08 Ақпан, 2017

Жайыққа тартып туған ұл еді

277 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ақын, белгілі журналист, аудармашы, қоғам қайраткері досымыз Арынғазы Мырзағалиұлын еске алғанда. Өткен ғасырдың 71-ші жылы Қазақстанның түкпір-түкпірінен елу ұл-қыз Қазақ университетінің журналистика факультетінде бас қосқанымызда «Өткенді маған шежіре қылып толғады көне төбелер, Ақ Жайық – ару, асыл бір анам – туған жер», деп жырлай келген Арынғазы досымыз ұшқыр ой, өткір мінезімен бірден көзге түсіп еді. Олай болатын жөні де бар екен, ол мектепті бітірген соң пионер жетекшісі, балықшы, мұнайшы болып еңбек етіпті. Өлеңдері мен Махамбет ауданының еңбек майталмандары жөніндегі очерктері аудандық, облыстық газеттерде жарияланып үлгеріпті. Сол себепті де, бес жыл оқудан кейін облыстық «Коммунистік еңбек» газеті (қазіргі «Атырау») оны құшақ жая қарсы алады. Ол осында қатардағы тілшіліктен бастап, аудармашы, бөлім меңгерушісі болып, қоғамдық-саяси, партия тұрмысы, кеңес жұмыстары, мәдени өмір салаларында өткір мақалалар мен очерктер жазып, он бір жыл қызмет атқарады. Арынғазы студент кезінде елге барып кіндік қаны тамған қасиетті мекеніне адалдық танытуды жиі айтушы еді. Ол бұл арман-тілегіне жетті. Осының өзінен-ақ оның ауылым алтын бесік, жұртым ұлтымның діңі, іргесін суытпай отырған халқым менің арқа сүйерім, қанат қақсам қайта қонар тұғырым деген ақ-адал ниетін аңғаруға болды. Бұл оның өзгеге үлгі болар қадірлі қасиеті деп білеміз. Ғасырлар тоғысындағы кезең ел өміріндегі қауырт оқиғаларға толы болғаны белгілі. Белсенді де жалынды Арынғазы Мырзағалиев сондай қызу ортадан табылып, көптеген игі істердің бастамашысы болды. Тоқсаныншы жылдардың басында облыс орталығының атын өзгерту жөнінде мәселе көтеріліп, ол қаламгерлік қарымымен де, қайраткерлік қуатымен де осы істі аяғына дейін жеткізуге зор үлес қосты. Арынғазы Мырзағалиұлы 1987-1993 жылдары облыстық партия комитетінде нұсқаушы, облыстық кеңестің аға референті болып қызмет істеді. 1993-1999 жылдары Атырау облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, Атырау қалалық тіл басқармасының бастығы, қалалық мәслихаттың депутаты, бөлім меңгерушісі, облыстық ақпарат және келісім басқармасы бастығының орынбасары секілді жауапты қызметтер атқарды. Ономастикалық комиссияның төрағасы болып жүргенде қаладағы бірқатар көшелердің атауына ұлттық рең беруге зор үлес қосты. Елімізде ұлттық жұмысшы табын қалыптастыру ісі өріс алған тұста қазақ жастарын мұнайшы мамандығына тарту мәселесі өткір қойылды. Мұның өзі мұнай кәсіпшілігіндегі терминдерді қазақшалау, мұнайшыларды қазақ тілінде оқыту міндеттерін алға тартты. 1999-2002 жылдары «Ұлттық сараптау және сертификаттау» орталығының Атырау филиалында, Каспий мұнай орталығында, «Қазақстан Каспийшельф» қоғамында қазақ тілінен сабақ берді, 2002 жылдан өмірінің соңына дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында аудармашы болып еңбек етіп, мемлекеттік тілдің шынайы насихатшысы болды... 2002 жылы «Бұрғы бойлаған боз дала» кітабы, 2003 жы­лы «Мұнай өңдеуде жиі қол­да­ны­латын терминдер мен сөз тір­кестерінің орысша-қазақша сөз­дігі», Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қар­­саңында «Мұнайшы арулар еңбегі – ерлік ескерткіші» кі­тап­­тары оның шығармашылық ең­бегінің санқырлылығын таныт­ты. Бір ғана «Өзегін үзген өз­геге» деген кітабын парақтап отырғанда алдағы айтқанымызға көз жеткізуге болады. Мәселен, ол туған жерге, өскен елге деген ілтипатын өлең өрнегіне түсіргенде шабыттанып, шалқып кетеді. «Жайығым, алыс кетсем, арманымсың, Жағаңда бала күннің қалғаны шын. Жатайын тербетіліп, ақ төсіңде», депті бір өлеңінде. Өлеңнің соңғы жолы ойға қалдырды. Бір замандары киелі жерін басып жүрсе, қазір жер бесікте мәңгі тербетіліп жатыр. Арынғазы Жайықты жырлағанда арқаланып кетеді: «Исатай менен Махамбет батыр егеулі найза қолға алып, Жорыққа шықты, ақ Жайық, сенен бата алып», дейді бір тұста. Бұл ақиқат сөз. Оның бойында да бір батырлықтың белгісі бар еді. Қызып кеткенде көзі оттай жанып,  жалындай лапылдап, ойын дәлелдеп шығатын. Мына кітабында сол мінез менмұндалап тұр. Өзі кеткенмен сөзі қалды, бұған да тәубе! Арынғазы Мырзағалиевтің арамыздан кеткеніне бес жылдан асып барады. Адал да ақжарқын досымыздың жарқын бейнесін еске ала отырып, Атырау облысы мен өзі туып-өскен, мектеп-интернатынан түлеп ұшқан Махамбет ауданының басшыларына Махамбет кентінің бір көшесіне белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Арынғазы Мырзағалиұлының атын беру жөніндегі өтінішпен қайырылғымыз келеді. Ержұман СМАЙЫЛ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қуаныш ЖИЕНБАЙ, Сүлеймен МӘМЕТ, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегерлері