Қазақстанға Алматы Универсиадасының алғашқы жүлдесін шаңғышы Анна Шевченко сыйлады. Жарыстың бірінші күнінде классикалық жекелей сында қола жүлде олжалаған спортшы, кеше із кесу сайысында да осы нәтижесін қайталады. XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың екі дүркін қола жүлдегері атанған Аннаны аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Жүлде құтты болсын, Анна! Екі рет үшінші орынмен шектелдің. Алтын алуға не кедергі болды?
– Рахмет! Алғашқы күнгі жарыста топ жаруға тырыстым. Өкінішке қарай, тұғырдың биігін бағындыру қолымнан келмеді. Дәл осы сында жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жетуді қатты қаладым. Себебі, келесі күнгі жарыс із кесу сайысы еді. Мұнда бірінші күнгі доданың нәтижесі маңызды рөлге ие. Із кесуде қос ресейлікті қуып жету үшін барымды салдым. Олар алғашқы жарыстың басымдығының арқасында маған мүмкіндік бермеді. Ресейлік шаңғышылардың да қара жаяу еместігін ескерген жөн. Мұндай халықаралық жарысқа мықтылар ғана келеді ғой.
– Бәлкім, жарыс барысында қателіктерге бой алдырған шығарсың...
– Иә, қателіктер болды. 30 қаңтар күнгі жарыстың екінші бөлігінде биікке көтерілу қиынға соқты. Жылдам бастағаныммен, биікке шығар тұста ентігіп қалдым. Ал одан кейінгі додада күн райының қолайсыздығы кері әсер етті. Сондай-ақ, биіктен құлдилаған сәтте қателік жіберіп алдым.
– Жарыстың екінші күнінде бапкерлер саған қандай міндет жүктеді?
– Алғашқы сайыста ресейліктерге есе жіберіп алғандықтан, маған жүктелген міндет оларға мейлінше жақындап, реті келсе, басып озу еді. Өкінішке қарай, бұл қолымнан келмеді.
– Осымен, екінші Универсиадаға қатысып отырсың. Спорттық шеберлік тұрғысынан ілгерілеу бар ма?
– Әрине. Бірінші рет 2013 жылы Италияның Трентино қаласында ұйымдастырылған қысқы Универсиада да өнер көрсеттім. Нәтижем – 19-орын. Алматыда екі қолаға қол жеткіздім. Осы аралықта жаһандық жарыстарға қатысып, мол тәжірибе жинадым. Мені алға жетелеген бапкеріме алғысым шексіз. Сондай-ақ, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа ризашылығымды білдіргім келеді. Ол Алматы Универсиадасының алғашқы жүлдесін ұтып алғанымда, қоңырау шалып, құттықтады. Маған сенім артқан жанкүйерлерге де ризамын. Қос жүлдемді туған елім – Қазақстаныма арнаймын.
– Рахмет.
Әңгімелескен
Фархат ӘМІРЕНОВ
Суретті түсірген Владимир Бугаев