2017 жылы жарық көрген «Төртінші өнеркәсіптік революция» еңбегінде әйгілі экономист және 1971 жылдан бері Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумның тұрақты президенті Клаус Шваб былай дейді: «Біздер бүгінгі таңда күллі өмірімізді, жұмыс істеу үрдісімізді және қарым-қатынасымызды түбегейлі өзгертетін революцияның бастау көзінде тұрмыз. Көлемі мен ауқымы және күрделілігі жағынан Төртінші өнеркәсіп революциясына тең келетін үлгі адамзат тарихы мен тәжірибесінде бұрын-соңды болып көрмеген. Міне, сондықтан да біздер жасанды интеллект, роботтандыру, робот-автокөліктер, үш өлшемді принтер, нанотехнология, биотехнология сияқты күллі әлемді өзгертетін ең пәрменді және таңғажайып технологиялық болмыстың куәсі бола бастадық». Міне, осы тұрғыдан келгенде, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын инновациялық Жолдауының бүгінгі әлемдік сын-қатерлер мен заман талабынан туындап отырғаны ешбір күмән тудырмайды. Жолдауда Үшінші жаңғырудың бес бағытына басымдық берілген. Біріншіден, Президент экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына үлкен екпін беріп, бұл орайда Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» аталатын арнайы бағдарламаны әзірлеп, IT саласын дамытуға бағытталған іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ететін халықаралық технопарк құруды бірінші кезекке қойып отыр. Оза дамыған елдердің барлығында дерлік университеттердің қасында ұтымды идеяларды қысқа мерзім ішінде бизнеске айналдыратын бизнес-инкубаторлар, технологиялық парктер мен сайнс-парктер белсенді қызмет атқарады. Бакалаврлар емес, магистрлер мен ғылым докторларын даярлауға бағытталған заманауи зерттеу университеттері қоса қалыптасқан. Бұл ретте «Ғылым туралы» заңның басты нысанасы зерттеу университеттерін құру болғанымен, әзірге бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Екінші басымдық бизнес-ортаны, нақтырақ айтқанда, шағын және орта бизнесті түбегейлі өзгерту, жақсарту, дамыту және кеңейту арқылы олардың 2050 жылға дейін елдің ішкі жалпы өнімінің 50 пайызын қамтамасыз етуі көзделіп отыр. Бұл басымдық мыңдаған жұмыс орындарын ашудың да кепілі болмақ. Үшінші басымдық еліміздің макроэкономикасын тұрақтандыруды, Ұлттық банк пен өзге банктердің жұмыстарын жандандыруды және министрліктер мен ведомстволардың қаржы игеру тиімділігін арттыруды, сондай-ақ «Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың ұтымдылығын күшейтуді және ел экономикасына шет ел инвестициясын тартуды қамтамасыз ететін «Астана» халықаралық қаржы орталығын тез іске қосуды көздейді. Төртінші басымдық адами капиталды жақсартуды, білім мен ғылымды экономикалық өсімнің басты тетігіне айналдыруды, сондай-ақ, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға ерекше екпін беруді қарастырады. Бұл орайда мемлекеттік тілдің басымдығын сақтай отырып, әсіресе, ағылшын тіліне екпін беру көзделген. Өйткені, бүгінгі таңда ағылшын тілі ғылым мен білімнің, кибернетиканың, инновация мен ақпараттық технологиялардың, сондай-ақ, халықаралық еркін сауда мен туризмнің де басты құралына айналып отыр. Президент назар аударған бесінші басымдық оза дамыған мемлекеттердің тиімді үлгілерін негізге ала отырып, институттық өзгерістер жасау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сол сияқты жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған. Реформалар, ең алдымен, жекеменшікті қорғауға, заңның үстемдігі мен заң алдында күллі азамат құқының теңдігін қамтамасыз ету мен сот жүйесіне сенімділікті арттыруға бағытталған. Елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін терроризммен күресті және әлеуметтік желілерде діни экстремизмді уағыздауға жол бермейтін іс-шараларды да қоса күшейту көзделген. Жолдаудың түбегейлі мақсаты экономиканың барлық саласын қатар әрі толық жаңғырту және соның негізінде мүлде жаңа экономикалық модель құруды көздейді. Үшінші жаңғыруды Президент тек қана сын-қатер емес, керісінше, елімізге тағдыр сыйға тартқан мүмкіндік және «Қазақстан-2050» стратегиясында көзделген мегамақсаттарға жеткізетін нақты көпір немесе жол картасы ретінде ұсынып отыр. Жолдауда нысанаға алынған мақсаттарға қол жеткізу оңай болмайтыны көрініп тұр. Өйткені, бүгінгі заманға тұспа-тұс келген Төртінші өнеркәсіптік революцияның элементтерін, атап айтқанда, автоматтандыруды, роботтандыруды, жасанды интеллект қалыптастыруды және солардың негізінде ақпарат алмасуды, сол сияқты, еңбек өнімділігін еселеп арттыруды қамтамасыз ету, ең алдымен, еліміздің ғылымы мен білім жүйесі сапасының, одан да нақтырақ айтқанда, адам ресурстарының деңгейі мен өресіне тікелей байланысты болатыны айқын көрініп тұр. Демек, Қазақ елінің Үшінші жаңғыруы балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейінгі деңгейлерге арналған оқулықтар мен білім бағдарламаларын қайта жасақтаудан бастау керек екені және аталған сала қызметкерлерінің білімін заман талабына сай қайта жетілдіру кезек күттірмейтін мәселе екені талас тудырмайды.
Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері