Елбасының Үндеуде айтылған бастамалары өте дер уақытында көтеріліп отыр. Қазақстан Конституция бойынша өзін демократиялық ел деп жариялаған. Демократиялық бағыттағы қадамдардың өзі рет-ретімен жүргізілуге тиіс. Оны алдын ала жоспарсыз, бірден жүзеге асыра салуға болмайды.
Көптеген елдердің демократиямен ойнаймын деп, қоғамдық тұрақсыздықтарға ұшырағанын көріп отырмыз. Алысқа бармай-ақ, Қазақстанға жақын орналасқан, тығыз байланыстағы мемлекеттердің ішінде тез арада Батыс Еуропа елдеріндегі сияқты демократиялық қоғам құрамыз деп, қарулы қақтығыстарға жол беріп алған мемлекеттер бар. Сондықтан бұл мәселеде абай болып, біртіндеп жұмыс жүргізу керек.
Қазір еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жылдан асты, президенттік билік өкілеттігінің біраз бөлігін Үкімет пен Парламентке беретін кез келді. Елбасы дәл уақытында билік өкілеттігін бөлуді қолға алды. Әрине, Үкімет мемлекеттік маңызға ие мәселелерді бірден шеше алмайды, оны Парламентпен келісе отырып шешеді. Сондықтан бұл жерде әпербақандықпен шешім қабылданып кететін жағдайлар болмайды. Парламенттегі халық атынан сайланған депутаттар, партиялар оны алдымен талқылап, егжей-тегжейлі тексеріп, сынақтан өткізгеннен кейін ғана нақты шешім қабылданады. Бұл – өте жақсы үрдіс.
Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығында Қазақстаның беделі көтерілді. Осы уақытта президенттік биліктің дер уақытында жылдам шешімдерді жүзеге асырғаны еліміздің экономикалық тұрғыда дамуына зор үлесін қосты. Әр нәрсенің уақыты болады, сол мезетте жасалған қадамдар жемісін береді, уақытын өткізіп алсақ, өмірдің сол тұстағы үрдісіне келмеуі мүмкін. Қазір осыны жете түсінген Елбасы біраз өкілеттіктерді Үкімет пен Парламентке беруді жөн көріп отыр.
Қазақстан – қазір экономикасы тұрақты, орнықты дамуға бет алған мемлекет. Сондықтан конституциялық реформаларға созылып кететін үдеріс деп қарауға болмайды, оған қорқынышпен қараудың да реті жоқ. Біздің Үкіметіміз де, Парламентіміз де талай сынақтардан өтіп, тәжірибе жинақтады. Қазіргі жағдайда маңызды деген мемлекеттік басқару өкілдіктерін олар табысты атқаруға толықтай қабілетті.
Соңғы ширек ғасыр ішінде Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасады, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Еуразиялық экономикалық одақтың белсенді мүшесі болды. 2017 жылдан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі. Мұның барлығы Қазақстанның жан-жақты жетілген, әлем елдерімен терезесі тең, дамыған мемлекет екендігінің айқын дәлелі. Конституциялық реформа, түптеп келгенде, тәуелсіздігімізді нығайта түседі. Елбасы осы бағыттағы өте дұрыс шешімдерді қолға алды деп санаймын.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының президенті