«Байтерек DEVELOPMENT» АҚ-да қылмыстық топ әшкереленгеннен кейін, жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Бірқатар қылмыстық істерді тергегеннен кейін жүйелі тәуекелдердің бетін ашамыз. Олар шын мәнінде мемлекетіміздің тіршілігіндегі түрлі салаларда сыбайлас жемқорлық схемаларын тудырады. Мәселен, Ұлттық қор қаржысын ұзақ уақыт бойы жымқырып келген қылмыстық топ әшкере болғаннан кейін, барлығын еш қиындықсыз ұрлау үшін жағдай жасаған бірқатар қадамдарды анықтадық. Яғни бұл тұрғыда «Бәйтерек» қорына қатысты мән-жайды айтып тұрмын», – деді Қайрат Қожамжаров.
Агенттік басшысы квазимемлекеттік секторға мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманың күші тарамайтынын атап өтті. Ал бұл сектордағы корпоративті кодекс сатып алуларда шешімді бір адамның қабылдай беруіне мүмкіндік береді.
Қожамжаровтың пайымынша, бірінші кезекте квазимемлекеттік секторға қоғамдық қадағалау қажет. Жалпы, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тосқауыл қою үшін жүйелі шаралар қабылдау керек болып тұр.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың қарашасынан бастап «Байтерек DEVELOPMENT» АҚ басшылығына қатысты пара алу фактілері бойынша тергеу амалдары басталды.