03 Ақпан, 2017

Мемлекеттік қызметке лайықтысың ба?

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде алға қойылған игі мақсат, мүдделердің бәрі біртіндеп жүзеге асу үстінде. Ең бастысы, тәуелсіз сарапшылар пікіріне сүйенсек, қазіргі күні сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін, пара бермейтін, пара алмайтын жас­тар қатары көбейіп келеді екен.   Мұндай жетістік оңайлықпен келе қоймағаны және белгілі. Кеңестік кезеңнің құрсауынан босаған елдер естерін жия алмай әрі сыбайластықпен күресерге дәрмен таба алмай жатқанда Елбасы Н.Назарбаев ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып, сонау 1998 жылы-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңға қол қойды. Әрине, кейін бұл заңға біртіндеп өзгерістер мен толықтырулар  енгізілді. Ал бүгінде әлем елдерінің де ал­дын­да тұрған өзекті мәселенің бірі мем­лекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық екен. Орасан зор салдары бар бұл әлеуметтік дерттен біздің Қазақстан қоғамы да түгелдей арылып болды деп айта алмаймыз. Сондықтан сыбайлас жемқорлық мәсе­лесі мемлекет пен қоғамның бүкіл саласына қатысты өткір сипат алып, бұрынғыдан бетер өзектене түсуімен назар аудартады. Себебі, жемқорлық дерті мемлекеттік қызметтегі пара алатын лауазымды тұлғалардың беделін түсіріп қана қоймай, билік жүйесінің, сонымен қоса бүкіл әлеуметтік жүйенің құлдырауына әкеліп соғуымен қауіпті. Мемлекет басшысы халыққа ар­наған жолдауларында да сыбайлас жемқорлық проблемасына ерекше назар аударып келеді. Мәселен, «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жол­дауында Қазақстанның ал­дағы он­жылдықтардағы басты мақ­са­ты әлемнің 30 дамыған елінің қа­та­­­­рына қосылу екенін міндет етіп қой­­­ды. Әрине, мұндайда сыбайлас жемқорлық еліміздің өркендеуіне қауіп төндіріп, кедергі келтіретіндігі даусыз. Сондықтан да, Елбасының міндеттеріне сәйкес, еліміз сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы тұруды, сондай-ақ, шағын және ор­та бизнесті қорғауды қолға алды. Сөй­тіп, сыбайлас жемқорлықтың ұйымдасқан нысандарының жолын кесуге бағытталған жүйелі жұмыс тә­сіл­дері жасалды. Соған орай қазіргі таңда мемлекеттік органдар арқылы 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы іске асырылуда. Бұл бағдарламаның шеңберінде ұлттық заңнаманы жетілдіруге, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, көлеңкелі эко­номиканың деңгейін төмендетуге ба­ғыт­талған түрлі құқықтық шаралар көзделді. Елбасының Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы стратегиясының жаңа тәсілдерін жасау туралы тапсыр­маларын орындау мақсатында Қазақ­стан Республикасының сыбайлас жем­қорлыққа қарсы саясатын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жо­басына үнемі жаңа ұсыныстар енгізіліп келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, ТМД елдерінің арасында алғаш рет Қазақ­станда  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғалы бері оның әлеуеті де, мәні мен маңызы да күнен-күнге артып келеді. Аталған заң азаматтардың құқықтары мен бос­­тан­дықтарын қорғауға, сы­бай­лас жемқорлық көрiнiстерiнен туын­дайтын қауiп-қатерден Қазақстан Рес­публикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа бай­ланысты құқық бұзушылықтың алдын алу мен анықтауға және жолын кесу, ашу, зардаптарын жою мен кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың, сондай-ақ, оларға теңес­тiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге арналды. Осылайша барлық адамдардың заң мен сот ал­дындағы теңдiгi қамтамасыз етілді. Тағы бір қуантатын жағдай, өт­кен жылы Елбасы қол қойған «Қазақстан Респуб­ликасындағы мемлекеттік қызмет жө­ніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң оның іске асуы болып отыр. Осы заңның жаңа талаптарына сәйкес, енді құқық қорғау органдарына қызметке баратын азаматтар заңдарды білу мен жеке адамгершілік қасиеттері бойынша Мем­лекеттік қызмет және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес агенттігінде бағалаудан өтеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке кімнің лайық не­месе лайықсыз екенін алдын ала білуге мүмкіндік береді. Ендеше, келешекте мемлекеттік қызметке елі мен халқына адал қызмет етуге дайын, сыбайластыққа жаны қас азаматтар іріктеліп келеді деп үміт­тенейік...

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан»