04 Ақпан, 2017

Тағы да Юлия, тағы да Дмитрий, тағы да... Алтын!

213 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше 4-ші алтын медальды Қазақстан құрамасына қарсы­ластарының қолынан жұлып алған алтын қыз Юлия Галышеваға мінездеме бергеніміз есімізде. Оқырманның да есінде болар! Сонда Юляның көздегені көз ұшындағы биіктер екенін білгендей айтқан едік. Өйткені, жастар арасындағы барша жарысты былай қойғанда, 2010 және 2014 жылдары екі бірдей қысқы Олимпиялық ойындардың отына «сүңгіп» шыққан қазақстандық фристайл-могулшы шын мәнінде өзін сондай салқынқанды ұстады. Бүгінгі өткен жұптасып өнер көрсетуде әлем чемпионатының (2015 ж.) чемпионы, Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін (2015, 2017 жж.) чемпионы Юлия Галы­шева­ның ресейлік әріптесіне қарағанда жұлдызы жоғары болды. Сұлу да сымбатты спортшы қыздың көркем де кербез өнеріне төрешілер бір ауыздан жоғары баға қойды. Жұптасып тең жарысқан фристайл-могулшылар көз ілеспес жылдамдықпен жарысып, аспанда да қауырсынша қалықтай айналып, барша көремендерін тамсандырды. Алайда, иә, алайда... Алатаудың қойнауында алмас қылыштай жар­қырап тұрған Шымбұлақ шатқалы Юлия қызды тағы да бір жебеп жіберді. Юлия Галышева – чемпион! Қазақта жеті саны киелі, қа­сиеті қандай!!! Сол жетінші алтын медальды Юлия Қазақстанның қор­жы­нына еш қиналмастан әкеліп салды. Жарыс басталған алғаш­қы күннен қыр соңынан қалмай қабаттасып келе жатқан ресейлік спортшы Елизавета Безгодовой бұл жолы көш бойы артта қалды. Төрешілер қарсыластарға 17:8 деген баға қойды. Юлияның жеңісін көзбен көрген Дмитрий Рейхердтің делебесі қозбады деп қалай айтамыз!? Әйтпесе, осы Дмитрий кешегі күні Қазақстанға аса қымбат 5-ші алтын медальды алып тұрып, «бұл менің соңғы универсиадам, осы алтынға да қанағат», дегендей болып еді. ...Алатаудың етегінде қырандай қайта сілкінген Дмитрий Рейхерд тағы да айды аспанға шығарды. Диманың кешегі сөзіне «иланған» көрермен бар үмітін оны үзеңгілес әріптесі Павел Колмаковқа артып отырған. Ерлер арасындағы жұптасып жарысуда фристайл-могулшы Павел Колмаков та жұртты ұятқа қалдырмады. Жүлделі үшінші орынға табан тіреп, қола медаль иеленді. Сонымен, XXVIII Универсиа­да­да 28 жастағы өскемендік Дми­трий Рейхерд финалдық бәсекеге шаршамай жетіп, екінші мәрте алтын медальды мойнына тақты. Бұл – қазақстандық спортшылар­дың ХХVІІІ Дүниежүзілік қыс­қы Универсиададағы 8-ші алтын медалі!

9-шы алтын медаль қалтада еді, әттең... Галя!

Алғашқы сайыстарда көзге түсуге қысыла-қысыла жүріп отандас­тарына күміс медаль сый­лаған Галина Вишневская екінші сайыста адам танымастай өзгерді. Алғашқы алтынды дүркіретіп алып келген Алина Райкованың өзін 12-ші орында қал­дырып, Универсиада жеңімпазы атанды емес пе?! Үшінші кезек. Пасьют. Бір-біріне ілінісіп құйрық тістесе жүгірген биатлоншылар арасынан суырылып алға шыққан мерген қыз Галинамыз ә дегеннен-ақ көрсеткіш бойынша 23 секунд алға шықты. Бірінші шепте жата қалып оқ атқанда да мүлт кетпеді. Тамаша! Бәрін де өз көзімен көріп, қуанышын жасыра алмай «Иә, сәт!», деп ақ жол тілеп отырған көрермен Галинаның винтовка ұстаған уысынан алтын медаль көргендей сезімде желпініп отырды. 10 шақырымдық қашықтықтағы келесі шепке келген Галина Вишневская ресейлік әріптесі Лариса Куклинадан 1 минут 32 секунд (!) алда келе жатты. Винтовкасын кезеніп тұра қалған Галина дәл осы жерде бүлдіреді деп кім ойлаған!?.. Галина мылтығын кезеніп тұра қалмай, жарыс шарты бойынша жата қалып нысананы көздеуі тиіс еді. Өте сақ отырған төрешілер бүгінге дейін алтын да, күміс те алып үлгерген мәртебелі спортшымызды дәл осы жерден жарыстан шығарды да тастады. Бәрі де кеш. Рет саны жағынан 9-шы алтынымыз осылайша Галинаның қолынан сусып түсті. Өте өкінішті! Алматы Универсиадасын Галина Вишневская бір алтын, бір күміс медальмен мерзімінен бұрын аяқтады. Жалпы биатлондағы пасьют – бір-біріне ілесе жүгіретін спорт түрі өмірге кеш келгеніне қарамастан, ғаламдық жарыстарда өз орнын тапқан. Галинаның бүгінгі қателігіне күйінген Ванкувер қысқы Олимиадасының күміс жүлдегері Елена Хрустальевадан болған оқиғаға сараптама беруін өтінген едік. – Бірінші шептен өздеріңіз де куә болдыңыздар, Галина қиналмай әрі өте жеңіл өтті, – деді Елена. – Жүгірісінде де мін жоқ. Атуы да жаман болған жоқ. Бұл жарыстың бір қиындығы сол – бір жатып атып, бір тұрып ату керек. Осы арада Галина өзін-өзін ұстай алмай қалды. Шатасты. Жаттығу сәтінде де шатасып жататынымыз бар, сол қайталанды. Пасьют пен масс-старттың ерекшелігі де сонда. Амал қанша, өте өкіншті-ақ... Жарыстар жалғасуда. Мұз айдынына мәнерлеп сырғанаушыларымыз шықты... АЛМАТЫ Бақтияр ТАЙЖАН, Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»