Бүгін Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев инновациялық технологиялар паркін аралап, қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелерімен танысты және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді.
«ИТП» АЭА аралау барысында Бақытжан Сағынтаев операторларды, мұнай инженерлерін, бұрғылау мердігерлерін және сервистік компаниялардың техникалық кадрларын кәсіптік даярлау бойынша заманауи оқу-жаттығу орталығын, сондай-ақ заманауи импортты алмастыратын телекоммуникациялық жабдықтар өндіретін компанияны аралады.
Б. Сағынтаев «ИТП» АЭА аумағында жұмыс жасайтын ІТ-ұйымдарының өкілдерімен кеңес өткізді, оның барысында ол Мемлекет басшысы өз Жолдауында жариялаған мақсаттарға жету үшін елдің барлық ғылыми және инновациялық әлеуетін пайдалану қажет екенін атап өтті.
ҚР Президенті оның негізінде жаңа, перспективалы технологиялар мен инновациялар болатын экономика өсімінің жаңа үлгісін құру туралы міндет қойды. Бұл Қазақстанға 2050 жылы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге мүмкіндік береді. Осы орайда Б. Сағынтаев «ИТП» АЭА аталған міндетті іске асыруда үлкен үлес қоса алатынын айтып өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев инвестициялар және даму, ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне айтылған ұсыныстарға талдау жасап, оларды «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу кезінде ескеруді тапсырды.