08 Ақпан, 2017

Дәурен Абаев: Күдікті ойындарды еске салу - күмәнді қауымдастықтарға жасалған жарнама

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев балаларды суицидке шақыратын күмәнді ойындарға жарнама жасамауды өтінді. «Жасөспірімдерді өзіне қол жұмсауға итермелейтін виртуалды ойындар мәселесінің өзекті болуы түсінікті, мұнда балалардың қауіпсіздігі сөз болып отыр. Бірақ, аталған күдікті ойындарды БАҚ-тың қайта-қайта еске салуы  -  күмәнді қауымдастықтарға жасалған жарнама екенін ұмытпаған жөн», - деді Абаев. Ол «Вертер әсері» ұғымын атап өтіп, суицид туралы жаңалықтың өзектілігі мен танымалдылығы өзін-өзі өлтірушілер санын арттырып жіберуі мүмкін екенін айтып, министрлік атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Біздің министрлік суицидтік бағыттағы топтарды анықтау мақсатында әлеуметтік медиаға тұрақты түде мониторинг жүргізіп отырады. Мұндай топтарды бұғаттау және жылдам өшіріп тастау мәселелері бойынша әлеуметтік желінің меншік иесімен байланыс орнатылған. Нәтижесінде, соңғы жылдары күмәнді контенті бар жүздеген топтар жойылды», деп атап өтті министр. Сонымен бірге, Д.Абаев ҚР ІІМ деректеріне сүйеніп, 2016 жылы жасөспірімдерді өзіне қол жұмсауға итермелеу бойынша 9 қылмыстық іс қозғалғанын, бірақ олардың мінез-құлқына әлеуметтік желілер мен топтардың тигізген ықпалы жайлы еш мәліметтің жоқ екенін баса айтты. «Өткен жылы Ресейде балалардың өзіне-өзі қол салуына виртуалды ойындарды кінәлады. Бірақ, тергеу барысында өзін-өзі өлтірген балалардың ешқандай күмәнді топқа тіркелмегені анықталды. Демек, мәселе өте тереңде, қарым-қатынаста жатыр», - деді министр. Оның айтуынша, мұндай әлеуметтік жауыздыққа қарсы мемлекет, білім беру мекемелері, ата-аналар мен қалың жұршылықтың бірігіп күресуі керек. Сонымен қатар ол күдікті парақшаларға кездейсоқ тап болған азаматтарды мына сілтеме бойынша шағым түсіруге шақырды.