Қазақстанда А корпусындағы мемлекеттік қызметкерлер саны қысқартылып, олардың жалақысын төлей жүйесі қайта қаралады, деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров. Бұл туралы
Bnews.kz жазады.
«Бүгінге дейінгі тәжірибенің нәтижесінде А корпусындағы басқарушылық институтты жетілдіруге қажеттілік туындады. Президент әкімшілігімен бірлесе отырып Мемлекет басшысына ұсынылатын ұсыныстың тұжырымдамасын дайындап қойдық. Онда А корпусы қызметкерлерінің, жауапты хатшылар, комитет төрағалары, өңір орталықтарындағы аппарат жетекшілері, аудан мен қала әкімдерінің санын азайту қарастырылған», - деді Қайрат Қожамжаров.
Төрағаның айтуынша, бұл вакансиялардың орнына қажетті тәжірибесі бар қызметкерлер тікелей байқау арқылы іріктеліп алынатын болады.
«Сонымен қатар, қазіргі таңдағы А корпусының резерві пайдаланылады. Олар бұл орынға сай келеді. Келер жылдан бастап еңбек нәтижесіне қарамастан, жалақы төлеудің жаңа моделін енгізу жоспарлануда. Өңірлердің міндеті - әр қызметке мемлекеттік органдардың мақсатты көрсеткіштеріне жету бойынша нақты бағалау талаптарын дайындау», - деді төраға.