2016 жылғы 22 желтоқсан, Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 6-бабын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 6-бабын қолдану жөніндегі дұрыс және бірдей сот практикасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. ҚК-нің 6-бабында белгіленген қылмыстық заңның кері күші Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 77-бабы 3-тармағы 5) тармақшасының, сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы №91-III Заңымен ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енген) 15-бабының талаптарына негізделген.
Конституциялық талаптарға сәйкес жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады.
2. Соттардың ҚК-нің 6-бабын қолданған кезде іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын жеңiлдететiн немесе жағдайын өзге де түрде жақсартатын заңның керi күшi бар екендігі туралы, яғни осындай заң қолданысқа енгізілгенге дейiн тиiстi іс-әрекетті жасаған адамдарға, оның iшiнде жазасын өтеп жүрген, сондай-ақ жазасын өтеген, бiрақ сотталғандығы бар адамдарға қолданылатындығы туралы талапты қатаң сақтағаны жөн. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын белгiлейтiн, осы іс-әрекеттi жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын күшейтетiн, сондай-ақ жағдайын өзге де түрде нашарлататын заңның керi күшi болмайды.
3. Әрекеттiң қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын заң деп қылмыстық іс-әрекеттерден жеке, бұрын қылмыстық құқық бұзушылық деп танылған іс-әрекет алынып тасталатын заң танылады. Бұл ҚК-ден сол немесе өзге норманы толық алып тастау арқылы жүргізілуі мүмкін.
Неғұрлым жеңіл жазаны көздейтін заң онша қатаң емес, ал жазаның түрі бірдей болғанда – ең жоғары мерзiмнен немесе оның санкциясының мөлшері кемі болып табылады. Жазалаудың жоғары мөлшері неғұрлым жеңілмен тең болған кезде жазалаудың төменгі мерзімі немесе мөлшері неғұрлым жеңіл болып табылатын немесе балама санкциясы бар заң танылады.
Құқық бұзушылық жасаған адамның жағдайын өзге түрде жақсартатын заң деп жазаны тағайындау қағидаларын, қылмыстық жауаптылықтан немесе жазалаудан босату шарттарын жұмсартатын, соттылықты өтеу немесе алып тастау мерзімдерін азайтатын заң танылады.
Жауаптылықты немесе жазалауды жұмсартатын заңдарға:
қылмыстық заң нормасының санкциясы жеңіл жағына өзгерген;
баптың санкциясына неғұрлым жеңіл жазалаудың балама түрі енгізілген;
баптың санкциясынан қосымша жаза алынып тасталған құқық нормалары жатады.
4. Егер жаңа қылмыстық заң бұрынғы заң сияқты санкция белгілейтін болса және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жағдайын қандай да болмасын жақсартпаса, онда оның кері күші болмайды және ол қолданылуға жатпайды. Бұл жағдайда іс-әрекеттің қылмыстылығы мен жазалануы осы іс-әрекет жасалған уақытта қолданыста болған заңмен айқындалатындығы туралы ҚК-нің 5-бабының ережелері қолданылады.
5. Іс-әрекетті қылмыстықтан арылту – қылмыстық заң нормасының диспозициясына өзгерістер енгізу арқылы, ал іс-әрекетті қылмыстықтан ішінара арылту қылмыстық құқық бұзушылық құрамының қосымша белгілерінің диспозициясына енгізу не қазіргі барын алып тастау арқылы, сондай-ақ ҚК-нің Жалпы бөлімінің нормасына өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Жаңа қылмыстық заңмен іс-әрекеттің қылмыстылығын жойған (қылмыстық құқық бұзушылықты қылмыстықтан арылтқан) кезде осындай іс-әрекеті үшін сотталған адам сотталғандығы жоқ болып танылады және оны соттау фактісі қылмыстық-құқықтық салдарына әкеп соқпайды және қылмыстардың бірнеше рет жасалғандығын, қайталанғандығын, жаза тағайындауды анықтаған кезде ескерілмейді.
6. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы, бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар өздерінің іс жүргізуінде жатқан қылмыстық істер бойынша кері күші бар заңды тікелей қолданады. Бұл ретте, егер жаңа қылмыстық заң қылмыстықты және іс-әрекеттің жазалануын жоятын болса, онда Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 35-бабы бірінші бөлігі 6-тармағының талаптарына сәйкес іс қаралу сатысына қарамастан, осы негіздер бойынша іс жүргізу тоқтатылуға тиіс.
Қылмыстық-процестік заңның уақыт бойынша қолданылуы ҚПК-нің 5-бабымен реттеледі.
Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар бұл үкімдер орындау тәртібімен қайта қаралмаған жағдайда ҚК-нің 6-бабының талаптарына жататын адамдарға қатысты алдыңғы үкімдерді сәйкес келтіре алады (ҚПК-нің 476-бабы).
7. Қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамның жағдайын жақсартатын заң неғұрлым жеңіл болып табылатындығы жөніндегі нұсқау қылмыстардың қайталануын тану, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуі, мерзімінен шартты түрде бұрын босату, сотталғандықтың өтелуі және алынуы туралы нормаларға және тағы басқаларға да қолданылады.
8. Қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамға жаза ҚК Ерекше бөлігінің нормалары санкцияларының жоғарғы шектерінде тағайындалған және осы жоғары шек жаңа заңмен төмендетілген жағдайда, ҚК-нің 6-бабында көзделген қағида қолданылады.
Егер адам жасаған әрекет неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық санатына өтсе немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жағдайын өзге де тәсілмен нашарлатса, онда жаңа қылмыстық заңның кері күші болмайды.
9. Соттардың қылмыстық заңның кері күші туралы қағидаларды қолданған кезде сол бір мәселе бойынша, бір мезгілде жаңа және ескі қылмыстық заңның қылмыстық жауаптылыққа тартылған адам үшін жағдайды жақсартатын нормаларды таңдап қолдануға жол берілмейтіндігін, оған қолайлы құқықтық салдарларға әкелетін норма ғана қолданылатындығын ескергені жөн.
10. Қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күн мен үкім не апелляциялық сот инстанциясының сот актісі шығарылған күн арасында қылмыстық заң бірнеше рет өзгерген жағдайларда, қылмыстық жауаптылыққа тартылған адам үшін неғұрлым қолайлы қылмыстық, оның ішінде аралық заң қолданылады.
11. Егер жаңа қылмыстық заң қолданысқа енгізілген кезде заңды күшіне енген сот үкімі болса, онда қылмыстық заңның кері күшін қолдану ҚПК-нің 476-бабы 15-тармағының ережелеріне сәйкес үкімді орындау тәртібімен жүзеге асырылады. Бұл ретте істі тоқтату, жазадан босату немесе жазаны жеңілдету, сотталған адам жасаған іс-әрекетті саралауды өзгерту, жазалау мерзімін қысқарту туралы және қылмыстардың қайталануы туралы мәселелер қаралады. Бұл мәселелерді ҚПК-нің 477-бабының бірінші бөлігіне және 478-бабының үшінші бөлігіне сәйкес үкімді орындау жері бойынша аудандық немесе оған теңестірілген сот, ал ол болмаған кезде сотталған адамның өтінішхаты бойынша не жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша жоғары тұрған сот шешеді.
12. Сот үкімді орындауға байланысты мәселелерді қараған кезде адамның іс-әрекетінінің саралануын жаңа қылмыстық заңның бабына сәйкес ауырлығы аз қылмыстық құқық бұзушылыққа өзгерту және жазаны осы баптың санкциясының шегінде азайту, қосымша жаза қолданбау арқылы қылмыстық заңның кері күшін қолдануға құқылы.
Бұл ретте сот үкімін дәлелдемелерді, қылмыстық процестегі азаматтық талап қою және ҚПК-нің 476-бабында көзделмеген басқа да мәселелерді шешуді бағалау бөлігінде қайта қарауға құқылы емес.
Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазалануын жоятын немесе іс-әрекетті қылмыстықтан арылтатын заң қабылданған жағдайда, сот ҚК-нің 6-бабын қолданып, азаматтық талап қою туралы мәселені ҚПК-нің 170-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен шешуге тиіс.
13. Егер үкімді орындау сатысында ҚК-нің 55-бабының екінші бөлігін қолданған кезде сот үкімде сотталған адамдарға жазаны мұндай деп танымаған жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларға сілтемемен тағайындаған немесе іс бойынша жеңілдететін мән-жайлардың бар екендігі анық болса да, үкімде оларды есепке алу туралы көрсетілмеген жағдайларда соттардың мыналарды ескергені жөн:
егер үкімде іс бойынша қылмыстық жауаптылықты және жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлардың бар екендігі не болмаса ҚК-нің 53, 54-баптарында көрсетілген сол немесе өзге мән-жайды сот жаза тағайындаған кезде ескеретіндігі туралы көрсетілмесе, онда соттың мұндай мән-жайлардың бар екендігін тануға және көрсетуге құқығы жоқ;
егер сот үкімде сотталған адамға жаза тағайындаған кезде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың бар екендігін танымаса, ал іс жүзінде бұл мән-жайларды тізбелеу арқылы ескерсе, онда сот үкімді орындау тәртібімен іс бойынша мұндай мән-жайлардың бар екендігі туралы тұжырым жасауға құқылы.
14. ҚК-нің 58-бабының екінші және төртінші бөліктерінде онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, сондай-ақ, егер қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы өзіне ең болмағанда бір аса ауыр қылмысты және жасағаны үшін айыппұл тағайындалған қылмыстық теріс қылықты қамтыса, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы ғана түпкілікті жазаны тағайындау көзделеді.
Осыған байланысты, егер осы норма қолданысқа енгізілгенге дейін адам онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, сондай-ақ аса ауыр қылмысы және жасағаны үшін айыппұл тағайындалған қылмыстық теріс қылығы үшін сотталса және оған жаза оларды ішінара немесе толық қосу арқылы тағайындалса, онда соттың үкімді орындау тәртібімен жазаны онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы айқындағаны жөн.
15. ҚК-нің 58-бабының үшінші бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы жазаны тағайындаудың қосымша қағидасы көзделген.
Осыған байланысты, егер жаңа қылмыстық заң қолданысқа енгізілгенге дейін адам ең болмағанда бір ауыр немесе аса ауыр қылмысты қамтитын қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталған болса және оған жаза оларды ішінара немесе толық қосу арқылы тағайындалса, онда соттың үкімді орындау тәртібімен онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру қағидасын қолдануға және сотталған адамға жазаны азайтуға құқығы жоқ.
16. Адам заң қолданысқа енгізілгенге дейін ауыр және аса ауыр санатқа жатқызылған және оған жаза қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаларды ішінара немесе толық қосу арқылы тағайындалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін сотталған кезде сот үкімді орындау тәртібімен, егер бұл іс-әрекет заңда қылмыстық теріс қылықтарға, сондай-ақ онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстық құқық бұзушылықтар санатына жатқызылса, қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру қағидасын қолданады.
17. Егер үкімде жазаның белгілі бір мерзімін тағайындау туралы шешім ҚК-нің 59-бабы екінші бөлігінде (1997 жылғы редакциясында) көрсетілген мән-жайлардың болуымен уәжделіп, одан осы норманы қолдануды алып тастаған кезде, сот істің анықталған мән-жайларын ескере отырып жазаның мерзімін қысқарту не жазаны жеңілдету туралы мәселені талқылауға тиіс. Бұл ретте үкімді орындау сатысында соттың осы үкімімен анықталған істің мән-жайларын жаңадан бағалауына, сондай-ақ жаза баптың санкциясы шегінде тағайындалғандығына ғана сілтеме жасауына жол берілмейді.
18. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қатаң не айрықша режимдегі түзеу колонияларында жазасын өтеп жатқан адамдарға, тиісінше қылмыстар қайталанған және қауіпті қайталанған кезде және онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысы үшін қайтадан сотталғандарға қатысты үкімді орындау тәртібімен өтінішхатты қараған кезде соңғы үкімнен ҚК-нің 14-бабына сәйкес қылмыстардың тиісті қайталануын алып тастаған жөн.
Мұндай адамдарға жазаның өтеулуі қатаң не айрықша режимдегі колонияларда сақталуға тиіс, өйткені бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мерзімі және түзеу колониясының түрі ҚК-нің 46 және 60-баптарының негізінде айқындалуы тиіс.
19. Жаңа, неғұрлым жеңіл қылмыстық заңның кері күші туралы қағида сотталған адамның және жазасын өтеп жатқан немесе жазасын өтеп келген, бірақ күші жойылған неғұрлым қатаң заң бойынша сотталғандығы бар адамдарға қолданылады.
Соттардың жазасын өтеп келген адамдарға қатысты қылмыстық заңның кері күші туралы қағидаларды қолданған кезде мыналарды ескергені жөн:
егер жаңа қылмыстық заң жауаптылықты жеңілдететін, қылмыстылықты немесе жазаланатын іс-әрекетті (қылмыстықтан арылтуды) жоятын болса, бірақ осы қылмыс үшін жаза өтелген немесе орындалған болса және жаңа заңды қолданудың сотталған адам үшін құқықтық салдарға әкеп соқпаса, онда жаңа заң қолданылмауға тиіс. Мұндай жағдайда өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартқан жөн;
егер адам жазасын өтесе және сотталғандығы жойылмаса, ал жаңа заңды қолдану сотталған адам үшін сотталғандықтың жойылу мерзімдерін азайту, қылмыстардың қайталануын алып тастау сияқты құқықтық салдарларға әкеп соқса, жаңа қылмыстық заң қолданылуға тиіс.
Қылмыстық жазасын өтеген адамдардың өтінішхатын үкім шығарған сот қарайды.
Жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынысын немесе сотталған адамның кері күші бар қылмыстық заңның шығуы салдарынан жазадан босату немесе жазаны жеңілдету туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту туралы, я болмаса мұндай өтінішхатты немесе ұсынысты қараусыз қалдыру туралы қаулыға ҚПК-нің 49-тарауында белгіленген тәртіпте шағымдалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
20. Сот бұрын кері күші бар қылмыстық заңның шығуы салдарынан жазадан босату немесе жазаны жеңілдету туралы жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы, не болмаса сотталған адамның өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарған болса, осы негіздер бойынша жазаны орындайтын мекеме немесе органның ұсынысы, не болмаса сотталған адамның қайтадан мәлімделген өтінішхаты қаралмастан қайтарылуға жатады.
Егер көрсетілген мән-жай соттың жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуын немесе сотталған адамның өтінішхатын қарау барысында белгіленсе, онда мұндай өтінішхат немесе ұсыну бойынша іс жүргізу тоқтатылуға тиіс. Алайда, бұл басқа негіздер бойынша қайтадан ұсыну немесе өтінішхат беруге кедергі келтірмейді.
21. Іс ҚПК-де көзделген өзге де негіздер бойынша кассациялық тәртіппен қаралатын жағдайларда ҚК-нің 6-бабын қолдануды осы сот жүргізеді.
Егер кассациялық өтінішхатта (наразылықта) ҚК-нің 6-бабын қолдану туралы уәждер ғана келтірілсе, яғни өтінішхат (наразылық) ҚПК-нің 488-бабының бірінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, онда судья мұндай өтінішхатты (наразылықты) ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігі 1-тармағының талаптарына сәйкес қараусыз қайтарады. Бұл ретте өтініштің авторына ҚК-нің 6-бабын қолдану туралы мәселе бойынша ҚПК-нің 476, 477-баптарында көзделген тәртіппен үкім орындалатын жердегі сотқа жүгінуі түсіндірілуге тиіс.
22. «Соттардың «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2002 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 28 қазандағы №7 нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын.
23. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қ.МӘМИ
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы Қ.ШАУХАРОВ