02 Ақпан, 2017

Үшінші сын-қатер

362 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Қазақстан-­2050» стратегиясында әлем­дегі үшінші сын-қатер ретінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді атаған еді. Өйткені, Жер шарында халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проб­ле­масын күрделендіре түсуде. Оның үс­тіне, бүгінде миллиондаған адам азық-түлік жетіспеушілігін бастарынан кешіріп отыр. Жер шарында жыл өткен сайын адам саны өсіп келеді. Оны шектеу мүмкін емес. Ресми деректер бойынша, 1920 жылы әлем халқының саны 1,3 миллиард адам болған екен. Ол 1987 жылы 5 миллиардты құраса, 2011 жылы 7 миллиард адамға жеткен. Ал 2050 жылға қарай Жер бетіндегі халық саны 9,5 миллиардқа жуықтайды деген болжам жасалып отыр. Халық саны өскен сайын тіршілік көзі – қажетті азық-түлік түрлеріне сұ­ра­ныс та арта түсетіні түсінікті. Сон­дықтан, қазіргі кезде де, жақын бо­лашақта да халықты азық-түлікпен қам­тамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түс­пек емес. Қайта ол жаһандық дең­гей­дегі аса өткір проблеманың біріне ай­налмақ. Бұған мысал ретінде 2006-2008 жылдардағы әлемдік қаржы-эко­но­микалық дағдарыс ауыртпалығын алай­ық. Осы дағдарыс кезіндегі азық-түлік тапшылығы көптеген елге ауыр тиді. Адам өміріне бірінші кезекте аса қажет ет пен сүт, бидай мен күріш өнім­дерінің бағасы еселеп қымбаттады. Кейбір құрлықтағы бірқатар мемлекет сол қымбатшылық пен қиындықтардан әлі арыла алған жоқ. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Халық­ара­лық ауыл шаруашылығын дамы­ту қоры әзірлеген баяндамада алда­ғы 30-40 жыл ішінде әлемдік ауыл шаруа­шы­лы­ғ­ы саласы күрделі проблемаларға тап болады. Бұған Жер ша­рында адам санының көбеюімен қа­тар, климаттық өзгерістер және та­биғи ресурстардың деградациясы сияқ­ты жаңа проблемалар қосылуы мүм­кін. Бұлардың қатарына орман мас­сивтерінің азаюын, сондай-ақ, тір­шіліктің басты қайнары – су көз­дерінің тар­тылуын қосуға болады. Аталған мәселелерге қатысты мәлі­мет келтірейік. Соңғы жүз жылда Жер ша­рын­дағы орман массивтерінің 40 пай­ызы жойылған. Орман-тоғайдың жой­ылып бара жатуы тіршілік атаулыға аса қажет оттегінің азаюына соқтырып отыр. Деректерге қарағанда, орман мас­сивтерінің оталуы салдарынан жыл сайын оттегі 10-12 миллиард тоннаға азая­ды екен. Оның есесіне, атмосфера­да көмір қышқыл газы 10-12 пайызға кө­бейетін көрінеді. Осы мәселелермен айналысатын эколог-сарапшылар жағдай осындай күрделі күйінде қала берсе, отте­гі­нің тепе-теңдігі бұзылу қаупі туын­дай­тынын айтады. Орман-тоғай мас­сив­- ­т­е­рінің азаюына, сондай-ақ, оны отын ре­тінде пайдалану да айтарлықтай «үлес» қосып жатқанын айтуымыз керек. Себебі, қазіргі кезде Азия, Африка және Латын Америкасы елдеріндегі елді мекендердің 90 пайызға жуығы отын ретінде ағашты пайдаланады. Өзен-көлдердің суы негізінен орман-то­ғайдан, мұздақтардан бастау алады. Ал су ауыл шаруашылығы өнімдерін еселеп арттырудың көзі десек, қателесе қоймаспыз. Кез келген елде азық-түлік қау­іп­­­сіздігін қамтамасыз ету үшін, ең алды­мен, сол елдің өзінің арнайы ре­зер­ві жасақталуы тиіс. БҰҰ сара­п­шы­лар­ы­ның пікірінше, егер мемлекет­те ас­тық қо­ры 60 тәулікке жететін болса немесе жы­л­дық тұтынымның 17-20 пайызын құ­раса, жинақталған қор жеткілікті болып есептеледі. Дүние жүзінде халық саны қанша өссе де, азық-түлікпен қамтамасыз етуде қиындық көрмейтін екі мемлекет бар екен. Олар – Ресей мен Бразилия. Біз осы екі елдің қатарына Қазақстан Республикасын да қосар едік. Өйткені, біздің еліміз бүгінде ұн мен астық экспорттаушы мемлекетке айналып отыр. Адам баласы ыстық пен суыққа шыдайды, ал аштыққа шыдамайды. Кейбір мәліметтер бойынша, әлемде 1,5 миллиард адам ашқұрсақ жағдайда өмір сүріп жатыр. Саясаттанушылар болса, халықтың кем дегенде 75 пайызға жуығын тойындырмайынша, саяси реформа жасауға болмайды дегенді алға тартады. Ал Дүниежүзілік банктің есебінше, тұрақсыздық, инфляцияның ша­рықтауы, азық-түліктің қымбаттауы сияқты қиындықтарға душар болып отыр­­ған 30-дан астам ел бар екен. Сон­д­ай-ақ, 2006-2008 жылдардағы қар­­жы-экономикалық дағдарысқа бай­ланысты тамақ өнімдерінің қым­баттауы салдарынан әлемнің 40 елін­де халықтық тол­қулар болыпты. Осы­ның өзі-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мә­селесінің аса өт­­кір тұрғандығын көр­сетеді. Соңғы жылдары болашақта әлемдегі не­­гіз­гі саясатты азық-түлік экспорттау­шы мемлекеттер анықтайтын болады, деген пікірлер айтыла бастады. Дұ­рыс та шығар. Өйткені, азық-түлік қауіп­сіз­дігі әрбір елдің тәуелсіздігінің, сон­д­ай-ақ, еркін дамуы мен әл-ауқаты ар­туы­ның кепілі болып табылады.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»