02 Ақпан, 2017

Жауапты міндеттер – жасампаздық кепілі

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақ­стан халқына кезекті Жолдауы елімізді эконо­микалық тұрғы­дан дамытуды жал­ғастыру мәселесіне арналды. Бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өйткені, соңғы жылдардағы «санкциялар соғысы» сияқты келеңсіз әсерлердің салдарынан энергетикалық ресурстардың бағасы құлдырап, экономиканың өсуі біршама баяулаған еді. Енді, міне, Елбасы осындай келеңсіздіктерді еңсеру жолдарын көрсетіп берді. Соның ішінде ІТ технологияларды өндіріске енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге болатыны атап айтылды. Бұл бұрын да айтылып жүрген мәселелер болғанымен, ен­ді солар жаңа күш­пен, жаңа бастама­шылықпен қолға алынар деген үміт бар. Сонымен қатар, Елбасы қорғаныс пен қауіпсіздік мәселесін нығайту керектігін де атап өтті. Түрлі қатерлерге қарсы әрекет ететін әлеуетті күштерімізді дамыту мен қорғаныс қабілетімізді арттыру ешқашан да Елбасының назарынан тыс қалған емес. Елбасы «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қайта жаңғыртып, оған тың серпін беру керектігін де Үкіметке жүктеп отыр. Алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына ену жоспары да жаңғыртылып, оны жаңа күшпен ілгерілету міндеті де айтылды. Президенттің сөзіндегі өзіме қатты әсер еткен нәрселердің қатарында ағылшын тілін меңгерудің тың серпін алатындығы болды. Елбасы жоғары сынып оқушылары ағылшын тілін еркін меңгеріп, онымен таза сөйлейтін дәрежеге жетуі керектігін алға тартты. Барлық экономикалық жаңалықтар, озық тәжірибелер мен жаңашылдықтар осы тілде болғандықтан, оны орыс тілінен аудармай бірден ұғу – қазіргі жастардың алдына міндет етіп қойылып отыр. Меніңше, бұл орынды талап, өйткені, қазір бүкіл әлем бір-бірімен ағылшын тілінде сөйлеседі. Абай ТАСБОЛАТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты