыми және технологиялық шешімдер, сондай-ақ ірі мегаполистер үшін маңызды болып табылатын жобалар – өңдеу және тамақ өнеркәсібі, сервис және инфрақұрылым салалары қаржыландырылады. «Біз өткен жылы банктің жаңа стратегиясын қабылдап, басты назарды ШОБ және жекелеген клиенттерге бағыттағанымызды жарияланған едік. Міне содан бастап, біз өткен жылы шағын және орта бизнесті белсенді түрде қаржыландыра бастадық. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар өз жемісін бере бастады: кәсіпкерлер Qazkom-ды қолдау көрсетуші жетекші банк ретінде қабылдай бастады, ал мемлекет Алматы мен Астана үшін маңызды бағдарламаларды қаржыландыруға негізгі көлемді сеніммен тапсырды», - деді өз сөзінде банк басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Абай Искандиров. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры ШОБ-ты қолдауға бағытталған жаңа бес бағдарламаны іс-жүзіне асыру мақсатында Qazkom-ға 2,7 млрд теңге көлемінде бірінші траншты аударды. Осы соманың 900 млн теңгесі «Алматы-Өнім» бағдарламасын іске асыруға бағытталады. «Алматы-Өнім» бағдарламасы тамақ өнімдері, уытты өндеу, минералды су және өзге де алкогольсіз сусындардың өндірісімен айналысатын алматылық кәсіпкерлерге арналған. Ал 250 млн теңге көлеміндегі транш «Астана Start Up» бағдарламасы бойынша өз ісін жаңадан бастаған және түрлі салалар бойынша жұмыс істейтін астаналық кәсіпкерлерді қаржыландыруға арналып отыр. «Алматы Туризм» бағдарламасын дамытуға Qazkom 1,3 млрд теңгені алды. Бұл қаражат кәдесый тауарларын өндіретін, қонақүй бизнесімен, әкімшіліктік және қосымша қызмет көрсетумен айналысатын, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында жұмыс істейтін алматылық кәсіпкерлерге берілмек. «Астана Бизнес» деп аталатын бағдарламасы бөлшек саудамен (автокөліктен басқасы), ресторан бизнесімен және тамақ өнімдерін жеткізумен айналысатын солтүстік астананың кәсіпкерлерін қолдауға бағытталады. Сондай-ақ түрлі салаларға франчайзингті сатып алу да қаржыландырылады. Бұл бағдарламаға банкке 250 млн теңге бөлінетін болады. Ал компьютер өндірісі, электрондық және оптикалық тауарлар, кәсіби, ғылыми және техникалық іспен айналысатын алматылық кәсіпкерлердің жобаларына «Алматы-Инновациялар» бағдарламасы бойынша қаражат жақын арада банкке түсетін болады. Бұл бағдарламаны іс-жүзіне асыруға Qazkom-ға 1 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қазкоммерцбанк аталған бағдарламаларды егжей-тегжейлі түсіндіру үшін кәсіпкерлерге арнайы түсініктеме жұмыстарын жүргізуге дайын.