Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз» деуіне нақты негіз бар. Себебі, біздер – қазақстандықтар, оның ішінде мәдениет пен өнер саласының өкілдері еліміз егемендік алған күннен бері, Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауын үзбей оқып, өмірде ұстанып келеміз.
Көшбасшымыздың сындарлы саясатының арқасында ертеңімізге деген нық сеніммен еңсемізді биік ұстап, дамыған елу елдің қатарына қосылдық. Әлем алдындағы бүгінгі абыройымыз ел болып атқарған қыруар игі амалдарымыз бен еңбектеріміздің, жұдырықтай жұмылып жасаған жұмыстарымыздың айқын нәтижесі деп білеміз. «Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде қай саланы алып қарасақ та, мақтан мен абырой көрініс беретін жемісіміз бен жеңістеріміз баршылық.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы жылғы жасаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы алға қойылған өзекті мәселелер мен тақырыптар қызу талқыланып, халықтан лайықты қолдау табуда. Ширек ғасыр ішінде ел сенімін арқалап, оны адал ақтаған Мемлекет басшысына Қазақстан халқы тағы да үлкен сенім артып отыр! Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының қызметкерлері Жолдаудың келешекке келтірер көмегі мен пайдасын пайымдап, бір ауыздан қолдайды.
Осы жылы ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып біздің елімізде өткізілгелі отырған өте маңызды іс-шара ЭКСПО-2017 мега-жобасының біздің республикамыздың беделін әлем алдында тағы да биіктетері сөзсіз. Осы жолда бәріміз бірігіп, Елін сүйген Елбасы Жолдауының жүзеге асуы үшін және де көздеген мақсат-міндетімізге жету үшін тынбай еңбектенуге әзірміз!
Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ,
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АЛМАТЫ