Облыс әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жыл қорытындысына және алдағы жаңа міндеттерге арналған жиналысы өтіп жатты. Оны өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өзі ашып, жүргізіп отырды. Бір кезде ол талқыланып отырған мәселеге тікелей қатысы бар бір жайттың мән-жайын анықтап алу үшін залда отырған Ақтөбе қаласындағы автовокзалдың бастығына қазақ тілінде сауал тастады.
Ал ол кісінің өзге ұлт өкілі екені түрінен анық көрініп тұрған еді. Соған қарамастан облыс әкімі оған сұрақты қазақша қойды. Сол сәтте жауап қайтарушы не айтарын білмей, абыржып тұрды да қалды. «Қазақша түсінбейтін бе едіңіз, ұлтыңыз кім» деп нақтылады осы арада Бердібек Мәшбекұлы. Бұған ол «орыс» деп жауап қайтарды.
Тек содан соң облыс басшысы сұрағын орыс тілінде қайта қойды. Біз мұны неге айтып, тәптіштеп отырмыз. Біріншіден, бұл арада Бердібек Сапарбаев қазақ тілі мемлекеттік тіл екенін мегзегендей, оны түсіну мен игеру барша қазақстандықтардың парызы екенін ұғындырғысы келгендей көрінді. Екіншіден, ұлтжандылықтың басты бір көрінісі – туған тілін қадірлеу. Осы тұрғыда біз Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлының ұлтжандылық қасиетті ардақтайтынын газет оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдік.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»